Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мыңболсын мен Мәуен айтысы (1-бөлім)

Мыңболсын, Мәуен · 2 мин оқу

Мыңболсын:

Бұл жерге жиналысты өңшең жастар,
Сайраған бұлбұл құстай нелер жас бар.
Бәйгеге баптап қосқан саңлақтардай,
Оза алса бірін-бірі артқа тастар.

Естиік құдашалар әуеніңді,
Шығаршы сандуғаштай әдемі үнді.
Басқарған өлең тойды құда бала,
Әкелші аты шыққан Мәуеніңді.

Мәуен:

Жиылған үлкен-кіші тамашаға,
Болады әркім жүйрік оңашада.
Шақырған соң қасына біз баралық,
Құда жалғыз отырса жараса ма?!

Мыңболсын:

Ауылым Қарасу да емес жырақ,
Қызыққан тойға келдім жолаушылап.
Төрт болып екі көзім отыр едім,
Құдайдан жатсам-тұрсам сізді сұрап.

Мәуен:

Ауылым жоғарыда – Емілдемін,
Жуықта, тойға жақын өңірдемін.
Құдайға мың шүкірлік мен де қылдым,
Табылып іздегенім, көңілдегім.
Жүр едім айтысатын теңім таппай,
Болса екен түсім болмай өңімдегім.

Мыңболсын:

Құдаша, саңқылдаған үнің ашық,
Өлеңмен құрметтеймін шашу шашып.
Сыпайы сөз, сүйкімді әуеніңмен,
Күй шерттің жүрегімнен перне басып.
Болғанда көзден таса сағынармын,
Батқандай шыққан күнім таудан асып.
Түсіңе кіргеніме көп күн болды,
Өзіңмен, міне отырмын дидарласып.

Мәуен:

Ән салдың ақ алмастай жыр ұсынып,
Қалғандай жасықтардың қыры сынып.
Қайткенде тамашаға жарасады,
Алдыңнан тарту тартсам гүл ұсынып.
Ән мен күй тойдың сәні өлең мен жыр,
Сіз бен біз шырқатайық тік ұшырып.
Жүрегім сізді көріп тулады аттай,
Бір тоңып, қуанғаннан бір ысынып.

Жаратқан құдай артық затым Арғын,
Келеді сөзі нәрлі заты бардың.
Топ жарған Тобықтымын ел ішінде,
Бар шығар құлағында ақындардың.

Мыңболсын:

Затым Найман, бергі атам Қаракерей,
Ата білмек жігітке үлкен мерей.
Бес Байыстың ішінде Сармырзалар,
Тұқымынан ер шыққан нелер егей.
Одан бері Жолымбет, Назар дейміз,
Осыларға аласың кімді теңей.

Одан бері Жанболат, Тоқабаймыз,
Ата-жөнге тікке ұшып жоталаймыз.
Мақтаныңды әкепсің үйіп-төгіп,
Салыстырмай біздағы босамаймыз.

Мәуен:

Тобықтының ішінде Ырғызбаймын,
Даңқым бар ай қасында жұлдыздаймын.
Құнанбай Орта жүзге билік айтқан,
Топшымнан оңайлықпен ұрғызбаймын.

Абайды кім білмейді алты арыста,
Ренжіме аруағың қалса алыста.
Әрі бай, әрі шешен ұрқыменен,
Найманды басып озған сан жарыста.

Құнекең, Мекке барған қажы атайым,
Ұзартып мақтанбаймын, аз айтайын.
Жүлде алған сан жиында өмір бойы,
Көрмеген бір жаңылып жазатайым.

Бекболат, Тіленшімен Алшынбайым,
Үш ата билік айтып озған дәйім.
Білесіз бе, Кеңгірбай, Бөжейлерді,
Қаратай озып шықты қарапайым.

Мыңболсын:

Үш Назар ұлы атамыз жатқан шалқып,
Бола алмас бар тобықтың одан артық.
Ұрқынан хан да шықты, би де шықты,
Қырандай еркін самғап ұшқан қалқып.

Тоқаңның ер Кегенбай тұңғыш биі,
Болған соң артық шықты артық миы.
Шерубай аға сұлтан болмады ма,
Артылып өз кезінде абыройы.
Халқына мархабатты болғаннан соң,
Жік ашпай барлық елі жүрген жиы.
Мұқату, бірін-бірі қанға бояу,
Арғынның бір-біріне қылған сыйы.

Мәуен:

Өлеңмен ұқпағандар жеңем дайді,
Адамнан ойы қораш сөз өнбейді.
Найманнан өмір бойы Арғын озған,
Арғынға сірә Найман теңкелмейді.

Сүйіндік, Жексенай мен Мұса, Шорым,
Жылқысы сан жеткісіз қара қорым.
Ежелден әрі баймын, әрі момын,
Ұрқына сән салтанат біткен порым.
Ежелден жолым да үлкен, бағым да артық,
Бұларға ойластырғын болса толым.
Олжекең Орта жүздің батыры екен,
Қиратқан дұшпанының қалың қолын.
Өлеңге Арғын асқақ ғылымменен,
Қайнайды қарсылассаң сенің сорың.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз