Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ғазиза мен Мұрсан айтысы

Ғазиза, Мұрсан · 3 мин оқу

Алтайда төңкерістің болған кезі,
Бір еркек, бір әйелдің айтқан сөзі.
Көп барған жортуылға жігіт екен,
Әйелге кез келіпті ақыр өзі.

Ғазиза:

Батырым неге жүрсің моңғұл бармай,
Моңғұлдың қуып тағы малын алмай.
Саулықтың тісін ашып көрмеймісің,
Жасын алып, іріктеп кәрісін алмай.

Қай жаққа барып келдің айтшы батыр?
Моңғұлдің малы қалың тегін жатыр.
Қайрап ап қылышыңды әке барып,
Жаудың малы қашанда жасық татыр.

Еркек қой жүнін басып соймаймысың,
Моңғұлдың қарсылығын жоймаймысың.
Әкеңді өлтірген жоқ олда халық,
Есірмей мал шапқанды қоймаймысың.

Мұрсан:

Сен бе едің моңғұл малын сұрайтұғын,
Жүлде алып мансабыңды бұлдайтұғын.
Мен алсам батырлықпен мал бұладым,
Мен емес өзінің көтін ұрлайтұғын.
Тілі ащы, шайпау мінез, бейбастақты,
Қамшы бар сартылдатып жөндейтұғын.
Жүлде деп білерге сый алып келсем,
Олар да мені бұрын қолдайтұғын.
Моңғұлдың малын алдым сенің нең бар,
Сол құрлым сөзін сөйлеп боздайтұғын.

Ғазиза:

Жол болсын жортуылға шапқан ерлер,
Жүлде алып қабырғасын жапқан ерлер.
Бейуақ тыныш жатқан малды қуып,
Еңбексіз арзан пайда тапқан ерлер.

Не пайда, не залалды ойламаған,
Жасынан жын мен шайтан қаққан ерлер.
«Бұлаңшы ұры қазақ» атандырып,
Намысты боқшылыққа сатқан ерлер.

Бар болсын жортуылың, ел бүлдірдің,
Жат жұртқа таныспаған сыр білдірдің.
Қарадай қасқыр соғып жүруші едің,
Айропылан келгенде не бітірдің?

Қобдадан жылқы қуып айдап алдың,
Найза саптап, қылышыңды қайрап алдың.
Қарсыласып қаша алмай тұрарың бар.
Аузына неге бардың айдаһардың?
Жайында батырсынып жүруші едің,
Келгенде айропылан қайда қалдың?

Мұрсан:

Сен бе едің тиятұғын табысымды,
Мен сенен үйренбеймін алысуды.
Қобдада моңғұлдардың қорлығы өтті,
Жібермей алысамын намысымды.
Азамат үйде жоқта елді шауып,
Қазақтың қырғын көріп, сағы сынды.
Әркімге де бір зауал дегендейін,
Моңғұл өзі туғызған алысуды.

Ғазиза:

Әуелі жортуылға Қобда бардың,
Мал қуып неше дүркін олжа алдың.
Тым болмаса бір жақпен тату тұрмай,
Желігіп тұра шауып Боғда бардың.
Боғдаға барған жерде қолға түсіп,
Талайың шерменде боп сонда қалдың.
Әкелдің сонан кейін айропылан,
Әкесін енді көрдің жондағанның.
Ұрлықтан байығаның құрып қалсын,
Кетірдің берекесін қолда бардың.
«Жамандықтан кесапат» деген екен,
Кітабында айтатын молдалардың.

Мұрсан:

Жеңеше-ау, жан екенсің сөзге тұнық,
Әр жерде табылады мұндай қылық.
Бар болса ел тоқтатқан қадыл ұлық,
Болмайды ел іші ала-бүлік.
Бұл кесел бізден де бар, биден де бар,
Не болса да болып кетті қара құрық.

Ғазиза:

Жортуылшы батырым, бүлдіргішім,
Өтірік айтып ел шапқан бұл қылмысың.
Өзің қылған ұрлықты биден көріп,
Қарашы сөзінің бұл зіп-зілдісін.
Құтырып тым еліріп кетіп едің,
Көрсетті бір сағатта моңғұл күшін.
Моңғұл деген олдағы өнерлі жұрт,
Неге тиянақ болады қылжыр күшің.
Әлің келмес істерге әлектеніп,
Елірген елеуреп бір жындысың.

Батырмын, мықтымын деп түйе аласың,
Мылтықтың жүлдесіне бие аласың.
Ұсақ-түйек жолдасқа олжа бермей,
Тоздырдың ұсақ даумен ел арасын.
Мініңді бойыңдағы түгел айтсам,
Жер шұқып төмен қарап ұяласың.
Мініңді айтпасам да болмай қалды,
Таупиық жүрегіңе ұяласын.

Мұрсан:

Жеңеше-ау, жан екенсің сөзге өктем,
Шектедің батырларды жол жүрістен.
Көп қозғап өткен істі не қылайын,
Жиырма екінші жылдағы төңкерістен.

Ғазиза:

Рақмет бәрекелді бұл туысыма,
Зорлықпен мал түсірген уысыңа.
Келгенде айропылан қайда қалдың,
Еніп кете жаздадың «қуысыма».
Жайын жатқан барысқа өзің жолап,
Зар болдың ата мекен қонысыңа.

Келгенде айропылан жалтақтадың,
Жартасқа шыға қашып жан сақтадың.
Жуандап бар олжаны алып өзің,
Сия алмай киіміңе талтақтадың.
Қырғызып бейуазды бостан-босқа,
Құрсын бүйтіп жүріп мал тапқаның.

Мұрсан:

Жүйесі келген сөзге күштемедім,
Ат қып мінген сөзіңді түс демедім.
Мінімді бойымдағы түгел айттың,
Жеңеше-ау, тәубе қылдым істемедім.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз