Рахмет пен Өкім айтысы (2-бөлім)
Рахмет, Өкім Жайлауов · 2 мин оқу
Өкім:
Көріп пе ең, ақын досым, Жамбылымды,
Естіп пе ең шырқап салған ән-жырымды.
Қаламның хал-жайымен таныс болмай,
Қалайша ашып салдың жан сырыңды.
Елім бай, жерім жомарт, халқыма аян,
Өзгерген кең өлкесі өмір саям.
Тасыған тау суындай табысымды,
Жыр етіп, мақтан етіп жұртқа жаям.
Жадырап жаңа өмірмен жаңғырды аймақ,
Жыл санап Жамбыл қалам өсті жайнап.
Арқырап Талас аққан іргесімен,
Көк долы толқынында балық ойнап.
Көз тартқан әсем көше, жасыл бағым,
Нұр шашқан төңірекке Ильич шамым.
Келеді қатар түзеп сәулетті үйлер,
Жамылып қайың, терек жапырағын.
Қаламда өндіріс көп жаңа салған,
Коллектив біздерде аз артта қалған.
Өнімін еселеп сан өнеркәсіп,
Жарыста Қызыл туды жеңіп алған.
Қалаңды Қызылорда көп мақтадың,
Сынауға басшыларды бір батпадың.
Жасырып ісіңдегі кемшілікті,
Жалтақтап жай нәрседен сырғақтадың.
Ол рас, келеді тез өсіп қалаң,
Бар екен не бір жақсы үй, парк, алаң.
Сонда да Жамбылымның сәулетіне,
Жетпейді көп жағынан Қызылордаң.
Рахмет:
Өкімім, өрекпіме, баспалама,
Батыл сөз байбаламнан жасқана ма.
Әділет – сынның, шынның таразысы,
Ол үлгі өзімізге, басқаға да.
Жел соқса қалаңызға дала беттен,
Шаң-тозаң бұрқырайды жерден-көктен.
Көрсетсем кемшілікті көзге түртіп,
Әрине, менің айтқан сөзім өктем.
Түн түгіл, күндіз тауып жүре алмайсың,
Сүрініп көшедегі тастар шөккен.
Ақын-ау, көрмейтін бұл кемшілікті,
Қаланың бастықтары қайда кеткен?
Көргенің көңіліңе көркі тұтар,
Па, шіркін, Қызылордама қай жер жеткен.
Есіңде бар ма сонау Шолақтауың,
Ол жерге мүмкін мені жолатпауың.
Өзің-ақ сол араны шолып қайтшы,
Ағытып қиялыңның балақ бауын.
Отырмын сонан тауып бір сұмдықты,
Байқалды құрылысқа олақтауың.
Бітпепті монтаждауы әлі күнге,
Жан-жаққа көп болғаннан алақтауың.
Өкім:
Керек қой, достым дәйім сөздің шыны,
Көрсеттің меймандостық сен бір күні.
Үйіңде шайға қосып берген ақ қант,
Ойласаң облысымның о да өнімі.
Нашар ғой дүкеніңде сауда-саттық,
Дей алман овощь, жеміс, жеуге таптық.
Ауылымның әдейі әкеп алма-өрігін,
Қыдырып қыздарыңа сыйға тарттық.
Рахмет:
Тағы да кеттім шырқап, шалықтадым,
Жыр десе, жыр жырлауға жалықпадым.
Тұрмыс-салт, байлығымды жырға қосып,
Көрген соң кемшілікті анықтадым.
Аралда алты балық зауыты бар,
Таңырқап, жеп жүрсіңдер балықтарын.
Елу үш миллионер колхозым бар,
Озат ер, шыңға шыққан алыптарым.
Біреуі ауданымның Шиелі еді,
Әркім-ақ Шиелімді сүйер еді.
Мун Син Ок, Ким Ольга, Ыбырайым бар,
Мұнда көп өрен күштің иелері.
Күріштің күміс тауын көрсе көзің,
Бетінен Жақаевтың сүйер едің.
Осындай ерлерім көп тізе берсем.
Суымда маржаным көп сүзе берсем.
Жерімде ырыс-құт бар, берекем мол,
Бағымда миуам көп үзе берсем.
Олқылық, кемшілігің көзге түсер,
Айналып Жамбылыңа, сізге келсем.
1957 жыл.