Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Таңжарық пен Қойдым айтысы (3-бөлім)

Таңжарық Жолдыұлы, Қойдым Дәрубайқызы · 3 мин оқу

Тінәлінің айтуымен Қойдымды шақыртып барған баланың сөзі:

Бір ақын келген екен Найман жақтан,
Тілеңдер бәрің тілеу жалғыз хақтан.
Бекітіп өзіңді-өзің байқа Қойдым,
Шығандап шыққан екен неше топтан.
Тойға келген еліңнің отыр бәрі,
Сөзіңді шығар Қойдым ала қаптан.
Сұм қыршын озып жүрген көрінеді,
Жорғадай төрт аяғын тағалатқан.
Қаңғырған жалғыз айыл қу Қызайды,
Домалап түскендей қыл мінген аттан.
Аянбай осы жолы жүгіріп көр,
Ақылың артық еді адамзаттан.
Тінәлі жоқ пәлені тауып кепті,
Әкелді оны қайдан құдай атқан.
Шақырып үлкен-кіші жатыр бәрі,

Жүр Қойдым ұнаспайды үйде жатқан.
Бәрі жүр тілеулес боп елі-жұртың,
Абайла құлар жардан жақсы сақтан.
Шақырды Сабырбектер дегеннен соң,
Қылқылдап ақ маралдай жүрді шапшаң.

Екі қыз, екі қатын ертіп келді,
Үйден шыға шырқатып әнге салды.
Жап-жақын екі арасы ауылының,
Жиылған ел құлақ сап тыңдап қалды.

Рас па дегендерің Найман келді,
Ұқтыңдарма қандайлық жаймен келді.
Жүрмесін шпион боп құдай атып,
Жолаушы жалғыз айыл қайдан келді?
Жұмысы менде болса сөйлесейін,
Басқа жұрт қоя тұршы пайдаңды енді.
Мені іздеп жүргені рас болса,
Көрейін мен де барып Найманды енді...

Ойланып ақын Қойдым арлы-берлі,
Қақ жарып қалың топты жетіп келді.
«Үстіне меймандардың кірмесін» деп,
Сырт жақтан шақырушы хабар берді.

Таңжарық:

Япыр-ау, мынау өзі қандай халық,
Тиген бе, бәріне де жыннан шалық?
Қойдымды дәл осы үйге бастап кіргіз,
Шақырған мен емес пе қолқа салып.
Көрелік, айтысалық қандай екен,
Кетпейміз мінгестіріп ауылға алып.
Сол сөзбен Қойдым үйге кіріп келді,
Дидары судан шыққан күміс балық.
Қыпша бел, қызыл шырай, қиғаш қасты,
Жыққанның арманы жоқ іштен шалып.

Бұраң бел, орта бойлы, кішкене аяқ,
Болады Қойдымдай жан некен-саяқ.
Адамды тартып алар лебізі бар,
Бетіне тамағыңды барсаң таяп.
Тигізбей күнге бетін, желге етін,
Өсірген тәрбиелеп үйде аялап.
Таңжарық кірген заман әнге салды,
Абайлап алды-артына қарамай-ақ.

Осы ма Қойдым ақын жұртты тыйған,
Жолына Албан елі жанын қиған.
Маржандай жылтыратып сыртын бояп,
Шытынап шыт көйлекке зорға сыйған.
Сені іздеп мен жүргелі көп жыл болды,
Өнерді шығар Қойдым ішке жиған.

Тасташы сөйлеп-сөйлеп сөзіңді енді,
Көтеріп тура қарап көзіңді енді.
Білмеймін сенің көңілің әлдекімде,
Әйтеуір бір менің көңілім өзіңде енді.
Сыртыңнан көрген адам көп мақтайды,
Мінеки, бүгін ғана көзім көрді.
Мен сені үш жыл бойы іздеп жүріп,
Келтірдім әзір ғана кезіңді енді.
Шақыртып зорға өзіңді тосқанымда,
Жай білмейтін жамандай езілме енді.

Қойдым:

Сөйлейді әр алуан мына бала,
Аптықпа а дегенде құда бала.
Сыйлайын жас баланы десемдағы,
Айдайды өзін-өзі құламаға.
Оты бар жүрегіңнің бала екенсің,
Дәм айдап келіп қапсың бұл араға.
Менімен сендей бала тең келмейді,
Шықса да басы биік мұнараға.

Сен тұрмақ әкеңдейді көрген Қойдым,
Пәлені неше алуан терген Қойдым.
Сен түгіл сенен зорғы беттемеген,
Атқаны жаза баспас мерген Қойдым.
Той болса жорға мініп, торқа киіп,
Соңынан тоқсан жігіт ерген Қойдым.

Келдіңбе жеңемін деп сорлы Қызай,
Сүрінбей отыз бірге келген Қойдым.
Бәйгеде сан жүйрікпен жарысқанда,
Адымдап арынменен желген Қойдым.
Бар болса іште өнерің шығар қалқам,
Қайыспас қабырғасы көнген Қойдым.
Ілінген қақпаныма сендей нешеу,
Табанды, өзіне-өзі сенген Қойдым.
Бәйгені сен аларсың десің болса,
Қашпаймын бірің тұрмақ бесің болса.
Бәйге алған жалғыз жүріп неңді алған,
Тоқтай қал осы сөзбен есің болса.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз