Қалихан мен Тәңірберген айтысы (4-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов · 2 мин оқу
Бар мұнда білім кені кітапхана,
Ішінде томдары бар төрт мың дана.
Бір миллион екі жүз елу мыңға,
Мәдениет сарайын салдым жаңа.
Тоғайлы үй аурухана тұрған жалқы,
Екінші облыста оның даңқы.
Көршілес аудандардан кеп жатады,
Жарманың былай тұрсын тұрған халқы.
Тағы да Түрксибтей жолым жатыр,
Оған да өлеңімнен орын жатыр.
Іргелі станциям Жалғызтөбем,
Мекемем мақтанарлық толып жатыр.
Автобаз, нефтебаз бен селхозснаб,
Жиыны он мекеме етер тұрақ.
Бәрінен бой асырып элеватор,
Кеңеске шақырғандай басын құрап.
Жол келер жақыннан да, қиырдан да,
Күршім, Самар, Көкпекті жиылғанда.
Жүгіріп диспетчерлер зыр қағады,
Составқа кезек тимей жуырмаңда.
Мен Жарма ғалым шыққан, батыр шыққан,
Боксерлік балуандықпен атым шыққан.
Ұрт тілді, ұрымтал ой ақын менде,
Айтыста дәл сұлатып атып жыққан.
Есте ме облыстық фестивальда,
Болдым ғой спорттан да сізден алда,
Шәріпов, Базанова, Әлімбетов,
Байдосовты туғызған біздің Жарма.
Қайт, Тәке, осы сыймен Семейіңе,
Жетпедің өзім түгіл деңгейіме.
Бой жазып, құлаш ұрып кетер едің
Ауданың кесе тұрды-ау көмейіңе.
Тәңірберген:
Айтарлық бір совхозым «Жаңа Семей»,
Көншімес көңілім оны суреттемей.
Ауданмын алдағы істің қамын жейтін,
Жармадай мен емеспін зябьке кедей.
Үндеуге қостанайлық үн қосқанмын,
Норма артып, еңбеккүнге күн қосқанмын.
Мың сегіз жүз гектардың зябін жыртып,
Үлгімді осы жылға тың қосқанмын.
Осындай дайындығым келер жылға,
Бет беріп, өзге ауданға тарттым шырға.
Далалық бригадасын бастай білген,
Мұсадай кім сүйсінбес ардақты ұлға.
Тағы арттым тұқым құю, сүт сатудан,
Байлықтың өзі білсең ұқсатудан.
Отыз төрт озат бізде сауыншы бар,
Қаларсың бұларды айтсам тіл қатудан.
Шалқыдым құрғақ сөзбен, ақын інім,
Албырт жас қайдан білсін елдің сынын.
Тау мен тас табиғаттың көркін жырлап,
Кетірдің босқа лағып, сөздің құнын.
Дәләлсіз құр даурығып, соққанменен,
Қалмай ма тезге түссе қаусап мұның.
Орныңнан үш ұмтылып тұра алмассың.
Тапжылтпай Жармаңыздың айтсам мінін.
Ең алды мақтаныңның совхоз Жарма,
Жауып қой Жармамызды аузыңа алма.
Дайындық, келер жылға күзгі егістен,
Алдағы зябь жұмысы ойда бар ма?
Мақтайсың соны қалай ұстап бетке,
Жұмыста көңіл бөлдің қай міндетке.
Совхозың зябь жыртудан әлі күнге,
Зорға жетті сегіз-ақ процентке.
Елдің алды аяқтап біткен кезде,
Отырсың қол қусырып, қарап текке.
Алпыс бес проценттен аспай отыр,
Өткізген бас астығың мемлекетке.
Михайлов атындағы бір совхозың,
Айтуға аузым бармас мұның өзін.
Сүрлемнен алты-ақ процент орындапты,
Газеттен өзім оқып көрді көзім.
Он алты комбайнер бар совхозыңда,
Ал қандай нәтиже бар айтшы мұнда?
Жеті бірдей жап-жаңа комбайның,
Қырманның бос қаңқайып тұр басында.
Жұмысқа жиырма адам отыр шықпай,
Үгіттің аздығынан сөзіңді ұқпай.
Өздерің тәрбиелеп, ала алмасаң,
Оларды бізге жібер үйге тықпай.
Егісі басқа елдердің аяқталды,
Қыс келіп, кеңірдекке таяп қалды.
Зябь жыртпай, егін жимай, жем сүрлемей,
Қалайша бұл совхозың тоятталды.