Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сұлубике мен Зейнеп айтысы (2-бөлім)

Сұлубике, Зейнеп · 3 мин оқу

Зейнеп:
Жалқауды қорқытпаймын, үгіттеймін.
Ешкімді соттайды деп үркітпеймін.
Білмесең достығымды бір білерсің,
Түсініп жұмыс қылсаң кейін-кейін.

Сұлубике:
Колхоздан еңбек тауып көргенім жоқ,
Сұлулық арқасында тамағым тоқ.
Көзімді көрінгенге қысып қойсам,
Болады тұрмыс түгел, көйлегім көк.

Зейнеп:
Сұлулық тілімді алсаң еңбекте тұр,
Ертерек елдің жауын жеңбекте тұр.
Әйелге сеніп отыр ұлы Отаным,
Соғыста Отан үшін еркектер жүр.

Сұлубике:
Шөлдесем шайға қанбай жүре алмаймын,
Түс болмай төсегімнен тұра алмаймын.
Енбейді жүз айтқан сөз құлағыма,
Жүргенде үйде қарап ұялмаймын.

Зейнеп:
Кім сұлу, осы күнде еңбек сұлу,
Отанның жауын құртып, жеңбек сұлу.
Кемпір-шал, жас балалар еңбек қып жүр,
Ұят қой жалғыз саған қарап тұру.

Сұлубике:
Әй, Зейнеп, мазамды алдың күнде келіп,
Ұйқымды шайдай аштың түнде келіп.
Комбайыншы, дүкенші мен ферма бастық,
Тұрады керегімнің бәрін беріп.

Зейнеп:
Ау, сұлу, бұл мінезің бәрі теріс,
Бұл істеп жүргеніңнің бәрі керіс.
Түбінде бармақ тістеп, бас шайқарсың,
Онан да ұлы Отанға көмек беріс.

Сұлубике:
Отанға тілектеспін үйде жатып,
Ән шырқап, гармонь тартып, билеп жатып.
Өткіздің өміріңді қызық көрмей,
Зейнепжан, жұмыс пенен бейнет тартып.

Зейнеп:
Жатқаннан үйде жалғыз еңбек қызық,
Айдасам трактормен жерді бұзып.
Сауықта ойын-күлкі, көп ішінде
Қол жайып тұрған жаман, көзді сүзіп.

Сұлубике:
Бола ма жан қиналса үйде сауық,
Жұмыстан келгеніңде есің ауып.
Зейнеп-ау, жаздай тапқан еңбегіңнен,
Үш есе артық еңбек алам тауып.

Зейнеп:
Әй, Бике, жүр баралық қос басына,
Күлипа, көрсін сені іс басында.
Нұрғиса, Күлжан да жүр еңбек етіп,
Солардан сендей жалқау нұсқа алсын да.
Өтірік сөз айтпайды, шын большевик,
Жалқауды түзетеді сын, большевик.
Жақында жауды құртып той тойлаймыз,
Бикеш-ау, көрсетелік біз де көмек.

Сұлубике:
Зейнепжан, қоямысың жанымды енді,
Айтқаның бәрі рас дәлелді енді.
Түс көрдім бүгін түнде бір қуаныш,
Жарқылдап, жауды жеңіп байым келді.

Зейнеп:
Жақсы екен көрген түсің, байың келер,
Отанның қызыл ерлер жауын жеңер.
Түсінсең, Сұлубике, жеңілдім деп,
Тұра кеп көп алдына қолыңды бер.

Орнынан сонда Бике тұрып келді,
Көпшілік ду шапалақ ұрып берді.
– Зейнепжан, мен жеңілдім, сен жеңдің деп,
Жұмысқа білек түріп кірісті енді.

Сөйледі Зейнеп сонда елге тұрып,
Қарсы алды колхозшылар қолын ұрып.
– Колхозшы, колхозшы әйел, тыңдаңыздар,
Мен-дағы еңбекке енді бердім ырық.

Орнынан қол көтеріп тұрды Бикеш,
Мойнын аққудай боп иді Бикеш.
Берсең де қандай міндет атқарамын,
Көпшілік неше жылғы өкпеңді кеш.

Кештік деп сұлуларды қалың халық,
Келген соң бригадирдің тілін алып.
Сұқсырдай Сұлубике жер айдады,
Гүрлетіп тракторге мініп алып.

Сұлудың күннен-күнге еңбегі асты,
Қайраты халық алдында судай тасты.
Қасқайып, күрек тісін, қасын керіп,
Еңбегі сұлулыққа құп жарасты.
Сұлудың бойы сұңғақ құмырсқа бел,
Шаштарын желпілдетіп таң шолпан жел.
Нормасын үш есе артық орындап жүр,
Бикештен үлгі ала көр, жалқау әйел.

Шынығып Сұлубике қатып алды,
Еңбектің асыл дәмін татып алды.
Көп еңбек көркіменен қосылған соң,
Алтындай ақ маңдайы жалтылдады.

Меңгеріп жүргізем деп тракторды,
Ұқпайтын түрлі винтін сұрап білді.
Дос болып Зейнеппенен ойнап-күліп,
Жоғал деп жалқаулықты лақтырды.

Жарасты сұлулығы еңбекпенен,
Атанды стахановшы қыз құрметпенен.
Аққудай мойнын иіп шалқардағы,
Шынардай шатқалдағы қол жетпеген.

Әйелдер Март мейрамын тойлап алып,
Клубта сауықтарын ойнап алып.
Егіске көктем науқан жүрді, Бике
Гүрлетіп тракторын айдап алып.

Айтысын екі әйелдің көзбен көрдім,
Бір баттым қызығына келіндердің.
Өлеңін екеуінің жазып алып,
Көрсін деп писательге мен жібердім.
1943 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз