Шашубай мен Болман айтысы (3-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Басқарған Новоселов екі шахтаң,
Оныңды айтамысың етіп мақтан?
«Он бір» мен «Жиырма тоғыз» оған серік,
Хабарың бар ма, сірә, олар жақтан?
Қаншама мың патрон болар еді,
Есептеп кем бергенің болсаң шаққан?
Біліп ем Байқоңырдың жайын ашып,
Жабырқап өз-өзімнен қалдым жасып.
Не сапа жоқ, не сан жоқ, – күл шығарып,
Отанның мыңдаған сан пұлын шашып.
Ақынмын деп сол жерде неге жүрсің,
Олқылықтың көрсетпей бетін ашып?
Көмірші, жұмысшының төрттен бірі.
Нормасын орындамайды осы күні.
Еңбекте өнім, ісінде береке жоқ.
Даурыққан у да шу, ығы-жығы,
Етек басты борышты болған Болман.
Ақын атын арқалап жүрсің тірі,
Балқаш пен Қоңыратта жүрмес едім,
Болса егер осы міннің жүзден бірі.
Болман:
Шашеке енді нең бар мақтанарға,
Құрғақ сөз бұта болмас паналарға.
Құз болдың, кеме болдың, аққу болдың,
Ешнәрсе қалдырмастан басқаларға.
Ұшсаң да мың сан таудан ақиық боп,
Қайтсең де тең келмейсің біздің нарға.
Мақтаған Қоңыратың жарты жылда,
Тоқсанға проценті жетті зорға.
Байқоңыр көмір бермей күл берді деп,
Саласың дауды қуып басын шарға.
Қаншама баптасаң да сөзбен түйреп,
Жөнсізге, сірә, Болман қозғалар ма.
Байқоңыр жалғыз жемдеп комбинатты,
Жыл бойы мыңдап тонна көмір шапты.
Көмірі Байқоңырдың электр боп,
Забойға ауа болып бұрғы ойнатты.
Күшімен сол көмірдің қопарған кен,
Ағылып сіздің елге келіп жатты.
Жемдесе бір алыпты көмірімен,
Отанға қай жерінен зиян сапты.
Шарықтап құлаш ұрдың биік көкке,
Абайлап көз салмастан төңірекке.
Болса да сексен завод жемдеймін деп,
Тағы да үдей салдың өр көкірекке.
Шынында сексен түгіл бір Балқашты,
Отырсың қамти алмай жекпе-жекте.
Қол ұшын бермегенде Жезқазған кеп,
Белшеңнен батар едің берешекке.
Алыптың көрсетейін айтып түрін,
Аңдарсың естімесең бұдан бұрын.
Шахтам бар жеті қат жерді ойып түскен,
Ішінде ел көшкендей неше дүркін.
Күш алып электрден, болат жолмен,
Тасиды мың сан вагон нардың жүгін.
Басқарған Байқоңыров бір топ шахтам,
Жоспарын орындады елден бұрын.
Бес айдай жоғары ұстап келе жатыр,
Ұстаған қолдарында Қызыл туын.
«Покро», «Злотоуст» шахталары,
Шалқытты күн-күн сайын жеңіс жырын.
Ойран ғып жердің астын жеті қабат,
Бұрғылап, шыңды тесіп, тасты қашап.
Қопарып аумағымен қалың құзды,
Тау жарған екпінімен өңкей санат.
Ақтарған жер астының қазынасын,
Ерлерді дәріптеймін мыңға балап.
Бір ғана Жезқазғаннан бір мың кенші,
Жүлде алды оза шауып өңкей саңлақ.
Сол топтан үздік шыққан отыз ерді,
Мақтан ғып айтуыма аузым толад.
Алты айда орындады жылдың ісін,
Бір мезгіл дамыл алып, етпей тағат.
Бұрғышым батыр сынды Шаталюкті,
Бар жұрты қадірлейді тәрбиелеп.
Жоспардан жүз алпыс тонна мыс артылтқан.
Күшіне ел таң қалды тамашалап.
Жасалған сол мысынан патронмен,
Он мың қол қаруланып жауға аттанад.
Атақты Ғиятулин, Оралбаев,
Еңбекте тыным алмас жарты сағат.
Қозыбағар, Нұрмағамбет батырлардың,
Қолынан талай құздар бордай тозад.
Ешпаев, Жабағинов тәшке айдаса,
Рулы ел үдергендей думан болад.