Әйнек қыз бен Одаман айтысы
Әйнек қыз, Одаман · 1 мин оқу
Әйнек:
Құлағын домбыраның алдым бұрап,
Сөйлейін шешендікпен сөзді құрап.
Құрбы едің ит те болсаң, ей, Одаман,
Келіп ең не бұйымтай менен сұрап.
Одаман:
Дәркенбай, біздің елге болған болыс,
Қолынан орындалар оның көп іс.
Ат шапан айып емес қалағаным,
Өзіңнен сұрағаным жалғыз қоныс.
Әйнек:
Сөзіңді лайықты айт жүйесі бар,
Жақсыға тіл тигізбе киесі бар.
Ерте туып кеш қалған, өзіңнен көр,
Қоныстың найза шаншыған иесі бар.
Одаман:
Бастығы ауылыңның Дәркенбай ма,
Ауруға өлетұғын ем қонбай ма?
Не деген пейілің тар бетпақ едің,
Шетіне қонысыңның ел қонбай ма?
Әйнек:
Одаман, айтқаныма үйіп тұрсаң,
Көңілің әтей қалап сүйіп тұрсаң.
Қонысымның бір шетіне қондырайын,
Отымды жағып, суымды құйып тұрсаң.
Одаман:
Өлеңнің күш қуаты тіл жағында,
Жақсының жаман жүрер ық жағында.
Шәйнегің істетуге жарай қоймас,
Тесігі бар деуші еді түп жағында.
Әйнек:
Дәркенбай, біздің елден асқандағы,
Қолың жетпес жұлдызбын аспандағы.
Істетпеске шараң жоқ жалданған соң,
Тесігін қолыңменен бассаң дағы.
Одаман:
Әйнек қыз, олай деме ығының бар,
Азырақ шығаратын шығының бар.
Шәйнегіңнің дәл келер тесігіне,
Сақтап жүрген әдейілеп тығыным бар.
Әйнек:
Адамға керек шығар ұят пен ар,
Жандарға жолатпасын пейілі тар.
Өзіңді тақыр кедей деп естігем,
Бейшара, мені бағар не малың бар?
Одаман:
Бір қошқар, екі тоқты, үш қойым бар,
Ашықсаң үлкенін жеп бір тойып ал.
Сақтасам жылы жерге жануарды,
Тағы да өсер деген бір ойым бар.
Әйнек:
Айтайын, айт дегенде Одаман сал,
Салдықпенен үйіңе жимадың мал.
Айран түгіл үйіңде шалабың жоқ,
Бүйтіп салдық құрғанша әдірам қал.
Одаман:
Жақсылар жаман іске береді сын,
Басыңа пәле келсе болады мұң.
Үлкен қойды қораңа кіргізе сал,
Екі тоқты босағада көреді күн.