Қалқа мен Қуат айтысы (1-бөлім)
Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев · 2 мин оқу
Қуат:
Еліме шықсын менің шаттық дауысым,
Бетінен тура тартқан қалай аусын.
Ақынның асыл сөзі ақтарылып,
Еліме нұр төгіліп нөсер жаусын.
Айтайын тапсам сөзді жарағандай,
Жырлайын халқым сүйіп қалағандай.
Азаттық алып берген Ұлы Октябрь,
Халқымның туған айы самаладай...
Алтын мен ел еңбегі күміс төккен,
Береке берік тылға таудай шөккен.
Ежелден жол торушы қарақшы жау.
Болсам деп қиялданды бұған өктем.
Әзәзіл нәпсіге еріп, әлектеніп,
Жан-жаққа мойнын созды аттап шектен.
Қаптап ед қара бұлттай қанды долық,
Серпілтті оны біздің ұлы жорық.
Шыдамай батыр – Қызыл Армияға –
Жау қашты жардан ұша жанын қорып.
Қылышын ер ұмтылды кекке қайрап,
Жарқылдап найзағайы көкте жайнап.
Доңыздай домалатып кез келгенін,
Ұшырды күлін көкке жерден айдап.
Еңбекпен ел дәулетін көтерелік,
Қажымас қызыл қыран елге сеніп,
Сенген елі біз болсақ көмектесіп,
Фашистің созған қолын тез кеселік.
Өлеңді гулетейін әдемі үнмен,
Ырғағын толықсытып әсем түрмен.
Халыққа көрінісі кем болмасын,
Ағарып сахарада шыққан жерден.
Телмірсең терең ойдан сыр шығады,
Дүниеге хабар берер қызыл тілден.
Алдына осынау көптің сынға беріп,
Жайымнан сөз сөйлейін өзім білген.
Лепсі мен Ақсу, Бүйен, Басқан, Сарқан,
Толқыны тас көтеріп аққан тарпаң.
Егін сап, малын бағып жағасына
Өрістеп колхозды елім өсті дарқан.
Ежелден сол бес өзен жерленгенім,
Қонатын саяхаттап кернеп елім.
Қаракерей Қабанбай, ер Бөгенбай,
Білесің жауға намыс бермегенін.
Ел үшін жанын қиған қаныменен,
Батыр, Шоңай, Бұғыбай, Сәрімендемен.
Қалмақты Жетісудан қуған солар,
Түсірген табанына сермегенін.
Халықтың қорғаушысы батырлардың,
Әшейін атын атап тербегенім;
Ұрпағы сол батырлар ер Нұрсұлтан,
Кім білмес сары жұлдыздай өрлегенін.
Жиырма сегіз батыры қасындағы,
Білесің жауға қылыш сермегенін.
Кировтың ардақтаған Қалқасына,
Дұрыс па жөн көрсетіп бермегінім.
Кешегі ақын Майкөт, Толғанбайдың,
Су ішіп, суатынан жем жегенмін;
Құл ақын, сал Ниязбек, өр Кеншінбай,
Осылар уақытында өрнегі елдің.
Осы айтқан ұрпағымын ақындардың,
Өлеңнен айтатұғын кенде ме едім.
Сөзімді ақын Қалқа анық тыңда,
Қырандай шарықтайын биік шыңға.
Әдемі тәтті жырды ортаға сап,
Күмістей жарқыратып тартып сымға.
Үлкен аға ініден баһар алып,
Өнеге боларлықтай миллион мыңға.
Әркімнің жүрегінде жалын болса,
Қанжардай суырылар жатпас қында.
Сен едің аты шыққан, ақын Қалқа,
Өлеңге бала жастан жақын Қалқа.
Дәуірлеп отырсың-ау тоқтай алмай,
Албыртып, асау екпін басылғанша.
Жетістік, кемістігін ауданыңның,
Сөйлеп бер жұрт тыңдасын мақұлдаса.
Ер болмас ережеде қабылданбай,
Міндетін атқарумен дамыл алмай.
Әрине, табыстарың мол-ақ шығар,
Сонда да кемшілікті айт арындамай.
Қызылбұлақ, Быжыда тоғыз колхоз,
Солардың осы күнгі халы қалай?
«Бесқайнар» мен «Мұқаншы» тілемсегің,
Жүрген жоқ па әркімге жалынғандай.
Астығы қар астында қалай қалды,
Солардың бастығының мәні қандай?
Колхозда жәбірлеуші ешкім жоқ па,
Таудағы құм қыстаған малың қандай?
Дайын ба егініңнің құралдары,
Олардың сапа менен саны қандай?