Қалихан мен Тәңірберген айтысы (3-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов · 2 мин оқу
Аттары өңшең сығай теке жәуміт,
Жылқысы өмірінде көрмейді жұт.
Құлындары құландай, тайлары аттай.
Баққалы осы үшеуі орнады құт.
Кешегі тойға келген жирен жорға,
Топ жарып сілтегенде қалың қолға.
Таңқалтып, жер қайысқан қара қолды,
Қаратып, қойған жоқ па оң мен солға.
Осындай жылқы бар ма тұлпар тапқан,
Қандай жан бұл сөзімді дейді мақтан.
Көмбеге жалғыз қара келді емес пе,
Жарқылдап жай отындай көктен аққан?
Бәйгеден тағы келіп менің атым,
Жармадан асқан жоқ па салтанатым.
Өсірген жорға менен жүйрік баптап,
Мұқанның айтпай кетем қайтіп атын.
Бастығы бар жылқыны баптайтұғын,
Көзінің қарасындай сақтайтұғын.
Асырған еңбегіне елдің даңқын,
Мұқанды кезім келді мақтайтұғын.
Еңбегін талдап айтсам ерлерімнің,
Шеніне келе алмайсың шеңберімнің.
Қалинин колхозының күші осындай,
Ал қайтіп, енді бізбен теңгерілдің?
Тағы айтсам Ысмайыл мен Махамбетті,
Орындап Отаныма берген сертті.
Жүз жиырма қозы алып, жүз саулықтан,
Мыңғырған мол дәулетке қолы жетті.
Қойлары асыл тұқым, жібек жүнді,
Етке ауыр, жібек жүні сатсаң құнды.
Қарыштап, қаулап күнде еңбек еткен,
Қойшың бар ма Махамбет, Төлеу сынды.
Қарт Матай бір шопаным алпыстағы,
Жарысқа салмай болмас айтыстағы.
Жүз саулықтан жүз отыз төл алған соң,
Ардақтап, аудан мұны алға ұстады.
Шопанның жылда барып, слетіне,
Жасарып, қайта шықты нұр бетіне.
Үш жылда үш қайтара наградталып,
Бөленген партияның құрметіне.
Колхоздың жұмыс істеп, кәрі-жасы,
Еңбектің бізде осындай тамашасы.
Төл алып, артығымен төрт түліктен,
Жоспардан асып түсті малдың басы.
Калинин атындағы колхозымның,
Қарқынмен домалап тұр өрге тасы.
Бәрі де ойдағыдай орындалды,
Болса да шаруаның қай саласы.
Қалихан:
Кетейік «Победамен» орталыққа,
Бас изеп көшедегі көп халыққа.
Сәулетке, салтанатқа көзің тұнып,
Сүйсіне шалқаярсыз Арқалыққа.
Бар сексен оқытушы, үшеу мектеп,
Бұған курс қосылды, кеттім өктеп.
Түскен ине табылар тас жолымнан,
Барып қалды Өскемен, Семей беттеп.
Көрсеткіші жүз сексен шофер Яков,
Жарыста көрген емес тайқып шеттеп.
Көріңіз көрші жатқан «Расцветті»,
Қарқынын қырық жылдықта тіпті үдетті.
Шолпаным, шор алтыным маңдайдағы,
Шаруасы бар саладан құдіретті.
Үй сайын құдық анау, бақшасы анау,
Қаз-тауық, қоңыраулы қақпасы анау.
Сап-сары шіләпісін жел қозғаған,
Өскелең күнбағыстың патшасы анау.
Сүйеміз сауыншы қыз Мәрияны,
Ағызған аппақ сүттен дарияны.
Тракторист Ламерт, Иван Волков,
Есімдер ежелден-ақ жариялы.
Жеті жүз сексен гектар тұр жүгері,
Өнімі жоңышқаның тіпті ілгері.
Құндыз қара жүз түлкім күтімде тұр,
Кем емес екі мыңнан әрбір тері.
Қарақат, мейіз және лимон, өрік,
Жеріме жиырма гектар берген көрік.
Ойлайсың Қырым көшіп келген бе деп,
Бассаңыз таңдайыңа татып көріп.
Арасы құжынаған бес жерде бал,
Мың шошқа төрт түліктен елу мың мал.
Жылдық табыс бес миллион сомнан астам,
Емес пе жекпе-жекке бабыңдай дәл.