Сәт пен Нұрхан айтысы (2-бөлім)
Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков · 2 мин оқу
Тамаша біздің заман, қандай заман,
Сандуғаш, бақта бұлбұл, сайрайды адам.
Елімнің бұлттан асты бел өркеші,
Секілді алтын қанат көк еркесі.
Әлемге нұрын шаша соқты самал,
Секілді жер жаннаты көлеңкесі.
Өсті елім шұғыла жайнап шырайланып,
Жау, шіркін, қалды білем бір ойланып,
Жасанды жер серігі жұлдызша ағып,
Шыққанда жердің шарын шыр айналып.
Суайттар соғыс құмар судай тынды,
Аузына өсекшінің құйды құмды.
Жаһанға жаңа ғылым жарық еткенде,
Селк етіп, зәресі ұшып көзін жұмды...
Жиналды облысымның ақындары,
Сыр ашып сынасуды мақұлдады.
Торғайдың топтан озған жорғасымын,
Жанкелдин Әлібидің атындағы.
Ауданым Алатаудың алқабындай,
Көлдердің аумағы мол шалқарындай.
Келеміз табиғатты бағындырып,
Өмірде қонған бағым шайқалынбай.
Алатау Талғарының тұлғасындай,
Ауданым облысымның құбыласындай.
Бәрінен дулығасы асқақ тұрған,
Үдетіп екпініміз бір басылмай.
Қар суы – қатық болып құт оранған,
Ырыстың алтын қазық шынғасындай.
Бұл өзі қилы заман көрген Торғай,
Жайратып жау жазасын берген Торғай.
Өткізіп бір басынан талай тартыс,
Қария жүз он беске келген Торғай.
Болды оның нелер жүйрік шешендері,
Тербелген тал-қайыңдай көшемдегі.
Торғайдың күнгейіне көлеңдетіп,
Ту тіккен революция жаса ерлері!
Ақыным біздің жаққа қарасаңыз,
Сөйлеп бақ, теңдесуге жарасаңыз.
Табысым таудан биік болса-дағы,
Таспаймыз, кішіпейіл – аласамыз.
Мәдениет сән-салтанат сауық құрған,
Біздің көп таңғажайып тамашамыз.
Келсе де Қазақстан қай түкпірі,
Тайқымай, табан тіреп таласамыз.
Көрдіңіз ел аралап талайларды,
Тағы да сіз көрмеген талай қалды.
Нақыштап, әшекейлеп зәулім биік,
Салдырдым сауық үйі сарайларды.
Жайнаттық гүлдендіріп көк алаңды,
Айнала колхоз елі қалаланды.
Радио үй басына саңқылдайды,
Жеп-жеңіл жер бетінен хабар алды.
Көріп пе ең «Партсъездің» зор қаласын,
Көркіне көзің тоймай таң қаласың.
Жалықпай «Жаңа тұрмыс», Шұбалаңға,
Жеті күн тамашалап айналасың.
Біреуі Жангелдиннің жаңа ауылы,
Толтырған байлықпенен ел қамбасын.
Атақты алтын кентті Албарбөгет,
Дер едім көрмей жүрсең, құр қаласың.
Барып қайт, тілімді алсаң тағы аралап,
Осыдан таңғажайып үлгі аласың.
Ғажайып төрт түлікті мекен-жайы,
Салдырттым салтанатты мал қорасын.
Менде бар толықсыған тоғыз қала,
Өтінем, тілімді алсаң бір барарсың.
Бар десем кей ісіңде кемшілігің,
Несіне мойындамай арланасың?
..........................................................
Салақсың, кем-кетікті санамайсың.
Радио колхозыңның көбінде жоқ.
Жым-жылас құлаққа ұрған танадайсың.
Бар екен колхозыңда қамыс қора,
Халыққа аты мәлім таныс қора.
Әйтеуір әлеуметтің көзін алдап,
Салыпсың ауданыңда он үш қора.
Таң қалдым сіздің елдің қорасына,
Келмепті жаңа құрылыс жобасына.
Жарбиып жар басында жантайып тұр,
Ұқсайды Қожанасыр моласына.
Жарылып бүйірінен дал-дал болған,
Тәсілін таба алмапсың о басында.
Кеткендей қасқыр талап қабырғасы,
Жазылмас май жақса да жарасына.