Шашубай мен Көшен айтысы (7-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Көшен Елеуов · 2 мин оқу
Ел, майдан асқар таудай бел көретін,
Жеңіске ерліктерін мол беретін.
Сен-дағы кісің болса, ортаға сал,
Табысы осыларға тең келетін!
Көшен:
Ар үшін, намыс үшін, Отан үшін,
Салғанда совет халқы барлық күшін.
Мадақтап Қарағанды ерлерінің,
Тамаша жанқиярлық айтсам ісін.
Долданып көбік шашқан толқындай-ақ,
Келеді көз алдыңа кесек пішін.
Шахтам жоқ топқа түсіп жарыспаған,
Кек үшін, жеңіс үшін алыспаған.
Отыз үш, қос он сегіз, он екінші
Кезекпен қолдарына ту ұстаған.
Бұлардың аты шулы бастықтарын,
Шашеке, жақсы білу парыз саған.
«Киров» пен «Жиырмасыншы» өрлеп келед,
Болсаңыз алыптармен таныспаған.
Кеудеде кектің оты жалындаған,
Үн қосып ерлеріне дабылдаған.
Көмірдің майданында күреседі,
Ұл-қызы алпыс ұлттың мыңдаған жан.
Бір-бірлеп атақтысын санап берсем,
Аттары әлденеше мыңға барған.
Біреуі өнерпаздың Николаев,
Жас жігіт алғырлығы таңғажайып.
Алуда көмір кенін жүйесімен,
Көрсетті көпшілікке үлгі жайып.
Қазірде ол бастаған озат шахта,
Табысқа ұшан-теңіз отыр байып.
Планнан тыс бергені жарты жылда,
Жиырма мың тонна болды келсек сайып.
Еңбегі, еткен ісі тағайынды,
Үш жігіт ортан қолдай ағайынды,
Әубәкір, Мұстафа мен Сыздық шапса,
Қайламен қара тасты қақ айырды.
Сап түзеп сілтегенде күректерін,
Жеткізбей тастап кеткен талайыңды.
Күрекші Жұмажаным жолбарыстай,
Қарқынға қойған емес қарқын қоспай.
Планын сегіз айдың жарты жылда
Орындап, зымырайды ұшқан құстай.
Атақты бригадир Әділ, Сәкен,
Солардай ардақтымыз Кәрібай, Шәкен.
Жас түлек кеншілердің серкелері,
Қапаш пен Гороховтай кім бар екен?
Бәйгіде ұлы дүбір көп сыналған,
Бәйсекей, Бекбосын бар қарт қыраннан.
Салсаң да өрден өрге өршеленіп,
Келеді бір шалдырмай екі тарлан.
Бірінен біреуі асып түсіп жатыр,
Талай жас осылардан өнеге алған.
Союзда аты әйгілі Түсіп батыр,
Кісі жоқ Балқашыңда бұған татыр.
Ордені кеудесінде жарқырайды,
Осындай адамдарым толып жатыр...
Шашубай:
Сан білгіш сөз мәнісін саралаған,
Айтыста салмағымды шамалаған.
Ырзамын бала бүркіт Көшеніме,
Алысып, алдырмаған бағанадан.
Осында кемшілік бар деген жерде,
Ақтарып түкпірі жоқ қарамаған.
Амал не, басым алтын, кеудем күміс,
Шығар жоқ тұяғыңды қадағаннан.
Мінің көп әлі де мен санамаған,
Қол үзбей қара ордаңды сағалаған.
Айтады дос жылата, қас жұбата,
Өзіңдей қынжылмасам, табаламан.
Бас мінің, ашып айтсам тәртіпсіздік,
Жыл бойы Біріншіңді¹ сабалаған.
Қырсауың² Садировтай лавада ұйықтап,
Жасаған прогулы балалаған.
Қоздатқан Скаковтың өтірігін,
Боларсың әлі күнге санамаған.
Бес моторды өртеген Расигің,
Шашубай жапты демес жала маған.
Алғысынан сөгісі он есе көп,
Уәде жоқ айтқан жерден шыға қалған!
Тап беріп Қинаш отыр бұйрығына,
Бұйрықтың боқтау жалғап құйрығына.
Уәдесін бүгін берсе, ертең жұтып,
Өтірік ант етуден тыйылды ма?
Бір кезде Новиковың мақтау алған,
Мешеулеп осы күні артта қалған.
Шахталарда не болып жатқандығын,
Өзі барып көрмейді бірін алдан.
Телефонмен ұзақ күн бұйрық беріп,
Трубкасы түспейді ығи қолдан.
Басшылықтың бар түрі сол болғасын,
Қай уақыт мін түзеліп, жұмыс оңған?