Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Таңжарық пен Ұлжалғас айтысы (2-бөлім)

Таңжарық Жолдыұлы, Ұлжалғас · 2 мин оқу

Бір жақтан Нұралы да жетіп келіп,
Қасыма жолдастыққа болды серік.
Жиылған екі үйдегі өлеңшілер,
Қуанды қошаметтеп бәрі келіп.
«Ер Тәке келіп қапсың құдай айдап,
Бір қатын зәрені алды тілді байлап.
Дәп қазір Әлекенмен айтысуда,
Әлекен әрең отыр көзі жайнап.
Тақады Әлекенді осы күнде,
Бурадай жіберердей оны шайнап».

Таңжарық:

Әлекен аманбысың, қалың қандай,
Болыпсың бүгін жының алынғандай.
Майын бер бүгін маған байталыңның,
Алыстан келіп едім сарылғандай.
Шыдамай бір байталдың зардабына,
Болыпсың қара суға малынғандай.
Баяғы зор дауысқа бір көтеріп,
Қылайын ет жүрегі жарылғандай.
Ес-түсін шығарайын түрегелші,
Қызып тұрған темірге қарылғандай.
Жел сөзді желкесінен шығарайын,
Көк қияқ шалғы тиіп оралғандай.

Салды айғай шоқпар қатын сонда шұлғып,
Көтеріп өзін-өзі сонша пұл ғып.
Қояды көтеріліп анда-санда,
Бүркіттей жұтатұғын бірақ қылғып.

Ұлжалғас:

Ей бала, тапқан болса шешең ұл ғып,
Менімен айтысып көр өзеуреніп.
Айтқанымды қылам деп арындайсың,
Бүркіттей алатұғын түстен төніп.
Ей бала сонша неге өзеуредің,
Сөзіңе көріп пе еді кісі көніп.
Келсе де қырық жігіт парыменен,
Жел сөзге кетуші едім аттай желіп.
Жүргенде Жетісуда а дариға-ай,
Сендейді кетуші едім қазбай көміп.
Ән шырқап бір заманда жүрген кезде,
Таңырқап қалушы еді шалдары өліп.
Ұмыт боп жаз өткендей күзі қалып,
Жүректен кемігендей өтті сөніп.

Кеудеңді көтересің неге сүйреп,
Онан да Әлекенге өлең үйрет.
Намыстанып теріңе симай келсең,
Қиналған бауырыңның жағын күйрет.
Ермек қып еріккенде отырмасам,
Мұндайды кетуші едім бір-ақ илеп.
Еріккен сен немені кім жіберді,
Келесің көзіңе ілмей баса билеп.

Өнерді үйреніп ең қай жасыңда,
Күн өтсе тіпті тұрмас ай басында.
Өлеңге өзімнен бай еш адам жоқ,
Алған ба кедей теңдік бай қасында.
Өзіңше сес көрсетіп сескендірме,
Сан бала қалып жүрген сай басында.
Баланы сендей небір көрген тәтең,
Шырағым, тоқта осымен қой басынба.
Байқасам бағанадан қылжақтайсың,
Сен мемен қылжақтайтын бажасың ба.
Көзіңді ашып қара танимысың,
Немене түстік етке тойғансың ба?

Таңжарық:

Таңжарық салды сонда айғайына,
Келген соң салатұғын ыңғайына.
Жөнелді қызған сайын аспанға өрлеп,
Батқан соң қатын сөзі шымбайына.

Әлекен, маған берші шоқпарыңды,
Бір түнше бүлдірейін топтарыңды.
Жүріпсің сен ие боп еркелетіп,
Мен іздеп таппай жүрген сотқарымды.
Жерінен жан шығатын неге атпайсың,
Қойғанша аралатып боқ қарынды.
Дәрісін әлсіз салып, осал нығап,
Жасапсың кемпір өлмес оқтарыңды.
Екеуі біздің қолға тиген заман,
Көрерсің ителгідей соққанымды.

Жорға едім құлынымнан желмейтұғын,
Шарбақта күн тимеген желмейтұғын.
Сөзімді сырттан түйіп келген қатын,
Қасыма қадам басып келмейтұғын.
Қызға жақын, қатынға қарсы болғам,
Мінезің шорқақ екен кем жейтұғын.
Көргендей албастысын алақ қағып,
Айласы қатындардың өнбейтұғын.
Қатынды қарсы алдыма отырғызшы,
Жігіттің көрін қазып көнбейтұғын.
Жасымнан Жетісудың қатынының,
Таңжарық доқтыры еді емдейтұғын.
Болғанда сен ақ шәйнек, біз самаурын,
Самаурын ақ шәйнекті демдейтұғын.
Адасқан бағдарынан сен бөдене,
Жем болған қаршығаға көнбейтұғын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз