Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шашубай мен Көшен айтысы (6-бөлім)

Шашубай Қошқарбайұлы, Көшен Елеуов · 2 мин оқу

Шашеке, сөйледіңіз көп екпіндеп,
Бастасам сіздің жайды мен біртіндеп,
Қалалық үлкен моншаң алқам-салқам,
Жаз бойы жөндемепсің бір бүтіндеп.
Лайы өткен жылғы көпсіп жатыр,
Жүніндей арық қойдың жұлған жүндеп.
Осындай айыбымды айтады деп,
Алдыма кес-кестейсің, көлденеңдеп.
Бір үйді төрт жыл болды салғаныңа,
Уақыты бітіретін болмады ма?
Пәтерсіз жұмысшылар қынжылады,
Іске аспай игіліктің қалғанына.

Бастығы Шығыс Қоңырат Косих деген,
Сол болса адамыңыз пысық деген,
Монша жоқ, асханасы тағы былық,
Бір қырсық көрінеді, қисық келген.
Шатырда кеншілерің жатыр, көрдім,
Қайтесің қыс күнінде қысып келген?
Бесінші, он алтыншы асханаңның,
Айтуға былықтарын жасқанамын,
Пісіріп берген балық жеуге келмей,
Барған жұрт татпай оны тастағанын.
Бұл жайды білгенімен Янкин жолдас,
Есігін асхананың ашпағанын.
Қоғамға қызмет ету орнына ол,
Сайранды базалардан бастағанын.
Бастығы общепиттің бола тұрып,
Арақты литрмен тастағанын,
Толтырып қойны-қонышын керек затқа,
Кергенін кеңсесінде қас-қабағын.
Шашеке, мен айтпайын, Сіз сұрама,
Өзіңе тап бермесін ашқарағың.

Шашеке, сөз бастадың өзің тасып,
Жібердім тегеурінімді басып-басып.
Қарпуым қатты болса, амал қанша,
Сіз бірақ қалмағайсыз оған жасып.
Кемшілік, тере берсең, әлде де көп,
Бастысын жетед-дағы берсең ашып.
Қария, адамдарың қайда сенің,
Жақсыңа сөйлесеңші бір жанасып.

Шашубай:
Көз тұнған көп міндерін асхананың,
Әйгілеп жұрт алдында тастағаның.
Көрсін деп бүркеп қалған былығыңды,
Мені де асханаңа бастағаның.
«Кировта» жұмыртқа ұрлап қолға түскен,
Сенің де бар еді ғой ашқарағың.
Жақында жұрт шулатқан қай асханаң,
Айтпай-ақ қойғанымда басқаларын?
Түстеп айтсам аузыңа құм құйылар,
Сөзді қой, бойыңа құт ашпағаным...

Айт деуің адамыңды өте лайық,
Айтпаса келістіріп ақынға айып.
Бар өнердің тетігі адамда ғой,
Еңбектің ерлеріне бұрылайық.
Соның бірі – Байғазы Ысмағұлов,
Айына мың тонналап мыс айырып.
Өзіңнің ерлігімен олқылықтан,
Есесін алған жоқ па бір қайырып?
Жеңіс деп, жең сыбанып шыққан беттен,
Артына қарамайды бір қайырылып.
Алдында таудай бөгет тұрса-дағы,
Көрмеген қиындықтан жүрегі айнып.
Ісінің қыбын білген шебер адам,
Жылдық іс істеп кетсе бір-ақ айлық.

Төрт айдай алдына бір жан салмаған,
Жарыста ұлы дүрмек бір талмаған.
Топ жарған әрі батыр, әрі жүйрік,
Шашасын, қанша шапса, шаң шалмаған.
Мың тонна қызыл мысты балқыт десең,
Өмірде қабақ шытып шаршар ма оған!

Атақты Имамбаев даңқы күшті,
Бір күнде адақтайды айлық істі.
Қасында қорытушы Трофименко,
Өзендей тасқындатып қызыл мысты,
Еңбекпен ел алдында ер атанып,
Атағы не батырдан артып түсті...

Әр ісім жеңіспенен аяқталған,
Кісім жоқ бар өнерін аяп қалған.
Жақсыбектің тапсырған артық мысы,
Бір миллион патронға таяп қалған.
Ісіне ел сүйсінген Әли батыр,
Қаруын қолына алып перфоратор,
Молибден рудасын көл-көсір ғып,
Майданға керегінше беріп жатыр.

Атақты адамым көп айтылмаған
Өмірде оттан, судан тартынбаған.
Бұрғысын Давыдовым қадағанда,
Қаратас қимылынан қалшылдаған...

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз