Мыңболсын мен Мәуен айтысы (3-бөлім)
Мыңболсын, Мәуен · 3 мин оқу
Қыз көре алмас жігітке бақ қонғанын,
Сені алған соң біле ме шал тоңғанын?
Шалдан үміт қып жүрген жалғыз сенсің,
Көрмедім шалға тиіп қыз оңғанын.
Мәуен:
Шешен сөйлер жиында ақылы артып,
Көп сөйлесе сиымсыз болар тантық.
Бұрынғының адамы сүйегі асыл,
Ендігінің жасынан шалым артық.
Көре алмассың, күндерсің, тарыларсың,
Шыдамасаң құса боп жарыларсың.
Алла қосты, екі ағам берді, барам,
Әзәзіл боп араға не ғыласың?
Мәлім болар жүйрікті жүгірткенде,
Жеңемін деп өлеңмен үміттенбе.
Торқа киіп, жорғаны мінгізген соң,
Шал байғұсым артық қой жігіттен де.
Мыңболсын:
Сен марқадам табарсың шалға барып,
Екі көзі қызарған, шашы ағарып.
Қу томардың қасында жүремісің,
Қуыршақтай өзіңді жасап алып.
Шал қасында жүрерсің өлмеген соң,
Жасты көрсең қысылып, тасаланып,
Бетің жауып, кигізсе тұмылдырық.
Құсалықпен өлерсің қапаланып.
Мәуен:
Ел көшкенде мінемін жорға керді,
Талғамайды жануар ылди-өрді.
Тырнағының алмаймын сынығына,
Шал да болса бағыма Алла берді.
Таңдағаным Сақыбай не қылсаң да,
Аздырам деп ойлама алдап елді.
Қырда малы, қалада қора жайы,
Маңдайына бақ берген бар құдайы.
Он бес сары, айына ақша берсе,
Сен де соның боласың бір малайы.
Күнбез деген тасболат сарайы бар,
Сенен басқа халықтың талайы ұғар.
Қырға кіре тартуға тоғанақпен,
Сендей-сендей бір қанша малайы бар.
Мен барсам ханша мен ханымдаймын,
Мұқтаж боп дүние үшін налынбаймын.
Жүремін пәуескелі күймеменен,
Тіпті де саған зар боп жалынбаймын.
Мыңболсын:
Тұрғам жоқ аздырам деп алдап елді,
Екі ағаң күңше сатып малға берді.
Шардаң қағып қарыны, бүгежектеп,
Қорасына кіргізбес барған елді.
Келіп тұр ма шынымен соған барғың,
Ол бір қу томар болғанда сен бір балғын.
Шал қасында шынымен жүремісің,
Ботасындай ойнақшып бейне нардың?
Бүкірейіп қасыңда шал жата ма,
Кескініндей қуарып қиған талдың?
Есің барда әріптес теңіңді тап,
Намысына түспей-ақ, көксау шалдың?
Сүйемісің шынымен Сақыны анық,
Месқарын жүр малына сатып алып.
Осы араға келмей-ақ сені алдырмақ,
Ел көзіне көрінбей жатып алып.
Қосақтаулы есекке сен бір қашар,
Енді Мәуен нең қалды жасырарлық?
Ағаң тұр ғой ауылыңа түгел таныс,
Есі бар саналы адам ашынарлық.
Сен оның баласының баласысың,
Ол сені тәлкек етер тамаша үшін.
Он бес қара, жүз қой алып ағаларың,
Сатып отыр нәпсінің қамбасы үшін.
Мәуенжан, жыладың ба жасың төгіп,
Басында қуаныпсың көрмей бөгіп.
Жеңгеміз орамалын бізге ұсынды,
Сіз жеңіліп біздағы қалдық кеңіп.
Қуанды біз жақтағы жастар күліп,
Бір жерде ақын қызды екі жеңіп.
Жеңілді Мәуен қыз да баудай түсіп,
Бір демде аурудай қалды семіп.
Сүйеніп тізесіне жеңгесінің,
«Менде Алланың жаратқан пендесімін».
Деп тілек қып еңіреп жылап жатыр,
Өз алдыма шықса деп дербес үнім....
Өлең бітті сонымен той таралып,
Талай жанға іс болды ой саларлық.
Сол түнде ашуланып ағалары,
Қалың малды десті ертең қайтаралық.
Сөз таба алмай ақын қыз жеңілмеді,
Деген арман сақы шал теңім бе еді?
Әркім сатты баласын мал орнына,
Тойса болды өзінің кеңірдегі.
Теңін тауып тезекті біреуге теру,
Әрбір жастың арманы көңілдегі.
Келелі, келісті өлең емес, жастар,
Бір оқиға боп өткен кезіндегі.
Көзі көрген, ақиқат іс күні кеше,
Елі түгел білетін Мәуен десе.
Барыпты деп естідім ақыр соған,
Мықты боп байдың күші бермей есе.