Шашубай мен Көшен айтысы (2-бөлім)
Шашубай Қошқарбайұлы, Көшен Елеуов · 2 мин оқу
Жау төнсе қаһарланып оқ боратқан,
Күші бар тау бұзарлық неше батпан.
Соғыстың зор құдайы – зеңбіректер,
Құтырған қасқырлардың жынын қаққан.
«Катюша» майдан күйін ойнап берсе,
Сұмдардың арам қаны сел боп аққан.
Қаһарлы минометтер нажағайдай,
Жатағын фашистердің қоймай тапқан.
Көмірдің біз өндірген қуаты ғой,
Бәрін де осылардың шындап соққан!
Ақиқат менің мұным, емес мақтан,
Барып көр, бір-бір зауыт – әрбір шахтам.
Ішінде неше алуан механизм,
Көпіртіп машиналар көмір шапқан.
Қорытқан құрыш, шойын домна пештер
Отын ғып күндіз-түні соны жаққан.
Құрыштан жасалмайды нендей қару,
Бар ма еді хабарыңыз майдан жақтан!
Дүрілдеп жауар күндей бомбовоздар,
Дамылсыз көктен төніп жауға шапқан.
Басына сұмырайлардың саңғып өтсе,
Әлек қып астан-кестен аспанға атқан.
Саны көп, қырғи-қыран самолеттің
Моторы, білесіз бе, нендей заттан?
Ол-дағы көмір менен темір тегі,
Шар болат қайнап-пісіп, шыққан оттан.
Алмастай қызыл тілді кекке жанып,
Сөйлейін, тыңда біраз құлақ салып.
Көмірлі Қарағанды – менің атым,
Атағым досыма анық, қасқа қанық.
Кемшілік ісімізде аз болған жоқ,
Жасырмай шынымды айтам, мойныма алып.
Үдеттім қарқынымды қазір бірақ,
Құрышпен қиялымды қомдап алып.
Қара алтын мен тасытқан осы арадан
Тоқтаусыз Орал тауын орай ағып,
Қаһарлы көп қару боп зауыттардан
Майданға күндіз-түні жатыр барып!
Кел бермен, айтыс болса іздегенің,
Менің де кесек тоят көздегенім.
Балқаштың артық-кемді жерін айтпай,
Бола ма айыбыңды тіз дегенің?!
Шашубай:
Үш жүзге даңқы кеткен Шашубай ем,
Айтыста шоқтығы асып жан жеңбеген.
Тап берген соны ұмытып бұл жиында,
Мынауың қай бала өзі өңмеңдеген.
Аңдап бас аяғыңды, тегі балам,
Шашубай қиын тиер түбі өңгеден.
Салайын алдыңа әкеп бар мініңді,
Санай бер сыбағам деп Шәкең берген.
Мойныңда сан мың тонна борыш отыр,
Арылып тұрсаң мақтан бересіңнен,
Төлеттір борыштарын мойныңдағы,
Қайда әлгі «Ленинуголь» тресіңнен.
Бірінде екі күннің ант-су ішіп,
Сен кімді семіртесің бересіңмен.
Шахтаның біреуі алда, бірі кейін,
Отырсың бірін жауып біріменен.
Тоғыз мың борышы бар «19 бис»
Басқадан жағдайының қай жері кем?
Көшеңді көмір басып жатса-дағы,
Сен қашан мезгілінде жөнелтіп ең?
Жағаңа талай зауыт жармасқанын,
Балқашта жатсам-дағы білетін ем.
Бөгесең көмір бермей басқаларды,
Арт жағы не боларын білетін бе ең?
Алыптар айналаңа орнап жатыр,
Жүгіңе жүк қосылар тап күні ертең.
«Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шығып»,
Аптығып-сасып қалма ала алмай дем.
Батыра айтқан достық деп түсінерсің,
Сөз ұғар адамсың ғой өрісі кең.
Ордам деп ортамдағы сыйлай берем,
Әйтпесе, мықтап тұрып нықтар ем.
Көшен:
Салсаң да шаршы топта самғап айқай,
«Баласы Қошқарбайдың» – деп Шашубай.
Өрлеймін сөз қамшысы өткен сайын,
Шын жүйрік шаба алмайды тер шашылмай.
Сыйлаймын, Шашубайсың, әбден білем,
Қадірлеп жайшылықта басымды ием.
Үйіме келсең беріп бар мәзірді,
Жаямын жастық қойып, көрпе, кілем.
Көзіме аңсыраған кез кеп қалдың,
Бойлауық бәйге бермес Шашубай ең.
Асқанда ақтық жасың жарты жүзден,
Кездестің тұңғиыққа мендей терең.
Бұлтарып, бұлтқа қарай жалтарсаң да,
Сыпырып көктұйғындай бір-ақ ілем.
Жас тұлпар мен жебесем болдырарсың.
Болсаң да өрен жүйрік сүрінбеген.