Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалихан мен Тәңірберген айтысы (5-бөлім)

Қалихан Алтынбаев, Тәңірберген Әміренов · 3 мин оқу

Жарманың дайындығы қысқа нашар,
Айтыста кемшілігің бетке басар.
Отыз мың гектар шөбің шабылмай тұр,
Жармаңыз көрінбейді, қыстан сасар.
Берілген елу бес мың зябьтен жоспар,
Келетін бұдан саған үлкен нос бар.
Осыдан жыртылғаны он төрт-ақ мың,
Ал қашан орындалмақ айтшы, достар.

Сауыншы дәріптейсің Мәрияңды,
Саласың бос даурығып жарияңды.
Жармадан Жаңа Семей үш есе артық,
Көргем жоқ сүттен аққан дарияңды.

Белгілі әр сиырдан сауған сүтің,
Кетірдің ұқсата алмай оның құтын.
Алты жүз алпыс литрге әрең жетті,
Ал мұнан шығармақсың қандай ұтым?

Сүтіміз әр сиырдан осы күзге,
Тоғыз жүз қырық литр болды бізде.
Цифрын екі ауданның салыстырып,
Нанбасаң мәліметтен бар-дағы ізде.

Біз сенен тағы отырмыз жүннен артып,
Проценті тоқсан үштен асты қамтып.
Артында бар ауданның сіздің Жарма,
Қырық сегіз процентте отыр малтып.

Облыста жүн жоспары орындалды,
Малтығып сіздің аудан артта қалды.
Дұрыстап жаймаған қой, жүн бере ме,
Мақтайсың өсірдім деп қалай малды.

Жарма алды жүз саулықтан неше қозы,
Қозыдан өседі ғой қойдың өзі.
Сексен сегіз қозы алып сіздің аудан,
Қараған қандай жақсы малға көзі.

Бұл жөнді біздің аудан үздік шыққан,
Өсіріп, жүз төрт қозы жүз саулықтан.
Сөзіңе мен сияқты дәлел салып,
Табыстан қай жерің бар мені жыққан?

Мақтаулы шопандарың нені баққан,
Мақтаннан қай жерің бар олжа тапқан.
Арқар мен ақбөкендей қойым бар деп,
Байқамай өз сөзіңнен бастың қақпан.

Мақтайсың шошқа малы бізде көп деп,
Оныңмен кете алмайсың баса көктеп.
Екі есе артығымен торай алған,
Табысың маған сенің қалай жетпек.

Қалихан:
Кемшілік сізден тағы табылады,
Көмекке қала ылғи жабылады.
Бөлектеп жинайтұғын егінді айтсам,
Тапжылтпай табандатып тап ұрады.

Қасында қарт айдынын Ертіс бұрып,
Ауданың әлі аспанға табынады.
Сол үшін совхозының директоры,
Орден ғып сөгістерді тағынады.
Бес күндік мәліметке қарай қалсаң,

Жүгерің де менен аз шабылады.
Астығым менің берген бес есе көп,
Фактіге кім де болса бағынады.
Өзі алып гектарынан үш центнер,
Біреуді мінеп, сірә, не қылады.

Клубын мектебімен сипаттайсыз,
Жармадан оған теңдес үй таппайсыз.
Мен айтсам жаңа салған құс фермамды,
Қысылып кәрі тарлан қипақтайсыз.

Шошқаң бар жүз шамалы «Калининде»,
Мақтаң ғып көрсетесің оны кімге.
Ертістің жағасында жатса-дағы,
Өспепті қаз-тауығың әлі күнге.

Айтасың айналдырып қарбызыңды,
Бедел ғып бетке ұстайсың жалғызыңды.
Бәрі бос өлген қойдың өкпесіндей,
Көргем жоқ ішінен бір қан қызылды.
Отыз-ақ сауыншыдан озатың бар,
Соны да мақтан етіп жазасыңдар.
Оның да механика емес көбі,
Емшекті қолмен жұлқып созатындар.

Бар-жоғы алпыс-ақ мың қойыңыз бар,
Түйе жағын айтпай-ақ қойыңыздар.
Бір емес, мал жағынан үш ораймын,
Жеңістен енді қандай ойыңыз бар?

Тәңірберген:
Жаныңа кеткеннен соң сөзім батып,
Білдің ғой жеңілгенді сілең қатып.
Қазақтың ел аузында мақалы бар,
«Жығылған бет тырнайды аста жатып».

Ауданың тұрды білем тамағыңа,
Жас қой деп қарай бердім қабағыңа.
Жармаңның жақсысыңа біз де ортақпыз,
Жалғыз-ақ қынжыламыз жаманыңа.

Айтыстық бағанадан артық-кемді,
Дәріптеп, үздік шыққан еңбекші ерді.
Байлығын ұлы Отанның жырлай білген,
Ақынсың жас та болсаң өзім теңді.
Жырладық екеуміз де ел табысын,
Демейміз біреу қалып, біреу жеңді.
Көп сыншы өз көзімен көре жатар,
Жарайды қол алысып қойсақ енді.

Қалихан:
Мен-дағы мұныңызды құп аламын,
Ағаның ақылы деп ұға аламын,
Туысқан «Жаңа Семей» табысыңа,
Шаттанып шын жүректен қуанамын.
Өзім де жетіспеген жерді түзеп,
Еңбектің шыңдарына шыға аламын.
Шақырсаң социалдық жарысыңа,
Мен даяр білегімді сыбанамын.
Осымен қол берісіп қоштасайық,
Басында достық атты мұнараның.
1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз