Таңжарық пен Қойдым айтысы (2-бөлім)
Таңжарық Жолдыұлы, Қойдым Дәрубайқызы · 2 мин оқу
Бір бала Қызай жақтан келіпті деп,
Бұл хабар Қойдымға да барды тарап.
Сәрсенбі қай уақытта келеді деп,
Тәкең де жаңылмастан жүрді санап.
Сәрсенбі келді таңы жарық болып,
Қуанып тұрды Тәкең қарық болып.
Қойдыммен айтысамын деген оймен,
Жүрген кез Қарқараға барып қонып.
Барғалы неше заман өтіп кетті,
Өзі де кетті жүдеп арық болып.
Шақырып тойға хабар жетіп келді,
Қай мезгіл екендігі анық болып.
Той болған жерге аттанды түске жуық,
Ауылына жатпақ болы барып қонып.
Аттанып әуен сала дүрілдетіп,
Жөнелдік бір сыпыра халық болып.
Қасына Ысқақ досын ертіп алып,
Қойдымға жолығарға көңілі толып.
Иншалла, Қойдым бүгін түсер қолға,
Кетсе де су түбіне балық болып.
Ән салып Қарқараның даласынан,
Жөнелді Үшқақпаның қаласынан.
Сымайыл, Ысқақ досы, Оразалы,
Бұлардың қыл өтпейді арасынан.
Қойыпты бұрын бізге орын жайлап,
Босатып бір үй тігіп қойған сайлап.
Қойдымның ақ дидарын бір көре алмай,
Әлі жүр ақын Тәкең бармақ шайнап.
Екі үйге елден бұрын толды ұрғашы,
Ішінен көре алмадым өңді ұрғашы.
Дыбырлап кіріп-шығып үй сығалап,
Қасқыр көрген ешкідей болды ұрғашы.
Болған жоқ бұлар әлі шәйін ішіп,
Әр шайтан Таңжарықты отыр қысып.
Мойнын созып есікке қарап қойып,
Денесі бірде суып, бірде қызып.
Қойдым үйге әліге келмеген соң,
Барады көңіл албырт, аузы қышып.
Тінәлі айғай салды домбыра алып,
Үндемей отыруға іші пісіп.
Таңжарық мұнда келдің ақын болып,
Кетесің айғай шықса аттай желіп.
Үлкенді аға, кішіні іні қылдың,
Лақты үйреткендей қойға теліп.
Қойдымға бүгін кешке жолығарсың,
Өзіңе келген болсаң өзің сеніп.
Сен түгіл біз разы болар едік,
Қойдымды бүгін түнде жеңсең беріп.
Әуелі жәйін саған ұқтырайын,
Жағдайын біраз ғана сөйлеп беріп.
Алдымен қабырғаңмен кеңесіп көр,
Ойланып өзіңді-өзің байқап көріп.
Баланы сендей неше көрген Қойдым,
Бір ауыз айтқан сөзден пәле теріп.
Келгенше отыз бірге мүдірген жоқ,
Албанның жігіттері шықты жеріп.
Қарағым, арманда боп жасып қайтпа,
Елірткен надандардың тіліне еріп.
Егерде сөйлесуге ынтаң соқса,
Жар болсын Қызай анаң жәрдем беріп.
Бұл сөзді Тіке аға, айтпа маған,
Байқарсың істің артын болсаң аман.
Қойдым қиын болғаны маған жақсы,
Ер болсын дұшпаның да деген заман.
Көңілімді неге бүйтіп қайтарасың,
Бұл жерге әдейі іздеп келсем соған.
Сен болсаң бар сенгенім батыр Тіке,
Сөзіңіз тұра тұрсын кейін таман.
Келгенім әдейі іздеп Қойдым болса,
Қайтқаным бір сөйлеспей нәмге жаман.
Бұл сөзді тоқтат Тіке, ондай болса,
Көп айтсаң ашуланып оттай жанам.
Қойдымға шақ келмейді жігіт дейсің,
Бұл сөзге мен ер туғам, қайтсем нанам.
Болмаса бір байталдық ел көрмеймін,
Жалғыз-ақ жәрдем болсын Қызай анам.
Қойдымды тойға бармас бір қылайын,
Иншалла, сүйей берсе жалғыз панам.
Сол болса тоқтат Тіке айтқан сөзің,
Қойдымды шақыртып кел әуел өзің.
Айтысар-айтыспасты сонан байқа,
Әуелі сөйлесетін келтір кезін.
Япыр-ау, қой дегенің не деген сөз,
Сол үшін тосып жүрсем үш жыл өзім.
Ай Тіке, неге келдің осы жаққа,
Ұлым деп анам тапқан шыдамаққа.
Қойдымды сөйлестіріп көрмейсіз бе,
Айтқанша әрбір сөзді сынамаққа.