Қалихан мен Тәңірберген айтысы (1-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов · 2 мин оқу
Қалихан:
Асқақтап аршындаса адуындап,
Өршитін, өрекпитін сөз туындап.
Тұяғы тегеурінді Тәкең тарлан,
Қалған жоқ шығар әлі қарт буындап.
Семей мен Қарағанды айтысында,
Жүлде алған, жеңіс алған сәтті жырлап.
Өлкеге, астанаға даңқың кетті,
Әлеумет әуеніңді тәтті тыңдап.
Теңіздей түбі шалғай ағаң Абай,
Толқын ат, жатпа сіз де тек шымырлап.
Дәріптер дарқан елміз ақын жанын,
Келіп тұр мерекелік салт сыбырлап.
Ал, Тәке, қырық жылдықтың құрметіне,
Қырандай қия беттен тарт зуылдап.
Тәңірберген:
Айғайлап алсам қолға домбыраны,
Әсерлеп бойға өлеңді қондырады...
Асқақтап ақын жыры салса құлаш,
Тұлпардай шапқан жерін ор қылады.
Ойнақтап ұшқыр қиял шықса шалқып,
Теңіздей терең ойды кетем малтып.
Ақындық арнасынан ақтарылса,
Аузыма сөз тасқынын алам тартып.
Екпіндет шаттық жырын ескек желдей,
Қарышта құлашыңды тастап сермей.
Тойында Ұлы Отанның қырық жылдық,
Бәйгеден қартайғаның қалсаң келмей.
Ардақты ақын інім алыстағы,
Жармадан іздеп кепті танысқалы.
Қалбаның қызыл балақ жас қыраны,
Шар топта күш сынасып алысқалы.
Албырт жас, айтты сөзін бұрын бастап,
Созғалы сөз аяғын маған тастап.
Ебінің тас боратқан дауылындай,
Басайын екпінімді аз толастап.
Қалихан:
Ауданым аты шулы Жармам менің,
Самал тау, сырнайлы өзен арнам менің.
Секілді Жаңа Семей сияды үшеу,
Жеріме жеке бөліп алған менің.
Кен қазып, мал өсіріп, егін еккен,
Кәсібім, қаракетім алуан менің.
Қалбаның қара бұйрат тауын тескен,
Білегім, балтырыммен балуан менің.
Ортамнан орын алған Түрксибім,
От жанды, жел жүрісті арбам менің.
Аякөз, Алматыңыз көрші үйімдей,
Қанатты қайда барсам шаруам менің.
Айтыста адымымды арттырмасам,
Кетпейтін көкірегімнен арман менің.
Айтпақшы, айтпаппын ғой балығымды,
«Балықтыкөл» секілді алыбымды.
Көрсетші Әбдірахман, Кәкім, Омар
Меңгерген мал ғылымын дарыныңды.
Әрқайсың он сегіз мың сыйлық алдың.
Айтыңдар қымсынбай-ақ анығыңды.
Отыз жылдан озатым шопан Омар,
Кәрілік қайтарған жоқ жалыныңды.
Қасымда баздарымның маяларым,
Мал азығым, тірегім таянарым.
Тасып жүр тракторым күндіз-түні,
Жазда жоқ жалқау тартып аянарым.
Аюлы, Қопа менен Ұрысайым,
Төл жатыр бетегенің түбі сайын.
Қаз-үйрек, аққу-құтан қойны толған,
Айтыста енді неден ығысайын.
Барайық «Скотовод» совхозына,
Егіннен көрсетейін көп қазына.
Шат тұрмыс, шағалалы үйлері бар,
Көз жібер көшесінің шандозына.
Өрістеп малы жатса қырманында,
Тауы тұр қызыл маржан қыр жағында.
Кетеді керуендей шұбатылып,
Көп машин қатар тізіп тұрғанында.
Көп жылдар құлазыған жерді қара.
Күн салып көзіңізге енді қара,
Тоғыз жүз бір айында гектар орған,
Комбайнер Арысовтай ерді қара.
Астықты артық беріп мемлекетке,
Келгенде тағы да оздым жұмыртқа, етке.
Етімнің ең жоғары сапалысы,
Жетіп тұр жүзден алпыс процентке.
Көрсеткіш көтеріңкі тамашалы,
Сол үшін қалай айтсам жарасады.
Совхозым «Скотовод» бірме-бірге,
Сіз түгіл Көкпектімен таласады.