Рахмет пен Өкім айтысы (1-бөлім)
Рахмет, Өкім Жайлауов · 2 мин оқу
Рахмет:
Өр қиял, асқақ ойым жарқылдаған,
Жүйрік тіл, желпіп көңіл, шалқы қалам.
Кеудемнен жыр тұйғыны қақшы қанат,
Шалқардай кезім жоқ ед шалқымаған.
Қытықтап құлақ құршын, жан айызын,
Ақын ба ән мен күйі аңқымаған.
Халық үшін кең ойлыға келісе ме,
Сөзінің бал қаймағын қалқымаған.
Сырымды халық алдына тарттым міне,
Сабамды сараң емен сарқымаған.
Жүйрігі Жамбылымның сен де сөйле,
Ықыласын отыр барша артып саған.
Естідім көптен бері белгілі еді,
Дүбірің, даңқың менен дәрпің маған.
Төк кане, үй ортаға, жи ортаға,
Сөзіңнің сары алтынын жарқылдаған.
Және де шаһарымда еттің сайран,
Ой салды қандай сізге халқым, қалам?
Байлықтың атын әлі атағам жоқ,
Табыс мол, таразыма тартылмаған.
Өкім:
Армысыз, ақын ұлы нулы Сырдың,
Өрені өнер қуған нұрлы өмірдің,
Өркендеп өңі жайнап өскен ауылың,
Ежелден бесігі еді өлең-жырдың.
Естідім дабысыңды сырттан танып,
Тыңдадым лебізіңді мейірім қанып.
Қашаннан қадірменді халқымызға,
Сәлемін Жамбылымның келдім алып.
Өзек қып өлеңіңе заман сырын,
Өзендей ағындасын, ақын жырың.
Мадақта ел еңбегін, ердің ісін,
Бөлеген сұлу гүлге ой мен қырын.
Рахмет:
Қиялдың мұзбалағы ағындады,
Алтайдың түлегіндей бабындағы.
Сыпырып томағасын өрен көңіл,
Қашаннан самғауды бір сағынғаны.
Басайын арынымды, аптығымды.
Қызық қой тердің тұңғыш алынбағы.
Қосылдым облысымның бәйгесіне,
Жүрегім қуансам да жарылмады.
Облысым – Қызылорда туған өлкем,
Көлі көп, желі салқын, жері көркем.
Ойы орман, қыры қырман, қырқасы мал,
Құлпырған қызғалдағы, гүлі-көркем.
Өндіріс оңы-солы, ойы-қыры,
Байлықтың желісі ұзап, жайған өркен.
Үйім жоқ, ыза басып, көк шөп өскен,
Көшем жоқ жел қуалап, қоқыс көшкен.
Қоярға қойма таппай қойған көміп,
Ұрам жоқ, дауыл ашып, тышқан тескен.
Тандыры кеуіп тамбай жалғыз тамшы,
Далам жоқ қу татыр боп ылғалы өшкен.
Қашанғы ескі обадай, иесіз аулақ,
Төбем жоқ құлазыған, құмдағы өскен.
Сан ғасыр салып келген топалаңды,
Сыр суы шідерленді, ноқталанды.
Інгендей жетекке еріп, сылқ-сылқ күліп,
Сылдырап шөлге барды, баққа барды,
Аралап көше бойын, дала қойнын.
Даланы, қаланы да баққа орады,
Бұрынғы бүйі, шаян мекеніне,
Қарашы, қандай сұлу қала орнады!
Ол қала, плотина су байлығы,
Елімнің осы еді ғой ой-арманы.
Тағысы табиғаттың басын иіп,
Кеткен соң керней ағып көп арнаны.
Еріксіз шаттық сезім биледі де,
Қиялдың бұлағынан сөз парлады.
Құрылыс жайды жедел керегесін,
Еңселі үй, көтерді асқақ кенересін.
Көбейіп мектеп, зауыт, фабрик, парк,
Көрсетті басқалардан кем емесін.
Келмесін көңіліңе, ақын достым,
Артықпын, жасырамын неменесін?!