Шашубай мен Болман айтысы (5-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Айды аптап, күнді күптеп көпіресің,
Мақтанып қай ісіңе лепіресің?
Аяқты аттап бассаң авария,
Жүре алмай қоянша орғып секіресің.
Бұзылып екі күнде бір тоқтайды,
Черновтың қолындағы компресің.
Ишенко, Гришиннің шахталарын,
Жақсы деп қалай мысал келтіресің?
Үзіліп темір екеш темір арқан,
Қолынан Ишенконың болды талқан.
Гришин басқаратын алып шахта,
Кетеуі кетіп қалған алқам-салқам.
Үзіліп қирағанды түзеумен-ақ,
Босамай қойған жоқ па сенің арқаң!
Шахтаң аз маған айтып мақтанғандай,
Мәз болып табысына шаттанғандай.
Тәжбенов пен Мальцев сияқтылар,
Басқарған шыныңды айтшы шахтаң қандай?
Нормасын айында бір орындамай,
Керенау, жалқау деген атты алғандар.
Бұларға сірә алғыс айтты ма екен?
Майданға Отан үшін аттанғандар.
Фабрик байытушы кенді көптеп,
Қыбырлап келе жатыр ептеп-септеп.
Бір жүріп, бір бұзылып кейбір күні,
Бір диірмен шығады сыртқа шеттеп.
Сәтті түскен бір күнді айтып берші,
Бір беткей жүріп кеткен алға беттеп.
Кінәлі осы іске Безбатконың,
Білмепсің ең болмаса ісін тектеп.
Менімен сүйте тұра шендеспексің,
Мініңді ат сүрінер баса көктеп.
Бүріліп тырнағыма қаларсың құр,
Сұрап ап жан сауғаны құтыл ептеп!
Болман:
Шашеке, жек көруші ед биікті кім?
Мақтай бер трубаңның биіктігін.
Бірақ та онын әкеп жалғасаң да,
Көрдің бе артпағанын биіктігін.
Тегінде кері болып жүрмегей-ақ,
Баяғы ұста пышақ жиынтығың.
Өндірген мысыңды айтпай, трубаңды айтып,
Ісіңнің көрсетіп тұр сұйықтығын.
Білдің бе қанша мысты ысырап еткен,
Әлгі бір мақтап жүрген сүйікті інің?
Соны сіз бұл күнгеше білмепсіз ғой,
Трубаның өлшеймін деп биіктігін.
«Мак-Кули» аса ашқарақ демейім де,
Сонда да қақалуы көбеюде.
Басқарған адамыңның аты шықпайды,
Жоқ па екен бір қылтанақ көмейінде.
Қаншама зауытымды сынасаң да,
Бірақ та темір түспейд көмейіне.
Зауытым отырған жоқ отқа қарап,
Майданның керегіне жатыр жарап.
Өндіріп жоспардан тыс қаншама мыс,
Сізді де соңғы екі айда қалды жанап.
Жапаров Айтқұловтай горнобойлар,
Майданның күн-түн істеп қамын ойлар.
Осылар тақымыңа толар деген,
Шашеке, сіз сияқты бізде де ой бар.
Кім білмес конверторшы Қожановты,
Меңгерген өз ісіне қожа мықты,
Майданның сұрағанын үзбей беріп,
Бәйге алып сан дүрмекте оза шықты.
Білікті бір мастерім Ахметов,
Көрмеген еш жұмыста хақы кетіп.
Өмірде оттан, оқтан беті қайтпас,
Сындардан келе жатыр аман өтіп.
Шашеке, өзім бомба, өзім танк,
Дей берме бар байлықты еншіңе алып.
Кеткенін кімнен танк көрер едің,
Байқасаң майдан жаққа көзің салып.
Әлемге атағы аян Жездімізді,
Бар майдан арқасына отыр таңып.
Көп беріп зауыттарға марганецті,
Өргізген біз болармыз мыңдап танк.
Кім білмес Жездідегі Грипасты,
Жүлде алып сан дүрмекте шоқтығы асты.
Бір өзі қырық кісінің ісін істеді,
Қақ жарып қайратымен қара тасты.