Шашубай мен Болман айтысы (1-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Шашубай:
Шырағым, аманбысың, ақын Болман?
Дауылмын жан беттемес, соқсам оңнан.
Өлеңге болдырмайтын желғабызбын,
Жүлде алған сан дүрмекте талай қолдан.
Балқаштай ақ айдынның аққуымын,
Еркелетіп толқынына күнде шомған.
Желпісем қанатымды дауыл тұрып,
Тітірер екпінімнен небір қорған.
Он Болман іздеп келіп жарысса да,
Тарланмын таймайтұғын даңғыл жолдан.
Салмақты Қоңыраттың тасындаймын.
Желіксем көктен түскен жасылдаймын.
Өлеңнің қырық қырқасын бір-ақ асқан,
Іліндің қармағына Шашубайдың.
Ақыным, осы жолы мерт болмай қайт,
Жүргенде шығамын деп төсіне айдың.
Күшейтіп шабуылды майданда ерім,
Тазартып қасиетті кеңес жерін.
Қарыштап күнде алға басып барад,
Талқандап, бұзып-жарып жаудың шебін.
Ынтымағы жарасқан алуан ұлтты,
Кім орнынан қозғалтпақ кеңес елін?!
Отан үшін, ел үшін, өмір үшін,
Жырлайық екі алыптың не бергенін.
Сөйле ақын, серме құлаш, көсіл, қарман,
Қапыда қалдым деме мына шалдан.
Жентекте, жетіле айт білгеніңді,
Аяма мінім болса ойыңа алған.
Келмейді шаршы топта аялдағым,
Аз сөзбен хал-жайымды баяндадым.
«Амандық, ағаданның» салты осы ғой,
Кезек ал, барыңды айт, аянбағын.
Болман:
Адамға ақындығын бағалаған,
Жөн шығар өз күнін де шамалаған.
Қорықпай-ақ қанатыңның дабылынан,
Сол көлді мен де, ақсақал, жағалағам.
Ғажайып сұрапыл боп сұр үрсең де,
Қозғалмай отырмын ғой бағанадан.
Иіріп тәулік сайын жүз вагонды,
Жеткізіп рудаңды бере алмаған.
Сол қанат маған бітсе Руденконы,
Болар ем күніне жүз сабалаған.
Мен-дағы асу бермес асудаймын,
Желіксем бірер таңға басылмаймын.
Барында Жезқазғаным жеңілмеспін,
Келсе де сексен сегіз Шашубайың.
Жезқазған бар алыпты қарына іле,
Атағын жеңіп алды бәрінің де.
Бір түгіл салыстырсақ қырық Қоңырат,
Болмайды астар тұрсын әлібі де,
Арқада үлкен үй боп қазыналы.
Көтеріп не сұрасаң базынаңды,
Шешеке, осы маған өкпең бар ма,
Әкеліп тұрсам да ылғи қазынамды.
Болғанда үзігі алтын, түндігі мыс,
Уығы, керегесі аппақ күміс.
Қазығы қорғасыннан алып үйін,
Жабылып қозғай алмас батыс, шығыс.
Мыс беріп, қатал жаумен жұлысуға,
Сүрінбей шауып өткен ұлы сында.
Әрбірі, әр заводтай шахталарым,
Ақсақал, толар білем уысыңа.
Табыстан он ай бойы, табысқа өрлей,
Келемін жарысқанның алдын бермей.
Қолымнан сонан бері ту түскен жоқ,
Соны да жүріп пе едің көзің көрмей?
Жаныңа жабырқама кетсе батып,
Біз емес күн өткізер үйде жатып.
Бәйгеме анада алған, қажет болса,
Бір айлық рудаңды алам сатып.
Жанарың, ақын аға, жетпес шолып,
Бергенім жеңіс үшін жатыр толып.
Өндірген жоспардан тыс рудаммен,
Түп-түгел қаруланад сексен полк.
Қияның қол жетпестей қиясымын,
Деп бүгін мақтануға сыясымын,
Тудырған таңырқалық, алып ерлік
Өйткені, рекордтар ұясымын.
Атағы Алатаудай асқаралы,
Жетерлік мың-сан жауды жасқарға әлі.
Атқарған қырық адамның қызметін,
Алып жоқ Балмұханнан асқан әлі.