Сәт пен Нұрхан айтысы (4-бөлім)
Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков · 2 мин оқу
Қораның қидан қалап қабырғасын,
Дедің де суық соғып дамылдасын.
Қар боран, үскірікте қора салып,
Сақтайсың қалай аман малдың басын?!
Қыс күндер қора салу, айғағы ғой,
Өрісі шаруашылықтың тарылғасын.
Шырағым ал мойныңа кемшілікті,
Айтылған анық факт, сөз расын,
Еске сап ескертемін достықпенен,
Түзет деп кеміс-кетік шаруасын.
Жөні жоқ жаурап өлген сегіз жүз бас,
Бұл қойлар мойындайсың, шындық рас.
Күзетпей түнде қойын жалқаулықпен,
Қасқырдан көп шығынды көрді Молдаш.
Нұрхан:
Тұра ма сөз қуған соң бадаладай,
Сыпайы сөйле, ақыным, қараламай.
«Хан сыртынан жұдырық» соқпа, Сәке,
Аймағын ауданымның араламай.
Осы ма өтірікпен мықтағаның,
Аға деп көңіліңді жықпағанмын.
Жағалап өтірікке жамбастадың,
Білмеп пе ең қортынды әлі шықпағанын.
Бұл сөзің халыққа шын көрінген жоқ,
Дәл бүгін еңбекке ақша бөлінген жоқ.
Сен өзің жасадың ба бұл есепті,
Отырсың сырттан соғып мақтаған боп.
Сенің де қойларыңда күй қалмапты,
Күй түгіл, бойда қуат, жәй қалмапты.
Жылы су, жем жегізіп байқайды екен,
Малға жай жанын күтіп үйге алмапты.
Менің бір құмартатын аңсағаным,
Соларды көрсем сүйіп, тамсанамын.
Колхоздың шаруасын басқаруда,
Менің бар жүз қаралы комсомолым.
Мақтасам артық емес Қонысбайды,
Ай сайын шүйгін жайып қоныстайды.
Жұтқызып Қошалақтың құдық суын,
................................................................
Жас жігіт көріп пе едің Шортанбайды.
Ол өзі тірі жаннан қорқа алмайды.
Жарылып қошқарлары құйрығынан,
Таяқтап қуаласаң жорта алмайды.
Сарагүл оның сүйген келіншегі,
Майысып сынғалы тұр шеміршегі.
Жарыста одан озған ешбіреу жоқ,
Бордақтап баққан малын семіртеді.
Қалаңда қыз-келіншек көп-ақ екен,
Бозбала, жастың жалқау еріншегі.
Бозбала Бұзауғали бұзау бақты,
Әкесі алпыс сиыр бұзаулатты.
Болған соң малы семіз көңілі жай,
Өзіне бір жан жолдас қыз аулапты.
Қалайша қызымды айтпай жай қалайын,
Көргенде балаларымды аймалайын.
Қой бақты орта мектеп бітірген соң,
Қарағым, Күнжамалым, айналайын.
Оңай ма жеті жүз қой жас балаға,
Ер жүрек туған бала жасқана ма?
Бәрі де сыйлық алып қырық жылдықта,
Атағы мәлім болған астанама.
Қарасаң жас сәбидің қабағына,
Күн сүйіп, ай қонғандай тамағына.
Ойланып осы жылы кіргізіпті,
Малшылық мамандықты сабағына.
Ата мен мұғалімдер анасындай,
Бәрі де мәпелейді баласындай.
Ғылымның кең бұлағын ағытты олар,
Сан өлке, тоқсан судың саласындай.
Менің көп таңғажайып мектептерім,
Көп әлі бізге қуып жетпекке елің.
Сен-дағы жеңілместің қамын істеп,
Бір талай омыраулап төкпектедің.
Сәтеке, нағыз заржақ шешен едің,
Мен сендей көшеге гүл төсемедім.
Ескі үйде есігі тар әлі отырсың,
Қалаңның қоқыс басқан көшелерін.
Қатты айтам, құлағың сал, естідің бе,
Кірсейші бір шатырлы есікті үйге.
Аралай клубыңды барып едім,
Ишанның әлі отырсың мешітінде.