Сұлубике мен Зейнеп айтысы (1-бөлім)
Сұлубике, Зейнеп · 3 мин оқу
Зейнеп:
Жұмысқа шықпайсыз ба, Сұлубике?
Неше жыл жұмыс қылмай болдың ерке.
Кигенің шерсть костюм, қыжым пальто
Оранып жатып алмай шайдан көрпе.
Сұлубике:
Жалғыз-ақ сұлу сымбат менде бар ма?
Жек көрер сұлулықты пенде бар ма?
Қағытпай, қалжыңдамай жайыңа жүр,
Ақындық, Зейнеп, жалғыз сенде бар ма?
Зейнеп:
Соғыста сіздің ер де, біздің ер де,
Бар ма екен Сұлубике-ау, сенде зерде.
Еңбексіз сұлулықтан түк пайда жоқ,
Тіл алып еңбек тапқын бізбен бірге.
Сұлубике:
Ай менен сұлулыққа күндей болсам,
Бұлбұлмен ашықтығым гүлдей болсам.
Бейнетті Зейнеп істеп, мен ұйықтап
Еңбекке күзді күні бірдей болсам.
Зейнеп:
Ай менен сұлулыққа күндей болсаң,
Қурайтын үш күн жайнап гүлдей болсаң.
Қала ма қасиетің, сұлу бикеш,
Еңбексіз ел алдында түндей болсаң.
Сұлубике:
Аспанда жалтылдаған жұлдыз болсам,
Судағы аққу менен құндыз болсам.
Көре алмай күндеп күнің өтер еді,
Бейіште жігіт ашық нұр қыз болсам.
Зейнеп:
Аспаннан ағып түскен жұлдыз болсаң,
Қақпанға қарғып түскен құндыз болсаң.
Бейіштен бидай іздеп маған келсең,
Тепкілеп қуар едім үр қыз болсаң.
Сұлубике:
Аспанда періште мен пері болсам,
Жалғанда жұмыс қылмай сері болсам.
Зейнептей бір тебетін бригадіні
Арыстан көкжал барақ бөрі болсам.
Зейнеп:
Жоқ нәрсе періште мен пері деген,
Арыстан жыртқыш аң ғой бөріменен.
Атпен қуып ауызға қан жалатып,
Ілермін тірсегіңді теріңменен.
Сұлубике:
Алмаймын жұмыс қылып сенен астық,
Қолыңнан келсе, Зейнеп, істе қастық.
Қызыл жүз, қызыл шайды жөндеп берсем,
Береді еңбек жазып колхоз бастық.
Зейнеп:
Бола ма соның, Бике, адал еңбек,
Әй, сорлы түбі борыш арам еңбек.
Колхоздың басқармасы түсіп қалса,
Қалмай ма балаларың босқа еңіреп.
Сұлубике:
Шығамын бастық түссе бір себепке,
Қызыл шай кім келмейді қызыл бетке.
Бригадім қарсы болса меніменен
Еңбексіз тастамайды сельсовет те.
Зейнеп:
Сельсовет еңбек берсе сеспей кетер,
Сұлуға қош аман бол деспей кетер.
Әр кетер, шай таусылар, киім тозар,
Халыққа қадірсіз боп жүрме бекер.
Сұлубике:
Соңыма мұнша түстің неге, Зейнеп,
Сенен мен сұрадым ба тамақ, көйлек?
Жүруші ем сұлулықтан пайдаланып
Райзо, маған таныс Райсовет.
Зейнеп:
Әй, Бике, еңбек тапсаң көп бола ма,
Тамағың істемесең тоқ бола ма?
Сұлулық қар суындай тез құриды,
Білмесең достығымды өкпелеме.
Сұлубике:
Әй, Зейнеп, сұлулығым көре алмайсың,
Мен құсап жолың тауып жүре алмайсың.
Дегенге стахановшы мәз боп жүріп,
Болдырып өлгеніңді біле алмайсың.
Зейнеп:
Әй, сұлу, сенің күніңді итке берсін,
Бір күні бармақ тістеп күйінерсің.
Соғыстан байың келіп басқа тепсе,
Колхоздан қайыр сұрап күн көрерсің.
Сұлубике:
Күн өшпес, су суалмас, сұлу өлмес,
Білмейсің ғашық жайын сен жарымес.
Ойнаған, күлгенімді көре алмайсың,
Тапқанын менің ерім саған бермес.
Зейнеп:
Ал десе ұшқыр құнан аттан озған,
Еңбексіз ерке әйел шілдей тозған.
Сенем деп құр күлкіге қор боларсың,
Кем қалған қатарынан сен бір жазған.
Сұлубике:
Сұлулық қалада ма, далада ма,
Болмаса төреде ме, қарада ма?
Сұлуға қаладағы жұмыс қылғыз,
Зейнепжан, жалғыз маған жалаңдама.
Зейнеп:
Сұлудың қаладағы жұмысы көп,
Зауытта, кеңседе істеп тыныштық жоқ.
Қаланың халқы қарап жүр дейсің бе,
Еңбексіз сенен басқа бір кісі жоқ.
Сұлубике:
Жалғанда жалқау бар ма менен басқа,
Айтпайды еңбек тап деп сенен басқа.
Зейнетай, жұмыс қыл деп қыстамағын,
Қасардым соттасаң да тіл алмасқа.