Сәт пен Нұрхан айтысы (5-бөлім)
Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков · 2 мин оқу
Сөйлесе жиып-теріп сөз қала ма?
Сен-дағы құрғақ даумен созбалама,
Қойсайшы, егіз қозы секілді едік.
Мен қойдым, сен де енді қазбалама.
Сәт:
Отырған Аманкелді ауданы елдің,
Ерекше бір байлығы тағы жердің.
Бәрі де дүниеге шығып жатыр,
Тығылып жер астында жатқан кеннің.
Пайдасы мемлекеттік қаншама көп,
Бокситтен жасалатын алюминнің.
Қызылқозы және де Қызылталдың,
Байлығын іздеп тапқан өзің көрдің.
Алюминнен жасалған самолетпен,
Қалаға екі сағат ұшып келдің.
Зауыт үшін керекті көп материал,
Күнде алып жатқаны инженердің.
Нұрханым, елу сегіз осы жылда,
Табыспен тасқындаймыз өрлеп шыңға.
Ынтаның, ынтымақтың салтыменен,
Ерекше қой өсірмек болдым тыңға.
Көбейтіп қөйдың түрін, малдың санын,
Береміз сонда саған тура сынға.
Белгісі байлығымның осы емес пе,
Жаңа жылда ие болдым Қызыл туға.
Қызыл ту қызықтырып бар әлемді,
Бөленді менің халқым асыл нұрға.
Нұрхан:
Елге бір жаңа хабар сөз келіпті,
Зор бақыт ырысыма кез келіпті.
Бестаудан жаңа совхоз ашылмақ боп,
Бұл хабар қуанышты тез келіпті.
Кеудесін мақтаншылық жел керіпті,
Болады табыспенен ел көрікті.
Келеді енді қашан деп тұрғанда,
Біз көрдік жалғыз келген Қарбеновты.
............................................................
Бір сыр бар ел көңілінде көтермелі,
Сансыз күш сар даланы күңірентіп,
Жиналды жаңа қоныс мекенге елі.
Халыққа келді тосын бір сын қатты,
Деп сызды қала орнайды бір сымбатты,
Ақорқаш алпыс көлдің айналасы,
Ай болмай айқай-сүрең гүрсіл қақты.
Таң қалдым өнерпаздың келбетіне,
Қор төкті таң-тамаша жер бетіне.
Ғалымдар қазық қағып, сымдар керді.
Ақбелес, Арал көлдің жел бетіне.
Қолданып жеңіл тәсіл-амалдарды,
Орнатты айналаға қамалдарды.
Қаратас, асыл болат тау-тау болып,
Сырғытты қолдан-қолға самандарды.
Бұралап фундаментті жатты төсеп.
Қаланды қабырғаға тас пен кесек.
Бір күнде үшкүндікті орындады,
Еңбегін ешбіреуі етпейді есеп.
Сайыстың сан алуан батырлары,
Жалықпай жанын салып жатыр бәрі.
Сырылдап нәскүріктер, балта шауып,
Басында балға, қашау шақылдады.
Арқасын күнге төсеп шағаладай.
Жарқырап жабылуда шатырлары.
Аз уақыт ауқаттанып алғаннан соң,
Түкіріп асыққаннан қақырмады.
Мынау күш таңқалдырды тамам елді,
Толтырды тамашаға Алакөлді.
Түскендей ел басына көк жүзінен,
Ғажайып бір сәулетті қала келді.
Гүрілдеп тракторлар тыңды айырды,
Ел бетін ауыр істің бір қайырды.
Теңіздей тербетіліп егіні өсті,
Шұбыртып жүргізді кеп комбайнды.
Ел жұмсап қолға түсіп табылғанын,
Еңбекке көрдім елдің жабылғанын.
Үйілді тау-тау мая баз басына,
Білмеймін қалай жиып шабылғанын.
.............................................................
Күркіреп көкке атылды күш борасын.
Зырқырап «Победа» мен шыр айналып,
Қар түспей көріп қайттым үш қаласын.
Жайлады Қайыңды мен Мүлкіләнді,
Қосқыз бен Бөбекейге жылқы барды.
Ақшақұм, Қарасайдың арасында,
Қой қаптап, майға пісіп былқыған-ды.
Сиырлар Базылбек пен Жалау барды,
Ентікті майға пісіп танаулары.
Қарқынның қаһармандық арқасында
Еңбектің жанған оты алаулады.
Жырластық елдің күшін біраз сермеп,
Ортайды ойдағы сөз жүрген кернеп.
Сәтеке, аяқтайық осы айтысты,
Айқаймен ауыз кеуіп, кеттік терлеп.
1957 жыл.