Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Досбер мен Алтын айтысы (3-бөлім)

Досбер Саурықұлы, Алтын · 2 мин оқу

Досбер:

Жолықтым, жолаушы едім жоқтан ғайып,
Көргем жоқ қартайсам да сөзден тайып.
Сен болсаң қызыл түлкі, мен қыранмын,
Қырынан көріп ұштым қанат жайып.
Бұл серттен сен танбасаң, мен танбаймын,
Тәуекел дариясына салдым қайық.
Бірімізді-біріміз жеңіп алсақ,
Ерікті естіген ел көрмес айып.

Ал енді уағда жасап, серттеселік,
Екінші, сөз түйінін екшеселік.
Екеуміз екі жерге жалғыз жатпай,
Тасындай диірменнің беттеселік.
Құдай білер өлеңмен кім жеңерін,
Шүңкілдеспей, онан да ептеселік.

Ойлама мұны айтқанға жеңілер деп,
Сөз таппай құр айғайға елірер деп.
Бірақта алдын ала ескерткенім –
Айтыссақ қай-қайдағы терілер деп.
Сыртыңнан сенің жайың маған мәлім,
Ойлама бір жолаушы не білер деп.
Мен сенің атағыңа құмар едім,
Айтыссам сөз түйіні көрінер деп.
Мен сені басқа әйелдей ойламаймын,
Жесір ғой құр тізесін кемірер деп.
Мені де сен ойлама басқа шалдай,
Айтысып құр тұлыпқа мөңірер деп.
Шертісіп өлеңменен жеңсем алам,
Жалынып ойламаңыз емінер деп.
Алдапсың менен бұрын талай шалды,
Көз жасын ойламапсың еңірер деп.
Айтыстың майданына түскеннен соң,
Сөз тапсам аяймын ба терігер деп.
Не жеңіп, не жеңілмей бір ай жатсам,
Ойлама шаршап тағы зерігер деп.
Кәрі емес, сен секілді саркідірдің,
Талайы кісі сап жүр мені көр деп.
«Айтысып жеңіп кетсең, осыны ал» деп,
Көпшілік кездестірді сені көр деп.

Алтын:

Жасымнан сөз түйінін талдағамын,
Қырандай қырды байқап самғағамын.
Шал түгіл, жас келсе де жарысам деп,
Мен Алтын жүгірістен танбағамын.
Әр істің жалған, шынын әбден байқа,
Кім екен бүрсек шалдай алдағаным.
Сіз де жүрсіз кемпірден кемпір таңдап,
Айып па шалдан шалды таңдағаным.
Құр өлеңге сүйеніп дәмелісін,
Мен бірақ, талай шалға бармағамын.
Құшақтап қу тіземді жатқанымша,
Алланың көрейін деп арнағанын.
Не өзі, не сөзінде дәм болмаса,
Не қылам құр жалынып зарлағанын.
Жасымнан көп айтыстым ақындармен,
Өтірік, дәмсіз сөзге қанбағамын.
Наданға тигенімнен бойдақ артық,
Кезіксе бас құраймын таңдағаным.
Бір сөздің жалған, шынын байыптамай,
Біреудің өсегіне нанбағамын.

Досбер:

Еліріп айғай-шуға қағып далбақ,
Ісіңнің істеп жүрген бәрі дарбақ.
Қу ағаш жас ағашқа сүйенед деп,
Тартасың кешке жақын жастарды арбап.
Сен оған өмірлік боп ес қатпайсың,
Кетеді көп ұзамай олар да алдап.
Бөріге ит қарғысы сірә жетпес,
Қап дейсің бар болғаны күнде қарғап.

Қаласың түк қыла алмай қарғағанмен,
Келмейді бір кеткен соң зарлағанмен.
Жасың жетіп келеді жылдан-жылға,
Өзің кәрі, жас жігіт таңдағанмен.

Білмейсің келеріңді, кетеріңмен,
Кетпесін осы сөзім көкейіңнен.
Не достық, не қастық де оны өзің біл,
Мініңді ашық айтып кетейін мен.
Бүйтіп жүрсең сөзден де сүрінесің,
Алдыңнан бір ескертіп өтейін мен.

Алтын:

Секілді адам арзан ақындарға,
Тимесем зарлайтұғын ақың бар ма!?
Байға тисем, шал түгіл жас таласар,
Халыққа Алтын деген атым барда.
Албырт шал өлеңменен алам дейсің,
Бұл жақта босқа жатқан қатын бар ма!?
Шалдардың шарпу сөзін қызық көріп,
Қасыңа тимек түгіл жақындар ма?
Алтынды аптыққанмен ала алмайсың,
Аптыққан мына шалда ақыл бар ма?
Өлеңші деген сөзге өршеленіп,
Алтыннан ақыл таппай ғапыл қалма.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз