Досбер мен Алтын айтысы (2-бөлім)
Досбер Саурықұлы, Алтын · 3 мин оқу
Бәйгеге екеуімізді қосқалы отыр,
Тартынбай жақын отыр, Алтын маған.
Алтын:
Етесіз неден үміт ал дегенде,
Қарамай амандасу заң дегенге.
Алайық амандасып алдыменен,
Салмаңыз аңғалдықпен дәндегенге.
Мен дағы құмартушы ем сыртыңыздан,
Білімді жастан артық шал дегенге.
Тимепті өз елінен, жесір әйел,
Қайран ер бір кемпірге зар дегенге.
Бұл елден нәсіп болып әйел тапсаң,
Көнесіз бе, осында қал дегенге.
Ел айтса иланармыз өлеңменен,
Әйелді қара басты ал дегенге.
Досбер:
Араға жүрмеп пе еді басында адам,
Келгенде бар емес пе қасыңда адам.
Айтысқанда жеңілсем тием депсің,
Соныңды айтып келген жансыз маған.
Сол үшін қан майданға түстік міне,
Мен саған бейберекет асылмағам.
Уағданы беріп алып тайсақтама,
Қайтпайды айтқанынан асыл адам.
Қоймаймын бұлтағыңа кез келген соң,
Аламын жеңіп кетсем бәсің бар жан.
Сөзімді а дегеннен неге айтпаймын,
Қыз емессің бір гүлің ашылмаған.
Ежелден бұрмай сөзді тура айтамын,
Басымнан бұлтақ сөзді асырмағам.
Жөн сөйле онандағы, жөніңе кел,
Халық тұр қойдай шулап ащылаған.
Мақсатты айтпау тура ма, ойлашы өзің,
Білімсіз сен емессің жасық адам.
Кезіксе аңдып келіп кезең жерден,
Қазды алдырмай тұра ма қаршыға алған.
Сол секілді әрнеге кезі келсе,
Қалайша пікірді айтпай жан шыдаған.
Алдыға ал дегеннен шыға салмай,
Бола ма жүйрік-жүйрік қамшылаған.
Көрген соң айтар сөзді айтып салмай,
Мәні не кібіртік сөз қалтқылаған.
Көпке айтпай көңілдегі көмбе сөзді,
Не керек перделі сөз салт қып алған.
Алтын:
Көп еді айтар сөзім саған деген,
Жақпай тұр қайсы сөзім жағар деген.
Құмартқан шал екенсің кемпір көрсең,
Әй-шәй жоқ көре сала алам деген.
Елімнің ардақтаған жүйрігімін,
Бәйгеге ұлы жиын салам деген.
Жарысса кәрі түгіл түгел келсін,
Ойым жоқ сан жүйріктен қалам деген.
Құландай шапса шаңын көрсетпеген,
Шаң жұқпас шашасына таған кер ем.
Айтысып сөздің нарқын білмей жатып,
Деген кім мені билеп саған берем?
«Жеңіп ал айтыста өзің» - деген шығар,
Соған да нана ма екен адам деген.
Досбер:
Жеңілсем сен емес пе ең барам деген,
Мен едім сені жеңіп алам деген.
Не жеңіп, не жеңілмей келе салып,
Жөн бе екен уағдадан танам деген.
Бұл елдің сіз болсаңыз таған кері,
Шыдайды шын егессе ердің ері.
Мен – Досбер, сен – Алтынсың аты шулы,
Кәнеки, жарысалық ары-бері.
Қисынын қима сөздің келтіріп айт,
Болады өлеңнің де оқа-зері.
Дәмі жоқ құр айғаймен әрленбес сөз,
Бекерге зая болар ақыл кені.
Адымын сан жүйріктің қысқартқамын,
Талайдың зая болған арам тері.
Не жеңіп, не жеңілмей сеніменен,
Көңілдің тарқамайды құмар-шері.
Жеңілсем тиемін деп қолыңды қой,
Халықтың куә болсын келгендері.
Елімнен келгемін жоқ кемпір таппай,
Жасы да тием деп жүр сенен гөрі.
Шамам бар шал да болсам егде әйелдік,
Таяды Алтын қолға келер жері.
Үйірден кәрі биені қуып тастар,
Байталды ап қысырақтың дөнендері.
Есіңде осы сөзім болсын Алтын,
Егерде жас таңдасаң менен гөрі.
Алтын:
Оңай ма, қатын алмақ өлеңменен,
Кім мені өлеңге ұстап берем деген?!
Аптықпа ал дегенде албырт жиен,
Бола ма кәрі ат бірдей дөненменен.
Бола ма ақын-ақын ал дегенде,
Секілді бәйге атындай жөнелмеген.
Асықпай пікіріңді жайымен айт,
Жүрегім жайсыз сөзге кенелмеген.
Мен дағы сіз секілді сөз құмар ем,
Құлағым өлең десе елеңдеген.
Атағым ардақталған Алтын едім,
Талайды сөзбен буған кереңдеген.
Сыртыңнан атағыңды естуші едім,
Ойда жоқ дидарласып көрем деген.
Қорықпа ұстап алып қалады деп,
Келгенше мұнша жасқа не көрмеп ең.
Бұл рет не аларсыз, не қаларсыз,
Кәнеки, байқасалық өлеңменен.
Сөзге сөз таба алмасам мен даярмын,
Жеңілсең қашып кетпе кемерменен.
Қалуға жеңілсеңіз тәуекел де,
Не кетіп ер басына, не келмеген.
Жеңерді, жеңілерді құдай білер,
Шынайы ер тәуекелден бөгелмеген.