Сәттіқұл мен Құмар айтысы
Сәттіқұл, Құмар Жүсіпұлы · 3 мин оқу
Сәттіғұл:
Ақынға айтысатын сөзім дайын,
Кем емес бір ауданнан сол Бақсайым.
Байлыққа Бақсайымның қолы жеткен,
Ағындай алған беттен бұрылмаймын.
Тайғара жылқышым бар малға бапты,
Ұйқысыз ат үстінде таңдары атты.
Имашев, Көшкінбаев комбайнерлер
Қияға құлаш ұрып шолды алапты.
Айбынды күші құрыш алыптарым,
Түрлентті мал өсіру бағыттарын.
Майдан мен тылға біздер түгел жеттік,
Беруде азық-түлік жабдықтарын.
Осындай мақтан етем ерлерімді,
Ұйымшыл бәтуалы ер көңілді.
Сұраймын, ақын Құмар, білу үшін,
Қайтарып айтшы маған дерегіңді.
Құмар:
Сөйле, сөйле Сәтеке, бұлақша ағып,
Сөйлер сөздің желісін әнмен шалып.
Теңім жоқ, терең жатқан тұңғиықпын,
Жай жатқан момақансып, өрге шауып.
Тамаша ауданымның байлығы көп,
Мен айтсам сіз қаларсыз естен танып.
Байлыққа меніменен таласпайсың,
Гүлденіп, құлпырып тұр ел жасарып.
«Алға», «Еңбек», «Жаңа құрылыс» колхозым бар,
Айтпайын жетістігін оның неғып.
«Степан Разиндей» колхозымның
Байлығы Қазақстанда бірінші алып.
Белгілі елге еңбегі ерлерім бар,
Тыңдаңыз, тамашасын құлақ салып.
Шүйіншіқалиев Қапан менен Абуева,
Ержүрек жолбарыстай келед жарып.
Есмұратов Қалым атты жылқышым бар,
Майданға көмектескен күшін салып.
«Передовик» колхозында Көшекбаева,
Көрген жоқ бұл жолдастар артта қалып.
Аянбай Отан үшін еңбек істеп,
Жеңістің мен отырмын күйін қағып.
Біз алдық ауыспалы Қызыл Туды,
Сен қалдың сасқалақтап, естен танып.
Сәттіғұл:
Қызыл Ту уақытша тұр қолдан кетіп,
Оралар қайта өзіме ертең жетіп.
Жұмысым ақсаған жоқ оныменен,
Еңбекке шын ұмтылсам түгенденем.
Колхозым мақтау алды үкіметтен,
Күрделі табыстардың молыменен.
Орындап партияның тапсырмасын,
Келемін аумай түзу жолымменен.
Айтыстың меніменен, Құмар ақын,
Отырған көп сынайды сөздің парқын.
Жан аяр жалқауың көп, екпінді аз,
Жұмысқа колхоздарың қарайд салқын.
Керенау, жалқаулықтың себебінен,
Ауданның бағып жүрсің кейінгі артын.
Колхозым әлдеқашан орындады,
Бізде бар екпінділік күшті қарқын.
Белгілі облыста бір ауданмын,
Жайылып біраз жерге кеткен даңқым.
Құмарым, бермен қара, аш көзіңді,
Аянба ағытып қал бар сөзіңді.
Құтылып ең әуелі борышыңнан,
Сонаң соң мақтау керек колхозыңды.
Құмар:
Сәтеке, дұрыс айттың мінімізді,
Ұялттың көп ішінде ініңізді.
Бұл кеміс шындығыда болуы рас,
Айтайын енді тыңда жөнімізді.
Бақсайым керемет деп мақтанасыз,
Сәтеке, неге айтпайсыз өзіңізді.
Болмаса тап осындай шабан адам,
Қолыңнан неге бердің туыңызды.
Колхоздан «Тұңғыш бірлік», Киреевің,
Жүздеген жойған екен қойыңызды.
Бір колхозға аз шығын емес қой бұл,
Жасырмай неге айтпайсыз соныңызды.
Ал, айтшы, қайда кетті осы малың?
Құр босқа көтергенше бойыңызды.
Білмейсіз ізі-түзін осылардың,
Жасырып жасадың ба тойыңызды.
Бастығың осы жерде бір босапты,
Дегендей семіз қойдың еті тәтті.
Айрылдың Қызыл Тудан ұйықтап қалып,
Көрші ауыл – қасыңдағы бізге батты.
Осындай шалағайлық істері көп,
Бұл ақын қалай маған өлең айтты?
Сәттіғұл:
Мұныңа Құмар ақын сөз беремін,
Жауапты кешіктірмей тез беремін.
Аламын Қызыл Туды ертең жеңіп,
Отырсың, Құмар ақын, неңе сеніп?
Өзіңнің одан үлкен ұятың бар,
Малтығып шыға алмассың айтсам теріп.
Мың отыз төрт басты мал төліменен,
Кешегі октябрьде қалған кеміп.
Құмаржан, айтпаймын деп жасырасың,
Мұқашев Исполкомың отыр сезіп.
Жүгіріп олай-бұлай қымтағанмен,
Отырмын осылардың бәрін біліп.
«Ежелден ел құлағы елу» деген,
Сол малдан, сезіп тұрмын, жепсің жілік.
Жілікке тоймай қалып тағы жепсің,
Тойдың ба төрт түліктің басын мүжіп?
Мұныңды есіткенде ел күлді ғой,
Шіріпті қарға көмген етің қызып...
Сұраубай:
Ақындар айтысуға келдік бүгін,
Жарысып шығардыңыз сөздің сырын.
Тақымдап бір-біріңді қуа бермей,
Тоқталып ескерелік істің түрін.
Таусылмас көп айтқанмен сөздің арты,
Шешілмес сыналмаса істің парқы.
Сәтеке, шаршамайсың тынысың мол,
Кемшілік-жетістіктің айтылды аты.
Тіресіп намысыңа жағаластың,
Екпінді көрінесің, Құмар ақын.
Екеуің екі ауылдың жүйрігісің
Көрініп көпшілікке болдың айқын.
Қызғындап тұра алмады бойды тежеп,
Көргенде қалың дуды Сұрау ақын.
Ағалық Сәттіғұлда болу керек,
Болса да Құмар ақын, сөзің алтын.
Тыңдаңыз құлақ салып асылдарым,
Айтады тәжірибесін ақындардың.
Қиратар қиындықты ерлік, бірлік,
Майданға көмек берген батырларым.
1943 жыл.