Шашубай мен Болман айтысы (4-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Күлайшә, Вера сынды аруларға,
Еліңде тең түсерлік әйел бар ма?
Шығарған екеуінің рудасы,
Күн сайын жүк болады бес жүз нарға.
Айлығын жиырма күнде орындады,
«Покро» он екінші шахталар да.
Шахтасын тәулік сайын алға тартқан,
Синицин, Ысқақ сынды батырлар да.
Шашубай:
Төгіл жыр, көмекейден, сөйле тілім,
Болмандай келгенде іздеп ақын інім.
Жетектеп жетегіме алайын мен,
Заводтың аралатып ойы қырын.
Қыран көз көргіш болса шолып өтсін,
Балқаштың ішкі сыры, сыртқы түрін.
Бура сан, балуан білек ерлерімнің,
Көрсін көз тиеп жатқан өмір жүгін.
Қазбалап бәрін түгел айта алмаспын,
Салмақтап айтайын тек мыңнан бірін.
Орнындай ақ орданың жеті қанат –
Кең үңгір, апан ауыз, түпсіз ғажап.
Жатағы түйетайлы шыңырауда,
Басың шырқ айналады тұрсаң қарап.
Осы апанға күніне мыңдап вагон,
Руда келсе, жұтады қылқып жалап.
Дәл түбінде орнатқан қос болат тіс,
Шақыр-шұқыр бір тасты мыңға шағад.
Жезқазғанның жыл бойы берген кенін,
Бір-ақ күнде ұнтақтайды, жайын табад.
Кеннің бұл кірер жері тіреліп кеп -
«Мак-Кули» машинасы деп аталад.
Шыпылдап арнаға лай лықып-толып,
Бетіне мысы шығып көбік болып.
Қалқылып қалақпен мыс алынады,
Бір емес, бірнеше рет көбіктеліп.
Байыту фабригі бұл айтқаным,
Сөйлесең осыны сен көріп келіп.
Алдымда тізе бүгіп отырар ең,
«Өзің біл» деп өзіме ерік беріп.
Әттең ғана табандап бармай тұрсың,
Өр көмейге өршіте желік беріп.
Күнде үдеп фабригім жатыр шалқып,
Бір күннен бір күнгі өнім түседі артып.
Осы жылдың алғашқы алты айында,
Миллион снарядтық мыс берді артық.
Он миллион патрон болар еді,
Осы мыс жоспардан тыс алған қалқып.
Жалыны көкке шапшып, айды шарпып,
Түтіні аспанға алыс шеру тартып.
Түн шырағы атанған алтын айға –
Сұңғыла биік труба иек артып.
Жер тұрсын көк әлемі жұлдыздарға,
Адамның кереметтей сырын айтып.
Мыс балқытып алатын ғажайып пеш,
Айтсам да сыйымды ол қалай қамтып.
Жезқазғанның өндірген айлық кені,
Бір аптада шығады қорып-балқып.
Алыптың алып ісін көрген сайын,
Кетеді Шашубай да тасып-шалқып.
Мотор мен ер қимылын жырлап келем,
Құлаштап гармонымды өлең айтып.
Сұлу ән, өткір жырдан күш алған ер,
Табиғаттың бермесін алды тартып.
Елімнің бостандығын қорғағандар –
Күніне ондап вагон тиеді артып.
Басқанша аяғыңды шіреп, Болман,
Мыс берген жеріңді айт менен артық?
Кең иық, құлжа мойын, бөрі кеуде,
Не сабаз шомбал дене ер бар менде.
Тепсе темір үзетін күш алыбы,
Алып ата тудырған ұлы бейне.
Әубәкір топтан озған саңлағымды,
Мақтауға тіл жетпейді қалай деуге.
Ұйысқан қалың қайрат, қажырлы күш,
Тәмамдайды қандай іс болса демде.
Жарты жылда миллион снарядтық,
Берді мыс жоспардан тыс майданда ерге.
Төрт миллион оқтық жез берді асырып,
Белик деген қырмызы қыпша бел де.
Күләштің жоспардан сырт алған мысын,
Бір үлкен тау болады үйсе жерге.
Пугач пен Иманбайдың баласына,
Шенессе шақ келерлік кім бар сенде?
Осы екеуі ағызған мысты көрсең,
Теңер ең өзің айтып шалқар көлге.
Қанатай артық көрген молибдені,
Сауыт болад жүздеген танктерге.
Мыңнан бір мысал ғана бұл айтқаным,
Ерім көп лайықты дәріптеуге.