Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қуаныш пен Айтбай айтысы (1-бөлім)

Қуаныш, Айтбай Дүйсенбаев · 2 мин оқу

Қуаныш:
Айтбай інім, кіші санап жасыңды,
Саған менің кең құшағым ашылды.
Жамбыл ақын атындағы колхоздың,
Біраз жерге табыс-даңқы шашылды.

Жаңғырыққан жайлауында жаңа істің,
Үстіндеміз ұлы бәйге жарыстың.
«Озу – мақсат, қалу – ұят» дегендей,
Шыңына өрлеп шықтық бірге табыстың.

Ұлы Октябрь жайды бізге құшағын,
Қуанамын, мен де құстай ұшамын.
Ел сүйсінген еңбегіңді жыр етіп,
Алғыс айтып қолдарыңды қысамын.

Мынау клуб, мәдениет үйлерің,
Жарасымды жан толқытқан күйлерің,
Дегенменен бітпей жатқан ісің көп,
Ағалықпен ескерткенім бұл менің.
Мал азығы – майы, құты – жүгері,
Білем-білем жеген малы сүбелі.
Майы шығып түгін тартса, сүт лықсып,
Келіндерім сүт ішінде жүзеді.
Жүгері – сүт, жүгері – құт сазына,
Өмірге бұл берекелі қазына.
Он грузовой, сексен жігіт әкеліп,
Фермамыздың үйіп жатыр базына...
Бастықтарың ескі жайын қия алмай,
Жүр ме әлде кең байтаққа сыя алмай?
Түсінбеймін бұнысына бұлардың,
Үйлері онда, өзі мұнда, бұл қалай?

Айтбай:
Үлгілі айттың бізге ақыл, аға,
Ақылың әбден дұрыс, ақын аға.
Колхоздың демалыс күн сауығында,
Кездесіп қалдық, міне, сахнада.
Ақынның әлемге ортақ шебер тілі,
Кетеді ашып айтса көңіл кірі.
Дегендей «сын түзелмей, мін түзелмес»,
Шындықта жатыр терең ақын сыры.
Ол рас, жүгеріңді сүрлегенің,
Малыңның кім жек көрер сүр жегенін,
Біздерде сегіз-ақ жан істеп жатыр,
Сексеніңнің жабылып сүйрегенін.

Ұйымдасса болады іс өнімді.
Артығымен бітірдім пішенімді.
Сегіз мың төрт жүз елу тонна шөп бар,
Ол да түгел қораға түсірілді.

Көзіңмен көрдің сиыр сарайымды,
Сәулеті таңырқатқан талайыңды.
Алты жігіт көтеріп кете алмайды,
Шан Су-фо асыраған торайымды.

Отырғаным айып па қаладағы,
Жұмысым бітіп жатса даладағы.
Есігімнің бір шеті Бірқазанда
Қалай барып бір күнде оралады?
Қуеке, байқаңызшы өз ісіңді,
Сынағанша уақытша қонысымды.
Бастықтарың басында отырса да,
Жатырсыңдар шірітіп овощыңды.

Быршыған помидорың іріп жатыр,
Зіл түсіп қауындарың шіріп жатыр.
Қуеке, өзіңіз-ақ айтыңызшы,
Осы жұрт неге сонша күліп жатыр?

Қуаныш:
Сұқтандың көптің неге күлгеніне,
Тамаша ойын-сауық күнде елімде.
Айтбайжан, жылағанның беті құрсын,
Ондайда әдеттенбе үйренуге.

Ол рас, ұйымдасқан іс өнімді,
Жұмсалған көзін тауып күш өнімді.
Жуыспай жүгеріден тайып шығып,
Айтасың қайта-қайта пішеніңді...
Бар шығар шіритіні көп болған соң,
Көптіктен рет тимей тоқталған соң,

Тоқтыдай торламасы қауынымның,
Бір түрі колхоздағы сауынымның.
Табысы соның миллион болғалы тұр,
Көркейтер келешегін ауылымның.

Он мыңдай Сарысуда қойым да бар,
Өсіру екі есе ойымда бар.
Жүз бас қойдан жүз отыз қозы өсірген,
Әжібек Ысмайлов қолымда бар.

Тағы бар Байтекеев Жүсіпназар,
Күнде той жүрген жері, күнде базар.
Қалменов қасындағы жас шопаны
Кәне, айтшы, осылардан кімің озар?

Айтбай:
Кімің бар дейсің, аға, озатұғын,
Озғанын кім жек көрер өз атының.
Дәріптеп қолы жеткен табыстарын,
Арқасы әркімнің-ақ қозатұғын.
Қуеке, қой жөнінен мақтанбаңыз,
Қыруар табыс тауып жатқан да біз.
Тек қана Қараөткелден бес жүз мың сом,
Пайданы биылғы жыл тапқан да біз.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз