Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шашубай мен Көшен айтысы (8-бөлім)

Шашубай Қошқарбайұлы, Көшен Елеуов · 3 мин оқу

Комбинат озық болып жазы-қысы,
Балқаштан асып түссе барлық ісі.
Не себептен нормасын орындамайд,
Дені сау бассейнде төрт мың кісі.
Балқашта ондай адам жүзден асса,
Өлер ем қапа болып ішім пысып.
Еңбектің өніміндей үлкен іске,
Көшеннің келмей отыр тоқталғысы.
Менде еңбектің өнімі жүзден артық,
Әрең-әрең сенікі тең жартысы.
Келіп қайт, өнегемді үйретейін,
Бұ да бір жақсылықтың жоралғысы...

¹Бірінші – шахтаның нөмірі.
²Қырсау – қырсық мағынасында.

Көшен:
Айтысқа ә деп бастап беттегенде,
Айтылды жетіскен де, жетпеген де.
Сайыста сөз найзасын салыссақ та,
Қуандым ардан аттап кетпегенге.

Ағасың, ауыр айтсам айып етпе,
Жүрмейді сөзге қолқа ду-дүрмекте,
Ежелден ер мен ақын ел қаруы,
Аруағы көтеретін жекпе-жекте.
Сөз шықсын ақындардан ақ алмастай,
Туған ел шақырғанда қанды кекке.
Аяқтан алыптарды алмасын деп,
Жасырмай басып айттық мінді бетке.
Сөзіңе сөз қайырсам ретімен,
Шашеке, тағы тулап мені сөкпе.
Адамдар менде болса, сенде де бар,
Іске олақ, сөзге мырза ісіп-кеппе.

Сүмеңдеп жалқауың көп артта қалған,
Үлгі алған Мақатовтай соғылғаннан.
Тезге сал Карнухиндай қырсауыңды,
Күні жоқ нормасының орындалған.
Қаншама айтқаныңа көнбейтұғын,
Соншама еркелейтін не қылған жан?
Жапақтай алаяқты көріп келдім,
Қыдырымпаз, бір қуыңды сидаңдаған.

Шайденко Балқашыңда ол да бастық,
Болғасын ісіңде көп қарбаластық.
Қалады бір ай озса, екі ай кейін,
Аяғын тұсағандай біреу тас қып...

Тағы айтсам былтырғы жыл күзгі айларда,
Қыруар шіріп кеткен овощ қайда?
Жасамай әзірлікті Андреев,
Қусырып қолын отыр тағы жайға.

Тауып алып комхозымды жатқан бұғып,
Сылбыр деп тіліңді бір алдың сұғып,
Жұмыстың бітірмеген үштен бірін,
Қоясың Аврамчукті қайда тығып?
Қай қақпаң қирап қалған шаңқай түсте,
Аверчук паровозбен бір-ақ ұрып?
Жұмсаған соны менің комхозым ба,
Болмаса боран айдап келді ме ығып?

Перебинус сөзге шебер тұрған сайрап,
Тағы да жатқан шығар қаулы сайлап!
Қаулының жүзден бірі орындалса,
Балқашың кетер еді-ау гүл-гүл жайнап!

Шашеке, кемшілікті менен тапқан,
Демеймін өтірік сөз жала жапқан.
Орынды көрсеттіңіз борышымды,
Әзірше етегімнен басып жатқан.
Әзірмін күні бүгін аттануға,
Ағызам қара алтынды күш қайраттан,
Күттірмей жыл аяғын Отаныма,
Борышты мен болармын бұрын жапқан!

Доскей Әлімбаевтың басалқы сөзі:
Жыр қуған он бес жастан Доскей едім,
Арқаның адыры емес төскейі едім.
Сөйлесем алқа-қотан шаршы топта,
Шұбалған шалқар құлаш көштей едім.

Айтыста қия тартыс алма-кезек,
Қызыл тіл мүдірмейді кетсең безеп.
Ақындар арындаумен аға бермей,
Азырақ бөгеліңдер бойды тежеп.
Делебем қозып кетті дүбір көріп,
Алайын мен де біраз жорта желіп.
Аузыма түйдегімен жыр түседі,
Байқасам айналамды көзбен шолып.
Басынан ділмәр ақын Шашубайым,
Халыққа сөз таратқан әнмен өріп.
Көшелі көрінеді Көшенім де,
Намысын жіберген жоқ қолдан беріп.
Кемшілік, жетістігін қос алыптың
Екеуі недәуір-ақ айтты теріп.
Талас жоқ жақсы адам мен табысыңа,
Орынды сөйледіңдер күшке сеніп.
Тартыста тең түсетін ақынсыңдар.
Екеуің екі алыпсың белі берік.
Шешеді жыр түйінін жыл аяғы,
Сендерге көрем сонда сөзді беріп.
Балқаштың бауыр еті Жезқазған бар,
Өлшеңдер оның-дағы ісін көріп.
Секілді Аймұқанов бар кеншісі –
Ерлерге жорықтағы болған серік.
Әлде де іс салмағы алда жатыр,
Майданда қызды бүгін отты көрік.
Қаһарлы балаларым қас дұшпанға,
Алқымдап жұтқызуда қанды көбік.
Басылмай еңбек ету бізге парыз,
Жойғанша зұлым жауды жерге көміп!

Отанға халқым менің берген сертім,
Ақтайды абыройды емін-еркін.
Күдіксіз бұған куә бола алады,
Бірлесіп қимылдаған күшті серпін.

О, жұртым сенем сенің елдігіңе,
Көрсеткен ризамын ерлігіне.
Жан сала жеңіс үшін қимылдаңдар,
Таңдансын барлық әлем өрлігіңе!

Шашубай:
Табысты тасқындатып селдетейік,
Мыс, көмір, молибденді көлдетейік.
Екі алып шығыстағы тізе қосып,
Құруын фашистердің тездетейік!

Алып күш аяқ бассам қабындаған,
Балқаштың сағаты жоқ дамылдаған.
Жүкке жүк қосылғанмен жыл соңында,
Көтеред, демек емес ауыр маған!
Мыс, молибден екі есе артады деп,
Сене бер осы бастан, қауым, маған!

Көшен:
Алдағы жыл салмағы болсын қандай,
Әзірмін қимылдауға бір де талмай.
Үн қосқан ақынына кеншілерім,
Көмірді боратады жауған қардай.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз