Досбер мен Алтын айтысы (1-бөлім)
Досбер Саурықұлы, Алтын · 3 мин оқу
Таяған жас жетпіске кезім еді,
Жегжаттап Текес бардым кезіп елді.
Жер еді ерте кезде жүрген талай,
Сағынып қалған екем өзім де енді.
Талай жыл тұсау түсті аяғыма,
Күңгірттеп көлеңкедей сезім енді.
Сергідім кәрі боздай күн қақтаған,
Көк жайлау, кең өлкеде көріп елді.
Сақан деген бір жүйрік құрбым бар-ды,
Меруерт-лағыл төгілген сөзінде енді.
«Айтыссаң, өлеңіңді тыңдасақ», - деп,
Жанды қоймай қолқалап қызынды енді.
Табылмаса әріптес, кемпірім бар,
Қайсы өлеңді айтсаң да төзімді енді.
Тарихта қалсын асыл сөзің , - деді,
Көзіміз тірі тұрған кезінде енді.
Сонымен қошаметтеп кәрі-жастар,
Дүрілдеді сол жердің өзінде енді.
Сол кезде сөз тастадым ақындарға,
Кәнеки, айтысатын ақын бар ма?
Ал енді заула, Досбер кәрі боздай,
Кәрілік кетпейтұғын дәтің бар ма!?
Шаңыңа жел ілеспес жүйрік едің,
Адамға өлең білмес жақын барма.
Кім келсе өзіне-өзі сеніп келсін,
Сөзіме сөз таба алмай ғапыл қалма.
Жеңсем маған қоятын шарты қандай?
Мен жеңсем, тиетұғын қатын бар ма?
Өзі өлеңші және егде жесір болсын,
Байы бармен айтысар ақын барма?
Сақан, аты әйелдің Алтын – деді,
Лайық осы сізге ақын, - деді.
Жеңсең бердік, алып кет осы әйелді,
Алтынға бар сен қойған шартың – деді.
Жасынан кісі көңілін қалдырмаған,
Мінезі жайма-шуақ жарқын – деді.
Жалықпай шайқасыңдар бір-екі күн,
Ақынның біз байқайық парқын – деді.
Дегендерің осы ма ақын келсін,
Бұлданар жұрт алдында ақын несін.
Сөзбенен ары-бері ырғасалық,
Шабысын қос тарланның халқым көрсін.
«Жақсыны көрмек үшін» дегендейін,
Кәнеки, көп бәлсінбей Алтын келсін.
Тексеріп тереңінен екі жақты,
Өлеңнің естіген ел нарқын көрсін.
Уағында тоқтам етіп айтысқан соң,
Кім жеңіп, кім жеңілер артын көрсін.
Бәйгеден кім келеді, кім қалады,
Көпшілік артындағы шартын көрсін.
Бұл дағы бір ғажайып ерекшелік,
Бір-бірін жеңіп алған салтын көрсін.
Сонымен бұл өлеңге Алтын келді,
Алтынның жарқын жүзін қартың көрді.
Кезіктік қартайғанда бір сынаққа,
Ал, Досбер, болса өнерің тартынба енді.
Жеңіп кетсе бір ұят бола ма деп,
Ойға кетіп отырмын бір түрлі енді.
Амандасып жай сөзбен шай ішкенше,
Бірін-бірі бағалап нарқын көрді.
«Айтысын кемпір мен шал естиміз» - деп,
Анталап тұс-тұс жақтан халқым келді.
Сасқандай болдым біраз осы арада,
Ән таппай өлең бастап айтуға енді.
Сасқанмен бола ма енді айтыспасқа,
Мүмкін бе, айтқаннан соң қайтуға енді.
Елудің ішіндегі кемпір екен,
Саркідір бір әйел бар қасында енді.
Түлкіні алтайы қызыл көріп ұшқан,
Қырандай қарт ақының талпынды енді.
«Бұл өзі бір тамаша іс болды» - деп,
Сөзден сөз туып жатыр әр түрлі енді.
Әнші жігіт, сауықшыл шал қасымда,
Байқасам алапатым артылды енді.
Отырған хан көтеріп кәрі мен жас,
Қадірлі шал екен деп нарқын берді.
Олар мені келгеннен байқап отыр,
Қарт ақынның салған ән, салтын көрді.
Ет жүректі ол дағы жан емес пе,
Ал дегенде түйткілсіп тартынды енді.
Досбер:
Ендеше, рұқсат па, халқым маған,
Өлеңмен жарысуға Алтынменен.
Алайық ал дегенде амандасып,
Құлақ сал сөз тексеріп, ән тыңдаған.
Келдің бе, есен-аман, жарқын қарғам,
Бола ма бүркіт қыран талпынбаған.
Жүзіңді міне көріп дидарластым,
Сыртыңнан деп естуші ем айтулы адам.
Өрт тілді, өр көкірек дейді халқың,
Айтуға тура сөзді тартынбаған,
Шақырдық соның үшін үмітпенен,
Ақ көңіл адам дейді аңқылдаған.
Атыңды естіп айтысуға болдым құмар,
Ақындық ерекшелік салтым маған.