Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тәңірберген мен Шәкір айтысы

Тәңірберген Әміренов, Шәкір Әбенов · 2 мин оқу

Мақсат бір, қуаныш бір, тақырып бір,
Өмірдің өзі шабыт шақырып тұр.
Дауылдай бұрқыратып соғайын да,
Өлеңнің тау теңізін сапырып бір.

Шәкір:
Ақын ба ақындығы ақталмаса,
Қазынасын асыл сөздің ақтармаса.
Аузына «ал» дегенде сөз түспейді,
Алдымен ақын шалқып мақтанбаса.

Арқада ағынды өзен Есілдеймін,
Керілсем Алатаудың төсіндеймін.
Түйінмін тоқсан түрлі тетігі бар,
Ой жорып ми қорытпай шешілмеймін.
Айта алсам ел дәулетін, жердің кенін,
Міндетім атқарылар еді менің.
Жер бетін, күннің астын таңырқатты,
Халқымның дәулетінен өнген өнім.

Ал, інім, бердім кезек, көрсет өрнек,
Кеудеңді тұрған шығар өлең кернеп.
Тіліңнің майын ағыз, балын тамыз,
Ақынсың сезімі алғыр, ойы сергек.
Жабыстың кәрі ағаңның жағасына,
Жас озады, бәйгемді шаппай бер деп.
Абайдың ықтап ұшқан балапаны ең,
Талдырма қанатыңды қарсы сермеп.

Тәңірберген:
Ақыным, ашуланба айтқан сынға,
Айтысайық келелі тоқтап шынға.
Біз салдық сауық үшін он бес клуб,
Ақшадай төрт миллион, бес жүз мыңға.

Байлығым бұл тұрғыдан тағы артық.
Қарыштап барған сайын бастым артып.
Өткізіп сауық кешін клубымда,
Жастарым сайран салар ән-күй тартып.
Тағы бар оқу үйім жеті жерде,
Оқудан үлкен кіші емес кенде.
Отарда қызыл отау үш жерде бар,
Үйренсең өнер-ғылым біздің елде.

Жиырма үш кітапхана ол да бізде,
Өзіңде жоқ кітапты бізден ізде!
Үлгілі дәл осындай ісің болса,
Көрсетші көп алдында айтып бізге.

Темір жол тереземнің көзінде тұр,
Станция колхозымның өзінде тұр.
Барсам да қай тарапқа бөгетім жоқ,
Тізгіні паровоздың өзімде тұр.

Алматы ауыл үйдей біздің жаққа,
Барсаңыз саяхатқа жүр қонаққа .
Қыс болса бар машинаң тоқтап қалып,
Көбіңнің қолың жетпес жүрдек атқа.
Сырың жоқ мен білмейтін, ақын Шәке,
Алды артын ауданыңның байқап мақта.

Шәкір:
Артыңда ардақтарлық ат қалатын,
Тарихтың дәптерінде сақталатын.
Ерлерім ер жүрегін елжіреткен,
Маған да келді кезек мақтанатын.

Түйешім айта кеткен Мұсаны да,
Мұсаға бір бақташың ұсады ма.
Суретке түсірсе де артық емес,
Сиғызып ботаны да құшағына.

Жұманбай, Сақтаған мен Мейірханым,
Түсінген мал бағудың әбден мәнін.
Әйел шопан Күлипа, Несібелді,
Еңбектің ел алдында татты дәмін.

Тәңірберген:
Кем емес, мың қақпадан әр колхозы-ай,
Ағаш үй көк төбелден салған сарай.
Қаламның көрік беріп көшесіне,
Бау-бақша, түрлі жеміс, еккен тоғай.

Болғанмен атағың зор, атың дардай,
Отырсың сол жеріңді ұқсата алмай.
Гүлденіп Абай елі кетпес пе еді,
Қажымай еңбек етсе елің талмай.

Шәкір:
Облыстың отырсың қолтығында,
Шойын жол, техника бәрі дайын.
Егер де мүмкіндігі сендей болса,
Қиындық емес бізге, тіпті уайым.

Сөзімде қате болса сынат көпке,
Сірә, жүрмес сын менен шындыққа өкпе.
Байлығымды айтпаймын цифрменен,
Ақын тілі айналар мәліметке.

Елді ел, егін, малды өсірер жер,
Халқының қырағы бол, міндетін көр.
Үгітпен ел бастайтын ақын болсаң,
Озам деп келешекте сертіңді бер!
1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз