Шашубай мен Көшен айтысы (5-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Көшен Елеуов · 2 мин оқу
Көшенім, неге керек артық мақтан,
Сен онан, тілімді алсаң, ерте сақтан.
Бере алмай жер астына бос вагонды,
Малтығып жатқан жоқ па талай шахтаң?
Бос өткен шахталардың уақытын,
Есептеп көмірге әкеп болсаң шаққан.
Бұл дертке ұшыраған шахталардың,
Борышын болар едің немен жапқан?
Жөнелткен көміріңнің күліде көп,
Заводтар тресіңе айып таққан!
Кезінде сол былықты көрмей қалып,
Комбинат басшылығы нені баққан.
Кәнеки, мықты болсаң арылып көр,
Денеңе осылардан түскен дақтан!
Шырағым, тап бердің бе қандалама?
Тағы да айт тапқаныңды, қорғалама?
Жалы жоқ, құйрығы жоқ бір шіркінге,
Сасқанда жармасқанмен жан қала ма?
Өзің содан арылып отырғандай,
Өзгеге мін таққаның жөн бола ма?
Отыз бірде* қандалаң сонша қалың,
Неге тыйым салмайсың сен соларға.
Түн болса барақтарға шабуылдап,
Қуады жұмыскерді айдалаға!
Көп жерде барақтарың әлі былық,
Мүңкиді әлдененің исі шығып.
Қолыңды қашан келіп бөгеп едім,
Ұстасаң тап-тұйнақтай таза қылып?
Қырық бесінші шахтаның моншасына,
Қыстыгүн жуан елі қырау тұрып.
Ел қатарлы жуыну былай тұрсын,
Барлығың жатпаушы ма ең мұзын қырып?
*Отыз бір – шахтаның номері.
Жұрттың қамын ойлайтын жақсы болсаң,
Неге соны қоймадың жылы қылып?
Шахтаңда жұмыскерге берген киім,
Саудаға салатұғын емес бұйым.
Аз емес базар асып кететіні,
Көрместен сол адамның тұрған үйін.
Ойласаң тереңірек осы қылық,
Төгеді Қарағанды абыройын.
Көзің көріп, көңілің біліп отыр,
Осыған салмақшысың қашан тыйым?
Сарыаяз сақылдаған қыс келгенде,
Ойласаң не болады сонда күйің?
Бақшаңда, ағашыңда шаң бір елі,
Күлімсіп, көлің сасып іргеңдегі,
Жатқанын, көрмеген боп өте берсең,
Қалаңа енді қайтіп сән кіреді?
Бар шығар тағы талай салақтығың,
Бастығы горкомхоздың сылбыр еді.
Көшен:
Баспақ боп бадырайтып мінді бетке,
Кемшілік жинақтадың кемітпекке.
Аумағы ат шаптырым бассейннен,
Ізденіп бар тапқаның вагонетке.
Бұл бірақ сізге тоят бола алмайды,
Айтылған сөз сияқты күлдірмекке.
Мінсеңіз Қоңыраттың вагонына,
Шашеке, жете алмас ең бұл дүрмекке.
Балқаштың транспорты шапса біздей,
Бір күнгі жарамас ең бүлкілдекке.
Қосақтап кемшілікті қалдырмайсың,
Бар ма ойың бізге әкеліп телімекке?
Қай жерде көрінеді білгендігің,
Қырандай сорғалап кеп ілгендігің,
Шындыққа жарасады, жанасады,
Қинаш пен Новиковты бүргендігің.
Шалағай, дөкір басшы болғаннан соң,
Сан рет сізден бұрын мінегенмін.
Мен емес мұндайларды қорғайтұғын,
Олақты ұрса екен деп тілегенмін.
Жалғыз-ақ соңғы сөзің орынды емес,
Кемітіп көмірімді күл дегенің.
Күннен күн артылсын деп қуат-күшің,
Ағыздым көміріммен тастың мысын.
Жүз тонна шығын болған ысырабыңды,
Көмірдің күлінен деп отырмысың?
Отынды менен алған шашпай жақсаң,
Өнімді болар еді көп жұмысың.
Басқаға жаршы болып сайрағанда,
Балқаштың неге айтпайсың кемдік ісін?
Шашеке, құтылмайсың қармағымнан,
Ілемін келсең–дағы қай жағымнан.
Ақыры қысылған соң моншаны айттың,
Бір кезде әлдеқалай қар жамылған.
Айнадай іші-тысы қазір көрсең,
Күтіліп, үзілместен от жағылған.