Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айнабала мен Кетпенбай айтысы (2-бөлім)

Айнабала, Кетпенбай · 2 мин оқу

Айнабала:

Кетпенбай, жас болсаң да зәңгі болдың,
Аузыңнан арақ кетпес бәңгі болдың.
Әйел көрсең аңырай жөнелесің,
Кәдімгі ұзын құлақ әңгі болдың.

Кетпенбай:

Мен сенің бұл сөзіңе ауырмаймын,
Жалғыз-ақ бір сөзіңді ауырлаймын.
Мені сен ұзын құлақ әңгі десең,
Мен сені тұралатып сауырлаймын.

Айнабала:

Ел шықпас зәңгі бала бұйрығыңнан,
Сондағы маған кәне сыйлығыңнан?
Сауырласаң санымды жұлып алмай,
Анда-санда бір тісте құйрығымнан.

Кетпенбай:

Құйрығыңды шалыңа шыжғырып бер,
Шашыңды есіп атына шылбыр ғып бер.
Бәдік өлең бұл жерде айтыспалық,
Естіген ел сөзіңді жындылық дер.

Айнабала:

Кетпенбай, сен жынды ма, мен жынды ма?
Не дегелі болады сен жындыға.
Неменеге тағамыз ол шылбырды,
Сен тұрғанда кедейлер ат мінді ме?!

Кетпенбай:

Айнабала ақынсың Қаңлыдағы,
Өзіңді талай болды аңдығалы.
Менің салған қолқама жарамайсың?
Менде бар қанша алсаң жамбы-дағы.

Айнабала:

Жамбың тамақ бола ма ашыққанда,
Кеңірдектен өсте ме асыққанда.
Қанша жамбың болса да жете алмайды,
Кіші-кірім жасалған астық саңға.

Кетпенбай:

Сені кім алып келді қайрап-қайрап,
Жібердім талай өлең саған арнап.
Оңашада қолыма түсе қалсаң,
Жұтпай тастай салар ем шайнап-шайнап.

Айнабала:

Ақыр менің сөзіме келгенің бе,
Қасқыр болып адамды жегенің бе?
Шайнап тұрып қалайша тастай салдың,
Әлгі жері дәм бұзды дегенің бе?

Кетпенбай:

Сен маған сонша неге қадаласың,
Аузыңа келгенді айтып сандаласың?!
Сөз кезегі келген соң айтып тұрмын,
Шабыңа шоқ түскендей шамданасың?

Айнабала:

Кетпенбай, таныс болдың Албанменен,
Албанды бай болмадың алғанменен.
Жақсының шарапаты деуші еді ғой,
Ісің жоқ кедей жұртта қалғанменен.

Кетпенбай:

Япыр-ай! Мына әйелдің жыны бар ма?!
Көп шиқылдар деуші еді сынық арба.
Әкесі, шешесінің бәрі тірі,
Менде оның өлгенінің құны бар ма?!

Айнабала:

Қариям үйде жатыр ер құшақтап,
Біресе зар жылайды жер құшақтап.
Тартып алған атыңның пұлы қайда,
Беріп пе едің қойыңды сен қосақтап?
Елдің зарын ұқсаң да түсінбейсің,
Халқыңа жаны ашымас сен бір шатпақ.

Кетпенбай:

Мен өзім талай елден табандымын,
Ешкімге тиген емес жамандығым.
Сен менен аттың пұлын сұрамай-ақ,
Басыңның сұрасаңшы амандығын?!

Айнабала:

Жасыңнан араладың қазақ ішін,
Сен өзің жамандықтан тазамысың?
Басынан арасанның бір бұғы аттың,
Бұған да үкіметке жазалысың.
Ұрлықты бір жағынан қоса жасап,
Қып жүрсің қалаймақан базар ішін.

Кетпенбай:

Мен сені ұстатқызып қаматамын,
Шалыңа шағыстырып сабатамын.
Тастағам талай рет шығын салмай,
Бір емес, екі аттың пұлын аласымын.

Айнабала:

Кетпенбай, ел біледі жеміріңді,
Жаужапырақ секілді жеңіліңді.
Кембағалдың жеп қойсаң жалғыз атын,
Ақиретте жалмарсың кебініңді.

(Кетпенбай қалды қатты сасқалақтап,
Басында отыр еді қашқалақтап.
«Жалмарсың кебініңді» дегеннен соң,
Былайша өлең айтты шатпарақтап.)

Кетпенбай:

Айнабала, сен мені кім деп жүрсің?
Бір пәлені басыңа іздеп жүрсің.
Кесірленбей тіліңді тартып сөйле,
Сүрініп аяғыңнан індеп жүрсің.

Мен сені өлгеніңе көрістірем,
Арманыңды ажалмен өбістірем.
Тартады әркім тілден өз азабын,
Сөзіңді тергеушіге сүрістірем.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз