Шашубай мен Болман айтысы (6-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Тізеден фабрикаң, лай-балшық,
Тазартып болар емес адам аршып.
Жылтырап екі көзі Матвесенко,
Жүргені жас мысықтай күнде малшып.
Айтқаным, сол байғұсың суға кетед,
Бір күні көл боп кетіп сонау шалшық.
Шашубай:
Айтсам мен ерлерімнің атын даттап,
Төгіліп сөз тасқыны кетед қаптап.
Паровоз машинисті Дюжев дейтін,
Басамын айшылықты алты-ақ аттап.
Ыңқ етпей тау салса да көтеремін,
Үстіме, Омаровша неше қаттап,
Атақты аты әйгілі Пухкише ұста,
Бір күнде неше батпан соғам қақтап.
Зерекпін флататор Қасымжандай,
Мүлтіксіз мың тетікті алған жаттап.
Көзімнен жайдың оты шашырайды,
Сварщик Бекеевті айтсам мақтап.
Балдырған баладайын Коначеев,
Әп сәтте мыңды алатын, мыңды саптап.
Мен ұста, мен машинист, мен жүкшімін.
Шал емен, үйде отырған шайын баптап.
Жерім көп мақтанарлық неше түрлі,
Көрікті сәнді қала, қызыл гүлді.
Саялап самалында Иран-бақтың,
Кәрі, жас, дем алады, жазды күні.
Ой толғап радио шырқайды әнді,
Суырып түптеп тартып сұлу күйді.
Кәрі-жас күнде кино-театрда,
Ду қылып, тай шаптырып зәулім үйді.
Мыңдаған адамы бар Жезқазғанда,
Бір бақ жоқ ауыз толар осы ғұрлы.
Күн қызып ыстық бойды шарпығанда,
Үйіншек пана болад үйдің түбі.
Кіршіксіз менің алып өндірісім,
Бұл себеп мол беруге өндірісін.
Жарқырап ту сыртына тұрған жоқ па?
Мойның соз, иланбасаң көрші кісім.
Айна деп кескініңе қарар едің,
Алыптың өз көзіңмен көрсең ішін.
Сендегі кейбір цехты тұрсам көріп,
Кір басқан, шаң ұялап, өрмекші өріп.
Жүректі айнытады қоңырсыған,
Мұрныңа әлдененің иісі келіп.
Жылы болсын дегендей зауытыңды,
Қойыпсың белдемшеден күлге көміп.
Осыны көре тұра жақ ашпайсың
Кеткендей боп үйреніп, етің өліп.
Көретін ойын-сауық халық келіп,
Клубың құлауға тұр жалп беріп.
Өрінен ойға қарай тіреу сапты,
Бір ғалымның жобасын салып беріп.
Жарықтық осыны өзі істеп пе екен,
Моласына Насырдың барып келіп.
Болман, сен кетпейсің бе «ғалымыңның»,
Бізге де бір үлгісін алып беріп.
Тұз үйіліп жатса да қастарыңда.
Тұз салмай ас ішкенді көрген емен,
Болмандай ақын түгіл басқаның да.
Сақал-шашы будырап кетіпті өсіп,
Жігітің еріп келген қастарында.
Қалаңда шаштаразы жоқ па, жаным,
Мұртты басып, сақал мен шашты алуға?
Жатақ үй кейбір жерде шеннен өткен,
Бүрге менен қандала үңгір еткен.
Бүр түн түнеп ішінде шыққандардың,
Ақ етін көк тырнағы күлдіреткен.
Сұқашовың басқарған жатақ үйді,
Кім төсексіз, көрпесіз бұлдыр еткен.
Суым мол деп көпіріп, көп жырлайсың,
Тамшы суға зар қылып сылдыр еткен.
Естімепті осыны ел көре тұра,
Үніңді тым болмаса міңгір еткен.
Барыңды бар деп айтып, жоқты жоқтап,
Түсірдім кемшілігін баудай таптап.
Аталы сөзге ақын тоқтар болар,
Ақиқатты мойындап, шынды құптап.
Болман:
Өзінің мінін бүркеп адалсынған,
Кей адам қорқып тұрар адал сыннан.
Сіз-дағы сол айтқанның керін етіп
Осында жалтардыңыз талай шыннан.