Қалихан мен Тәңірберген айтысы (2-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов · 2 мин оқу
Тәңірберген:
Ауданым алға ұстаған Жаңа Семей,
Не десін оны халқым Семей демей.
Ортама ет алыбы орнағалы,
Отырған қайсының бар ақ май жемей?
Қаламен салтанаты теңдеседі,
Бір шеті Семейтаумен шендеседі.
Салынып, қабат-қабат зәулім үйлер,
Молайып құрылысы күнде өседі.
Батыс жақ Семейтаудың сағасында,
Құт қонған Қара Ертістің жағасында.
Қаз-қатар көше бойлап көктөбелі үй,
Мін бар ма колхозымның қаласында?
Аймағы атшаптырым тартқан көше,
Осындай бір көше емес, әлденеше.
Таңырқап тамашасын сайран салып,
Қайттың ғой өзің барып күні кеше.
Самсатып, өн бойына тоғай еккен,
Төбеңе күн тимейді, жүрсең көктен.
Қаланың көшесіне тартқан электр,
Күн батса шапақ атып, нұрын төккен.
Клубы театрдың клубындай,
Жармадан клуб көрдік қашан мұндай.
Колхоз түгіл ауданың салған емес,
Өрнегін әшекейлеп, дәл осындай.
Мектептің өзің көрдің тамашасын,
Салынған қандай әсем жаңашасын.
Онжылдық мектебің де ондай емес,
Қалайша енді бізбен таласасың?
Жаңадан салды және он төрт ферме,
Ішіне неше тарау, тартқан бөлме.
Қопалы мол қорықтан қоныс алып,
Бәрі де орналасқан жайлы жерге.
Колхозың бар ма осындай, дараланған,
Табыстың мол күшімен қала салған.
Екі-ақ жылда орнатып, бір қаланы,
Тағы құлаш сілтеп тұр, одан да арман.
Ежелден ойы байлық, қыры киік,
Мәйегі арылмаған дәулет ұйып.
Көк жойқын қасиетті қара Ертіске,
Табиғат бар байлығын берген үйіп.
Есіл мен Сарқурайдың екі арасы,
Айтулы Арқадағы жер сарасы.
Бауырынан Семейтаудың бақша орнатып,
Жеміске лық толып тұр сай-саласы.
Вагонға қарбыз тиеп, неше состав,
Қиырға кетіп жатыр кең құлаштап.
Шегінен Қазақстан арман асып,
Сібірдің орманынан шықты ойнақтап.
Кенелтіп, Улан-Удэ, Красноярді,
Үркітке одан да асып даңқым барды.
Бір жазда бес-алты рет базарлайтын,
Қалыпты жылда осындай, салтым бар-ды.
Бау-бақшам басқалардан ерек жатыр,
Атаққа, алғысқа да бөлеп жатыр.
Алқызыл қарбызымды орай тіліп,
Аузыңа асағанда балдай татыр.
Тапжылмас таразыны, салмағы бар,
Қазандай кіші-гірім аумағы бар.
Осындай кереметті туғызатын,
Ертістің толқынының толғағы бар.
Ерлерім ел шеңберін шолғайтұғын,
Шеп құрып, шет жаулардан қорғайтұғын.
Ту ұстап, тұлпар мінген батырлардың,
Сапарын қайда барса оңдайтұғын.
Ежелден ер қанаты осы жылқы,
Жеткізіп, мұратына қолдайтұғын.
Жылқышым сол жылқыны басқаратын,
Алты ай қыс мұз бен қарды жастататын.
Қабдішүкір, Түсіппекпен, Сәрсенғали,
Міз бақпай сұрапылға қасқаятын.
Үскіріп, соқса-дағы қызыл жалын,
Көрген жоқ жұтқа беріп баққан малын.
Жыл сайын бір жылқыдан сыйлық алып,
Еліме атақтары болған мәлім.
Бұларды отырғам жоқ босқа мақтап,
Ерлікпен мақтауымды отыр ақтап.
Жүз биеден жүз құлын өсіреді,
Жұттан да, қасқырдан да аман сақтап.
Слетке бір жылқышым биыл барып,
Жүлде алды еңбегімен топты жарып.
Озаты колхозымның Сәрсенғали,
Ол қайтты астанадан наградталып.
Сөзіме мен қоспаймын артық мақтан,
Құнарсыз түк өнбейді, құр лақаптан.
Айтарлық Қабдішүкірдей кісің бар ма,
Қымыздан елу мың сом ақша тапқан.