Қалқа мен Қуат айтысы (6-бөлім)
Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев · 3 мин оқу
Серпіле сөйле ойыңды,
Көрсетіп қал бойыңды.
Колхозыңнан «Құрақты»,
Өткен жылы неліктен,
Қырық сиыр жойылды?
Ауданыңды алғанда,
Анықтап көзді салғанда.
Қаншама сиыр, қой, ешкі,
Жүз елу ат өліпті,
Осыным да жалған ба?
Байлық айтып отырсың,
Ие болып қалғанға!
Отырған жоқ па үйіңде,
Алпыс балаң оқымай.
Сен тіліңді безейсің,
Сүйкене сөйлеп қотырдай.
Төрт жүзден артық оқушың,
Жаман деген баға алды,
Көрмейсің оны соқырдай.
Сөзімнен менің шошыма,
Қатты айтамын досыма ай.
«Талапты» деген колхозың
Ат қора қыпты клубты,
Мәдениетің осы ма?
Осыныңды көргенде,
Көңілім жаман торықты.
«Бесқайнар» деген колхозда,
Өткен жылы қызылша,
Жүз елу гектар болыпты.
Жүзімнен өнім алған жоқ,
Не кеселге жолықты?
«Мұқаншы» деген колхозың,
Екі гектар бақшасы,
Орталыққа салғаны.
Күзді күні болғанда,
Жалғыз қияр алмады.
Қызылшаң қайда өткізген,
Барып хабар алдың ба?
Отардағы малыңнан.
Жайылымы жоқ болса,
Қайыспай ма қабырғаң.
Сиырының бәрі арық,
«Бозтоғанға» неғылған.
Бес тана мен төрт сиыр,
Көтеремнен өліпті,
Әуелден нашар бағылған.
Күз басынан шөп шаппай,
Малың бүгін аңырған.
Қалқа:
«Кировтың» мынау байлығы,
Табысы жетті «Өрнекке».
Ақсуға өте қиын-ау,
«Кировке» тең келмекке.
Төрт жүз сиыр, он мың қой,
Алпыс жылқы тағы бар,
Үлестірген еңбекке.
Мың жарым қой, жүз қара
Бәйгі мұның сыртында.
Еңбекке қанша мал бөлді
Ақсу сынды жұртында?
Аз әңгіме сөйлейін,
«Кировтегі» фермадан,
Өркендеп, өсіп өрлеген.
«Қаражырық» колхозында,
Абайбек деген бас шопан
Қасқырға бір қой бермеген,
Бір қозысы өлмеген.
Алпыс қой алды бәйгеге,
Еңбегі артып өзгеден.
«Октябрь» атты колхозда,
Естай деген жылқышым,
Алты құлын еңбекке,
Шешіп алды кермеден.
«Калининде» Түлкібай –
Қырық қой алды бір басы,
Малшы бар ма Ақсуда –
Бұларға сірә тең келген?
«Еңбекшіқазақ» колхозында,
Алпыс бесте Тазабек –
Ерініп шаршау білмеген.
Төрт сиыр алды бір басы,
Істеген адал терменен.
Ауданында Кировтың –
Үш-төрт колхоз болмаса,
Колхоз жоқ мал бермеген.
Төрт-ақ колхоз бізде бар,
Еңбекке бидай бөлмеген.
Не айтайын, Қуатым, –
Шұқанақ бірдей бола ма,
Шалқып жатқан көлменен!
Оразбайдай бастықтың,
Еріп жүр қыдыр соңынан.
Шаруасы ыңғайлы –
Оралып жатыр оңынан.
Еңбекке берді дәл биыл,
Екі кило астық, он бір сом,
Былтырдан қалған қорынан.
«Бозтоғаның» колхозы –
Жеті жүз елу мал берді
Байлығының молынан.
«Октябрь» атты колхозым –
Тоғыз жүз елу қой айдап,
Еңбекке берді қолынан.
«Кировтың» асқан байлығын
Толғай-толғай жырласам,
Тұра алмассың орнынан.
«Еңбекшіқазақ» біздің өнегелі,
Бір үй сегіз бөлмелі балаларға –
Орнатқан алтын әйнек терезелі.
Көк клуб көкті шалып күмбірлеп тұр,
Сыланған цементпенен керегелі.
Ақ монша, көк диірмен қасында тұр
Осыған қай колхозың теңеледі?
Көшесіне егілген,
Алуан ағаш талы бар.
Үш жүз елу қойменен,
Қырық бір сиыр еңбекке,
Биыл берген малы бар.
Оған қоса он соммен,
Екі кило астығы
Азырқансаң тағы бар.
Көршіге берген қарызы –
Мың центнерлеп табылар.
Қуат:
Жоюға кемшілікті ұмтылайық,
Көтерем сиырларың, жылқың арық.
Жаман өгіз, жауыр ат жүні түскен,
Бәрінің қойғансыңдар сиқын алып.
Лепірген мақтаныңа сене алмаймын,
Әншейін су моншақтай жылтырауық.
Бұл қалай өтірікке жол бергенің,
Ақын деп ойлап едім шыншыл анық.
Бүргедей шаққаныңды елемеймін,
Қойғанмен анда-санда шымшып алып.
Бас болып игі іске сөзімізбен
Татымды шын жүректен сын шығарып.
Баруға ұлы тойға табыспенен,
Еңбекке жан аямай құлшыналық.
Көтеріп жеңіс туын шаттықпенен,
Түбінде саясының салқындалық.