Мыңболсын мен Мәуен айтысы (2-бөлім)
Мыңболсын, Мәуен · 3 мин оқу
Ұраным ер Қарқабат, Алтай-Қарпық,
Оза алмас ешбір Найман одан артық.
Толқынды тасқындаған дәриядай,
Қаларсың сен қайраңдап кетсем шалқып.
Кімің бар аузыңа алып іске жарар,
Сөйлей бер шамаң келсе бәрін сарқып.
Мыңболсын:
Екі Омар, Бөкенші мен Малшынбайды,
Бұлардан ешбір Арғын артылмайды.
Сүбебай, Биұлтарақ, Қожакеңді,
Қақпайлап бірін шетке қалтырмайды.
Найманнан Шерубай мен Тана шықты,
Ойға озып, өз кезінде дана шықты.
Боранбай, Ақтайлақпен билік айтты,
Бұларға қандай адам таласыпты?
Хан Қисық, би Бөкенші, ер Тәукебай,
Кәріпжан, Серкебайлар дара шықты.
Қабанбай Қақшал жаумен жауласқанда,
Қасына ер Барақты ала шықты.
Шабынған қоңтайшымен сайысқанда,
Бұларды Арғын тұр ғой, Алаш ұқты.
Хан Қамбар, ер Ботабай, би билеуші,
Сасан би, Құрманқажы және шықты.
Еңсе би, Құлжа батыр, Бай Жантүкеш,
Қандай жан еселесіп санасыпты.
Бекбосын жүйрігіңнің аузын буып,
Съездің қалың тобын жара шықты.
Мәуен:
Мыңболсын:
Мәуенжан, кейбір жерде кеттің асып,
Тастасам ұяларсың бетін ашып.
Құнанбай да емес қой түзу адам,
Баяндайын тәппештеп аршып-аршып.
..........................................................
Қодарды кім өлтірді түйеге асып,
Сүйегін таспен атып паршалады,
Бұл істі Арғын, Найман біледі ашық.
Кім білмес Құнекеңнің айып ісін,
Жақынын малға сатқан баю үшін.
Бөжейін Кеңгірбайдың сабаймын деп,
Бөжейге қызын берген айып үшін.
Бөжейден болды дейді Тобықтылар,
Аға Сұлтан шенінен табу ісін.
Орыстың ұлығына пара беріп,
Алшынбай би болысып, араға еніп.
Сары лақ боп шалынып арамдыққа,
Сорлы сәби арада қалады өліп.
Тәкежан мен сөйлейін Абайды алып,
Абай десе біледі талай халық.
Тәкежан мен Абайды Ұлжан тапқан,
Соттасуы екеуінің талайға анық.
Бір мезгілде Тәкежан болыс еді,
Жегені Ырғызбайдың сонысы еді.
Бірін-бірі көре алмай бақкүндес боп,
Абайдың айдаулы ісі сол ісі еді.
Мәуен:
Құнекең... тіл тигізбе, құтым еді,
Талайды сан жиында ұтып еді.
Көшелік басқа өлеңге қызық үшін,
Осымен бұл сөз қалсын бітіп енді.
Тілегім, жалған емес шыным құда,
Ұқпаймын ел жағдайын сырым құда.
«Жүгірместі қыстама әлін қара»,
Деген мысал бар екен бұрынғыда.
Құдеке, мұны таста, басқаға көш,
Білгенмен сөйлесейік, білместі кеш.
Тілегім ел алдында сізге қойған,
Белгілі ғой есепте төрт пенен бес.
Мыңболсын:
Болайын менде мақұл қолқаңызға,
Араздық, қысастық жоқ ортамызда.
Бұл тойда бізді жеңіп бәйге алмайсың,
Қанша ақын топтан озған болсаңызда.
Қалыпты жиырмадан жасың асып,
Өзіңнен біздің өлең асуы ашық.
Әр жерде ат қайраты артылады,
Дүбірге жарысқанда асу асып.
Өнерің шамаласаң мәлім болды,
Қайтесің енді, жаным, қарсыласып?!
Мәуен:
Өзіңдей менде ақынды көрдім талай,
Пішкен жөн әркім киім хәлге қарай.
Сүрініп күні бүгін көрмеп едім,
Татымсыз теңім емес сендей малай.
Үстіңде киімің бар жыртық-тесік,
Қайтесің меніменен сөзге егесіп.
Сен ертең су әкеліп от жағасың,
Күйеумен жүргеніңмен бірге ілесіп.
Ауылымда ардақтымын, қадірлімін,
Қаларсың шаң ұшында кетсем есіп.
Апшыңды жездей қақтап шын қуырсам,
Кіріп кете жаздарсың жерді тесіп.
Мыңболсын:
Долдандың ба құдаша ашу қысып,
Суындың ба, әп сәтте, басында ісіп.
Еңбегіммен келемін ел қатарлы,
Алғаным жоқ бір көйлек сенен пішіп.
Болсаң әздек сатылдың неге шалға,
Сөз келтірдің өзіңе аузың қышып.
Түстің шалдың құрылған тұзағына,
Құтылам деп ойлама аспанға ұшып.