Шашубай мен Болман айтысы (7-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Ойлама білмеді деп мінімізді,
Сол міннің жетегіне ап мыңы бізді,
Сүйрелеп осы топқа алып келді,
Жеткіз деп Шашекеңе мұңымызды.
Ақсақал, Қоңыраттай асқар алып,
Жұмысың кеткендіктен басқаланып.
Борышты болып жатса зауытыңа
Мынауың барып тұрған масқаралық.
Бір ғана авария жүзден артып,
Етектен Қоңыратты жатыр тартып.
Осыны тәртіптесең өспес пе еді,
Майданға жөнелтетін мысың артық?
Шөліркеп шөлдегідей алыптарың,
Көргеміз тамшы су деп тарыққанын.
Ауданнан станоктік су таппасаң,
Келгейсің Кеңгіріме алып бәрін.
Шашеке, жомартпыз ғой біз баяғы,
Өзіңдей талай дос-жар қол жаяды.
Тезірек адам жібер алып қайтсын,
Балқаштың аз көрінер шыны-аяғы.
Қораштау көрінгенмен көзіңізге,
Жетерлік ыдыс беріп өзіңізге.
Сіз тұрсын, басқаны да жабдықтарлық,
Осының зауыты бар өзімізде.
Сұлу қыз, сұлу бақ пен әсем клуб,
Ісіңе неге сенің әсер қылып.
Су мүжіп, итіндірген моншаңызды,
Бермеді ремонттап әсем қылып.
Көптеген скважинаң шыққан бұрап,
Неліктен пайдаға аспай қалды құлап?
Ақсақал, жақсы ініңіз Фоменкодан,
Соны бір көріңізші әдейі сұрап.
Мастерлер жерге салса қашауы өтпей,
Жатқаны азаптанып жұмысы бітпей.
Көп болып соны неге түзетпейсіз
Бақ кезіп, сұлу аңдып, сауық етпей.
Айталық Қоңыраттағы Наумовты,
Өтірік талай рет ауырыпты.
Жаны тыныш жарты жылдай жатып ішіп,
Бірталай басшыларды сауын ғыпты.
Медцехқа шақырғандай ұйықтағалы,
Бүрісіп сұр қамзолын тұйықтап ап.
Шашеке, қазір барып көрсең-дағы,
Захаров жатқан шығар ұйықтап әлі.
Үнемі жұмыс тастап қыдырғаннан,
Басыңа қырсық орнап «Қыдыр дарыған».
Алаяқ аты шулы жалқауларың,
Шашеке, өлеңіңнен неге қалған?
Ақсақал, аса сөйлеп тым есірме,
Ісіңде былық көбін ал есіңе.
Болсаң да жүлде тиген жүз Шашубай,
Мен кепіл бұл айтыста жеңбесіңе.
Шашубай:
Жұмыс қой сүйсінерлік ту алғаның,
Хабарын естігенде қуанғанмын.
Өзің айт төрелігін, ақын Болман,
Дұрыс па жалғыз туға жұбанғаның?
Төгілтіп Балқашыма күннің нұрын,
Төрт жерден желбіреп тұр қызыл туым.
Ту тіккен зауыт, Қоңырат ТЭЦ-іне
Арнайды Шашубай қарт барлық жырын.
Қайтсең де маған, шырақ, теңелмейсің,
Мен тұлпар сен ғой торы көбендейсің.
Тартуым төрт құбыламда тұрғанында,
Қалайша мені Болман жеңем дейсің?
Болман:
Халқымен ұлы орыстың қанаттасып,
Өрледік талай асу, қабатты асып.
Фашистің техникасын талқан еттік,
Келсе де тоқсан тоғыз қабаттасып.
Ендеше жезқазғандық батырларым,
Қопарғын жер қоймасын батыл бәрің.
Майданның керегі үшін жан аяма,
Сұрайды осыны тек ақындарың.
Не табыс аспанды алған, жерді жарған,
Не жеңіс жау жасағын талқандаған.
Тек оның есіміне байланысты,
Сондықтан аты ардақты оның маған.
Болманның да, менің де табысыма,
Мың алғыс ұйтқы болған айтам саған.
Биылғы жыл табыс пен жеңіс жылы,
Биылғы жыл қалмасын фашист тірі.
Жер үстінен зұлым жау өліп бітсін,
Елімде желбіресін жеңіс туы!
Балқаш пен Қоңыраттың қыз бен ұлы,
Өнімді арттыра бер күндіз-түні.
Майдандағы еріңнің күшін шыңдап,
Табысыңмен қарсы ал жеңісті ұлы!
1944 жыл.