Берен мен Ырысбай айтысы
Берен, Ырысбай Әлібайұлы · 3 мин оқу
Берен:
Ырысбай, сөз сөйлейсің қалай шалқып,
Мен шырқасам кетпей ме бойың балқып.
Кім екенін алдыңда байқағайсың,
Ақ түйеше кетпейін быр-ақ тарпып.
Ырысбай:
Май шықпас қара судан қайнағанмен,
Майға өтпес ағаш пышақ қайрағанмен.
Басына алтын тұғыр қонсадағы,
Қарға сұңқар болмайды сайрағанмен.
Білімің ар жағыңда аз секілді,
Мөлдіреп екі көзің жайнағанмен.
Жалғанда сенің тісің маған батпас,
Апарып азуыңа шайнағанмен.
Артық болсаң жолбарыс, аю ақсың,
Алысып көнген басым айдаһармен.
Басында адамзаттың қадір болмас,
Орынсыз өтірікті айдағанмен.
Мүдірмей дәл төбеңнен бір-ақ түсем,
Тас қылып белді бекем байлағанмен.
Берен:
Сұрайтын бір жауабым, міне келді,
Қызыл тіл кестелеуге ісмер еді.
Көрінбей ел көзіне тұра алмайды,
Талапты білімі бар, шын өнерлі.
Төрт сөзді терең оймен құрар болсаң,
Дастан боп өлең патша түрегелді,
Көпті көріп, көп сыннан өтіп жүрсің,
Айтуға жайың бар ма жыл өлеңді.
Қалқаның көзім түсті тұлғасына,
Шын шешен айтар сөзін бұлдансын ба?
Не нәрсе талаптансаң табылады,
Талапты ер әр өнерден құр қалсын ба?
Кеспей қалмас қынынан шыққан қылыш,
Кез болғанда қиын іс сіз жасыма.
Сұраған сұрауыма жауап берші,
Қайсы хайуан ілінген жыл басына?
Ырысбай:
Жапалақ түлкі алмайды ұшқанменен,
Елеусіз бірге жүрер құстарменен.
Абайлап әрбір істің тегін байқап,
Нағыз дос бірдей болмас дұшпанменен.
Кісіге кісі жары жар болмайды,
Қолтыққа жақын тартып қысқанменен.
Ерекшелік, өзіндік әр заттар бар,
Әуелі жыл басынан тышқан келген.
Берен:
Сескенбей еш нәрседен еркін тұрсың,
Табуға жұмбағымды сертің үшін.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні бар,
Ақын болсаң айтып бер екіншісін.
Ырысбай:
Оңай нәрсе тең келмес қиынменен,
Шешен жігіт өмірдің сиын көрген.
Дене порым жаралыс бір болғанмен,
Талапты ер өнер табар білімменен.
Сұраған сұрауыңа жауап берсем,
Жыл ішінде екінші сиыр келген.
Берен:
Малтау білсең сынайын су жүзіп көр,
Таңырқаған сыртыңнан тым қызық дер.
«Тілі ортақ шешеннің» деген сөз бар,
Өлең - патша төрт сөзден тұрғызып бер.
Сұр бұлттан қыстағы қар жауады,
Сырлас екен аспанмен шын биіктер.
Тау мекендеп тарихтан келе жатыр,
Арқар, құлан, мысалы сұр киіктер.
Бірден айттық он екі жыл тізбегін,
Бір шумаққа бар жылды сиғызып бер.
Ырысбай:
Жылдың басы тышқан мен сиыр келген,
Барыс, қоян артынан ұлу келген.
Жылқы, жылан, ал енді қой мен мешін,
Тауық, ит боп доңызбен үйірленген.
Артық теңеу мен сізге берер едім,
Тапсаң ойлап осыны миыңменен.
Алды-артыңды әріптес байқап сөйле,
Әуреленіп алыспа қиынменен.
Алты қанат орданы шайқалтқанмен,
Қарлы дауыл тең емес құйынменен.
Шын керекті еліңе бір адамсың,
Жүрер болсаң жақсы зат сиыңменен.
Бұл айтыс та осымен аяқталсын,
Жалғыз ауыз мың сөзде түйін деген.
Әріптесім қынжылмай жолымды бер,
Ақ батаны алайық дүйім елден.
Ырысбай:
Сен бе едің белгілі ақын Берен деген,
Таяз су теңелмейді тереңменен.
Адамда қызба көңіл алып ұшат,
Арамды ас болмайды жегенменен.
Ісіне құдіреттің қарап көрші,
Саласы бес саусақтың теңелмеген.
Талайға атым шыққан мен Ырысбай,
Күдір жол шауып жүрген белеңменен.
Оқуын жын-шайтанның көп оқыпсың,
Құлағың жан-жағыңа елеңдеген.
Ақылың аржағыңда кем секілді,
Тұрсынқұл бойжеткені дегенменен.
Сөзіңнің кім қызықпас дәмесіне,
Көз тұнар дүние мүлік сәндісіне.
Опа тауып орныңда отырмайсың,
Әкең сені айттырмап па еді әр кісіге.
Сынамасаң сөзімді сынатайын,
Осы елдің қалақшы – зәңгісіне.
Көңіліме келген сөзді айтып салдым,
Шыдамай қылығыңның зәрлісіне.