Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалқа мен Қуат айтысы (7-бөлім)

Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев · 2 мин оқу

Қолайсыз нашар екен мал күтуің,
Дұрыс па артықпын деп албытуың.
Малыңның күйі кетті құмыңдағы,
Кемшілік жасырғанмен бұғынбады.
Беталды сабай бермей екі жақтап,
Сөзімді тосып отыр ұғын-дағы.
Адасып кешегі айтқан сөздеріңнен,
Әр жерде көрінбеген сырың қалды.

Қалқа:
Гектарынан егіннің,
Төрт центнер алғансың.
Жоспарыңнан сондықтан
Құтыла алмай қалғансың.
Жетпіс екі мың пұт тұқымың.
Әлі күнге жетпейді,
Оны қайдан табасың?
Егіске керек тұқымың
Істеу керек шарасын.
Айтайын сөздің тазасын.
Тағы да келіп қыңқылдап
Облсовет, обкомның
Кетіріп жүрме мазасын.
Ауданыңа сәлем де,
Қамыты болса қамдасын
Соқаның жүзін таптасын.
Күш көлігін семіртіп,
Тәрбиелеп баптасын.
Кезі келген қу тақым
Бекерге мініп шаппасын.
Доғарылып далада –
Болдырып көлік жатпасын.
Облысты ұялтып,
Тағы да артқа тартпасын.

Қуат:
Қалқаның негізсіздеу керістері,
Бірден-ақ көрінбей ме ер істері.
Өлеңді бұрқыратып соғып отыр,
Өзім деп тіл біткеннің желіскері.
Бөркін түре киеді көтеріліп,
Өткен жыл тәуір шығып егістері.
Өрлейсің, өрекписің бетіңменен,
Ісіңнің көп болса да кемістері.
Сен менің жоспарымды өтедің бе,
Біздің ел сенен қашан жеміс жеді?
Ақсудың асау суы ылдыйға аққан,
Елім бар егін салып, малын баққан.
«Үлгілі» атындағы колхозымның,
«Еңбекшіқазағыңнан» өрнегі артқан.
Көрініп түстік жерден аппақ үйі,
Көшесін атқан оқтай тура тартқан.
Клубы, мектебі мен контор үйі –
Адамның қарағанда көзін тартқан.
Алты пар ақ моншасы тақтайлаған,
Отын мол, үйіп қойып күнде жаққан.

Қарасам әр сайманның сарайларын,
Көргенде кеп тұрады маңайлағың.
Салынған неше жерде пункттері,
Қызығып әлде неше абайладым.
Әр жылда бұл колхозда өнімі артқан,
Артады малдың саны қойған шарттан;
Түгімен төлежіген буаз тайлар,
Түлеген малым семіз құмда жатқан.
Неліктен зауытыңды тоқтатасың,
Біреуді тоқтатам деп соттатасың.
Кеудеңді керіп тұрған сасық мақтан,
Дәмі жоқ бейпіл сөзді босқа айтасың.
Көп сөзің есебі жоқ текке кетті,
Мақтағаның дем алмай аудан басын.
Жойылса кемшілігің маңайыңнан,
Домалар сонда ғана өрге тасың.
Әдетің бойыңдағы қалай қалсын,
Білімің, мәдениетің болмай басым.

Әй, Қалқа, енді сөзді ұзатпалық,
Ұялтып әркімдерді қызартпалық.
Екі аудан артық-кемін айтқан болдық,
Қалсын деп еңбекшілер құлақтанып.
Табысты келешекке таудай үйіп,
Түбіне жеңіс туы тұрақталық.

Қалқа:
Колхоз бар ма Ақсуда,
«Қаражырық», «Бұрғандай».
Келбетіне қарасаң,
Айдын көлдің бетінде,
Ақ шағала тұрғандай.
Колхозын көрсең Ақсудың,
Сын-сыйқы жоқ, қоқыр там,
Сыланбаған қотыр там,
Өрт бұршағы ұрғандай.
Енді, Қуат, қояқ-қой,
Өтірікке буланбай.

Салынған үй жоқ жаңарып,
Сыланған үй жоқ ағарып.
Өзіңнен, Қуат, сұраймын,
Ауданында Ақсудың,
Айтшы бар ма тазалық?

Астанамыз Алматы,
Он алты отау тараған.
Талдықорған, Көкшетау,
Енші алып шыққан жаңадан.
Жерім қыдыр, елім бай,
Үлкен үйге балаған.
Шаруасын жинақтап,
Намысқа ерлер қараған.

Бітірелік егісті,
Жеті күнге жетпестен,
Жердің дымы кеппестен.
Малды жақсы бағалық,
Бір жарым жылға жетердей,
Мол етіп шөпті шабалық.
Еңбекпен салған егіннен,
Берекелі астық алалық.
Талдықорған, Павлодар,
Бәсеке түстік жарысқа.
Аянбай қайрат жұмсалық,
Көмбеміз біздің алыста.
Шаруа кетсін теңеліп,
Мемлекетке қарызды,
Артығымен берелік.
Үш жүзден алып қызылша
Еңбекке астық бөлелік.
Қазақстан тойында –
Табыспен рапорт берелік.
1945 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз