Сәт пен Нұрхан айтысы (1-бөлім)
Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков · 2 мин оқу
Омар Шипиннің айтысты ашқаны:
Бұл айтыс атамыздың ата салты,
Айтысты әдет еткен қазақ халқы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай, Базар жырау
Ақындық ел ішіне шыққан даңқы.
Ақын қыз: Дәме, Ырысты – Қызылқұмнан,
Кеншінбай, екі Жүсіп шыққан Сырдан.
Айтысқан Жарылқасын, Айымторы,
Өлеңі Әсеттің де бұлтты ысырған.
Тобылдан – Өске менен туған Нұржан,
Айтыста Сапарғали белін буған.
Жұмбақты Сапар айтып, Нұржан шешіп,
Өлеңмен Наушабаев жауын ұрған.
Сара мен Біржан салдың айтысқаны,
Көрсеткен атпағының әйел таңы.
Ол кезде аяқ асты жүрген ақын,
Жалғыздан үн, жаяудай шықпай шаңы.
Халыққа қырық бір жыл таң атқалы,
Ғасырдан артық минут сағаттары.
Жапырып жан таласқан талай жауды,
Жер жүзі Октябрьді мадақтады.
Ақындар, айтысқаның – амандасқан,
Қарасып бір-біріңе хал сұрасқан.
Ағаңның айтар осы беташары,
Болмасын ешбір ақын сыннан қашқан!
Сәт:
Көркем ән көкке өрлеп шалқығандай,
Аймалап айдың бетін шарпығандай.
Самсаған сұлу әнді құлақ сүйіп,
Естіген есі кетіп балқығандай.
Көңілін тыңдаушының құмартатын,
Жүрекке барғанында тиіп балдай.
Сөзіммен көп көзіне көрінейін,
Жорғадай дөңгелеген аяқ шалмай.
Ауданның Аманкелді ақынымын,
Сан топта сайрайтұғын бұлбұл таңдай.
Қиялым қияға өрлеп шалқып-тасып,
Арнасын ақындықтың сөзбен ашып.
Өткізіп ой електен өлеңімді,
Қайраткер қаламыммен ақылдасып.
Бұл күнде сөз базары көтеріңкі,
Жүлдеде жүйріктермен тақымдасып,
Жасаған қырық жылдың жеңістерін,
Аймаққа жырдан маржан шашу шашып.
Облыс ақындары айтысына,
Арнаулы келіп тұрмын қадам басып.
Сайысып сынасуға бірі-бірін,
Тереңнен сөз асылын теретұғын.
Шешендер ойы алымды, сөзі шырын,
Домбыра қызықты етіп айтыс күнін.
Ақыны Жангелдиннің інім Нұрхан,
Сөйлеші ауданыңның шаруашылығын.
Нұрхан:
Топ көрсем тоты құстай таранамын,
Қырандай қиқу шықса қаранамын.
Желдетіп жыр нөсерін төге салсам,
Көлдетіп толтырамын жер алабын.
Самғаған қиялыммен көкті шарлап,
Басында бұлдыр шыңның дем аламын.
Сайраған сан бақшада мен бір тоты,
Жайлаған гүл райхан, көк алаңын.
Сәтеке, маған бір сөз арнап едің,
Жарыста жаннан кейін қалмап едің.
Ұлы шу, той-томада топтан озып,
Желіспен жер таныған тарлан едің.
Кешегі кер заманның ақындары,
Жағынып жауыздарды мақұлдады.
Мадақтап маңғазсынған манаптарды,
Сұранып сұр таңдайлар тақылдады.
Бір есер бір сом ақша тастай берсе,
Зар-жағы жалыққанша қақылдады.
Жамандап жарым теңге бермегенге,
Қазбалап көп алдында тақымдады.
Айтысып талай ақын ерегісті,
Егесті жөндейміз деп жөн еместі.
Ежіктеп елді екіге бөліп алып,
Бергісіз айтыстары төбелеске.
Ақыны біздің заман жүзі жарқын,
Өзінің мадақтайды туған халқын.
Сауыққой, салтанатты, көңіл ашар,
Қостайды қазағымның сүйген салтын.