Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Досбер мен Алтын айтысы (5-бөлім)

Досбер Саурықұлы, Алтын · 2 мин оқу

Алтын:

Өзің біл көнбесеңіз мал бағуға,
Менің де жағдайым жоқ шал бағуға.
Қайтемін мал бақпасаң сізді бағып,
Шалсыз-ақ шамам келер жан бағуға.
Алтынға мал бақпасаң асылды тап,
Тимеймін құр айғайға салғаныңа.
Ал дегеннен өлең мен сөзі арзан,
Біреудің үміттенбе жар бағына.
Білімді болсаң егер, ой көзімен,
Сөзімнің байқап қара жан-жағына.
Алтынды алтынменен бояп ап кет,
Кәнеки, шамаң бар ма қамдануға.
Мал бақпасаң немесе түк таппасаң,
Алтынды ұстай алмай қалғаның да.
Кәрі түгіл жастың да нешелері,
Шыдамай қашып кеткен зардабыма.

Түлкі едім алтайы қызыл қыран батпас,
Маралмын қалыңдағы мерген атпас.
Сандуғаш, құс болғанда бұлбұл едім,
Сайрасам күндіз-түні толас таппас.
Мысалы, аң болғанда құлан едім,
Салқыннан мекен алып, сазда жатпас.
Ішінде дарияның құндыз едім,
Тұнықтан жүзіп шығар, лай татпас.

Досбер:

Бүркітпін, түлкі болсаң қанды балақ,
Алыссаң алып ұрам қарға уалап.
Түлкіні ебін тауып қыран алса,
Жанына байланады қанжығалап.
Қалыңда қашып жүрген марал болсаң,
Атамын өлеңменен дәл сығалап.

Мысалы, жер тағысы құлан болсаң,
Тұлпардан құтылмайсың қуар болсам.
Жаралған соның бәрі адам үшін,
Білімнен не озады ұғар болсаң.

Шаң жұқпас жүйрік болсаң шашасына,
Сайрамай бұлбұл болсаң жатасың ба?
Аяма кім болсаң да өнеріңді,
Мен жеңсем түсіремін қапасыма.
Адамнан құтылатын хайуан бар ма,
Түсініп сөздің дәмін татасың ба?
Әуейшіл жігіттермен әуен қосып,
Ақынның жолықпайсың атасына.

Судағы құндыз болсаң салдым қармақ,
Өлеңді, өнерді де Алтынға арнап.
Сасқанда аң да болма, құс та болма,
Онан да айтысалық сөзді талдап.
Сен емес жаза басар аңғал ақын,
Дәндепсің түлкі сөзбен талайды алдап.
Түлкімін деп сестеніп мақтанасың,
Осының өзі ойлашы, қалай дарбақ?
Жер соқтырып дәндепсің жас ақыннан,
Мен сені алып ұшам төстен самғап.
Құйрығын бұлғақтатып қу түлкінің,
Кетуі оңай емес қыранды алдап.
Түсерсің сол секілді біздің қолға,
Әуелде жазса құдай маған арнап.

Алтын:

Ел күлер екеуіміз жамандассақ,
Бола ма өлеңменен араздассақ.
Мұнымыз өлең емес, қатын керіс,
Қайтеді жақсы сөзге қадам бассақ.
Сен – кәрісің, кәріге мен – дәрімін,
Ұят қой үлгілі сөз таба алмасақ.
Ақындық атымызға дақ түспей ме,
Күдірі көп қырменен шаба алмасақ.
Жарай ма, жарамды сөз сөйлеп беріп,
Алғысын көпшіліктің ала алмасақ.
Аяғы мұнымыздың неге соғар,
Айырылмай алғы сөзден табандасақ.

Досбер:

Сырыңды айтқызуға қытықтаймын,
Иіріп бостығыңды пысықтаймын.
Бойыңда шықпай жүрген қырсығың бар,
Өлеңнің өкпесімен ұшықтаймын.
Ежелден жалған сөзге жаным қарсы,
Шындықтың ауласынан бір шықпаймын.

Өлеңнің болмас Алтын, өрелгісі,
Артылмас қара өлеңге сенен кісі.
Сөзге сөз айтқанда табандайтын,
Бұрынғы ақындардың жөрелгісі.
Айтысқан жас жігіттер мақтаған соң,
Дейсің ғой артық емес менен кісі.

Алаяқ жолықпапсың ақ табанға,
Бола ма жаман-жақсы мақтағанға.
Көңілің көрінгенге ауып кеткен,
Жалынып-жалбарынып қақсағанға.
Адамды наданменен парықтағын,
Жын-шайтан жоламайды жақсы адамға.
«Сүйгенін шұнағым дер» дегендейін,
Мен сені теңемеймін басқа адамға.
Не жасып, не болмаса сасып қалма,
Шын сөздің бетін ашып тастағанға.
Түрткілеп қитығыма өзің тидің,
Ең алғаш әңгімені бастағанда.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз