Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айнабала мен Кетпенбай айтысы (1-бөлім)

Айнабала, Кетпенбай · 2 мин оқу

Тапталған халық улы табанында,
Қанқұйлы Гоминдаңның заманында.
Шапшалда Кетпенбай жас зәңгі болды,
Сүйеніп ақшасы мен заманына.
Сол кезде Гоминдаңнан кез ат салық,
Салынып, күйзеліске түсті халық.
Кетпенбай Теміржанның жалғыз атын,
Қарамай хал-жайына берді алып.

Бұл қарттың Айнабала кемпірі еді,
Жаяу қап бейшаралар тентіреді.
Сұраса аттың пұлын бұл жас зәңгі,
Шамданып екі иықтан ентігеді.

Кетпенбай өлеңші еді той жігіті,
Сол себеп Айнабала ой жүгіртті.
«Айтысып Кетпенбайды бір паш етсем» -
Деп ойлап ыңғайы бір орай күтті.

Бірақта орай келмей жылдар өтті,
Аяңдап қырық үшінші жыл да жетті.
Бір күні Айнабала өлең жазып,
Қарағаш мектебіне шаптап кетті.

Бір сөзім ел білсін деп басталады,
Салмағы Кетпенбайға тасталады.
«Бозбала бастаған көш оңбас» деген,
Қойғаны-ай, зәңгі сайлап жас баланы.
Атының басын алып жүре алмайды,
Бұл қайтіп ел жұмысын басқарады?!
Қолынан келетұғын еш нәрсе жоқ,
Әйтеуір зәңгімін деп мастанады.
Үй бетін жұма сайын бір көрместен,
Шұрқырап бала-шаға аш қалады.
Иттен үріккен еліктей елең қағып,
Бастығы «шаш ал!»десе басты алады.
«Салық» десе сала алмай бардамдарға,

Біздердей кембағалды бас салады.
«Кез ат» деп жалғыз атты алып кетіп,
Берместен пұлын оның қастанады.
Зәңгі ұқпаса ел ұқсын арызымды,
Шерлі адам шеннен қайтып жасқанады?!
Жазушы бұл өлеңді Айнабала,
Қарағаш мектебіне шапталады».

Осылай шапталды өлең мектебіне,
Шапшалдың кетті хабар бөктеріне.
Жапырлап елдің барі оқып жатты,
Қалмады өткені де кеткені де.

Зәңгіге оқырмандар жеткізеді,
Сөз қосып өлеңменен өткізеді.
Еліріп естіген соң Кетпенбай да,
Ашумен айғайлап жер тепкіледі.

«Апырай, бір той болса көрем» деді,
«Жазасын келістіріп берем» деді.
«Жеңілсем ол қатыннан қара басып,
Сүйреліп күрең атқа өлем» деді.

Келіп сәт Иманбек бір жасады той,
Жиылды тамашаға қыр менен ой.
Бәрінен Айнабала бұрын келіп,
Зәңгімен айтысуға көрсетті бой.

Кешікті зәңгі келмей күн де батты,
Десті ел: «зәңгі қашты, құдай атты!»
Осылай көп дуылдап сөз көбейген –
Бір кезде Кетпенбай да келе жатты.

Десе де ол келсе керек қысымменен,
Кешіктім деді азырақ ісімменен.
Екеуі «айтыссын!» деп ел гуілдеді,
Мән-жәйді толық білген пішінменен.
Зәңгі келіп сүйенді керегені,
Басты ел: тыңдарманы, көрермені.

Селтиіп Кетпенбайдың мұрты бірден,
Былайша өлең бастап әуре еді.

Кетпенбай:

Жүрмісің аман-есен Айнабала,
Көрейін дидарыңды айға қара.
Айтыссаң меніменен енді айтысшы,
Қойғанша өлең шаптап айдалаға.

Айнабала:

Кетпенбай, аман шығар үй ішіңіз,
Аңқиды кір сабындай исіңіз.
Кезіңді келтіре алмай жүрген едім,
Кәнеки, өлеңменен тиісіңіз.
Әдейге сені қозғап өлең жаздым,
Бұнымды түйген шығар қу ішіңіз.

Кетпенбай:

Сен неге көрген жерден кердеңдейсің,
Қоңыз қуған тауықтай ербеңдейсің.
Алшақ сөйлеп алыстап айбар қылма,
Сен неге мен келгенде бер келмейсің?

Айнабала:

Сен келді деп мен барып бас ұрам ба?
Кісі сөзін басымнан асырам ба?
Сен қайтіп елді бастап оңалтасың,
Көрініп тұрған істі жасырам ба?!

Кетпенбай:

Әйел өзі келеді бармасам да,
Әрең жауап беремін анда-санда.
Талайы жүр артымнан аңсары ауып,
Назарыма ескеріп алмасам да.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз