Шырынбек пен Кәрима айтысы (3-бөлім)
Шырынбек Қойлыбаев, Кәрима Оралова · 2 мин оқу
Адам таппас айлаң бар,
Қылығыңнан айналдым.
Студент бала еді бұл,
Тұлымыңнан айналдым.
Қыздың көзі түсетін,
Мұрыныңнан айналдым.
Жеңгенің жайын айтқызбай,
Сезгеніңнен айналдым.
Әрдеңені бір айтатын,
Сөздеріңнен айналдым,
Жақындап қалсам жұмылар,
Көздеріңнен айналдым!
Шырынбек:
Тиетін сілтегенде сойыл құсап,
Кетейін ой бір сойқан ойынды сап.
Өзің ғой күрең қабақ танытасың,
Жайса да қанша жерден қайын құшақ.
Пісіспей қойды-ау біздің бастарымыз,
Палестина мен Израйл құсап.
Жабысып жеңешеме кеселдей боп,
Төбесін мен отырмын тесердей боп.
Кешегі қол бастаған көсемдердей боп,
Көшелі сөз бастайын көсемдей боп.
Көпке енді бір пайдамды тигізейін,
Көктемгі шелектеткен нөсердей боп.
Шоқтығы биік Тараз шоң қаламыз,
Көміліп қалға екен шаңға нағыз.
Тілін тапсаң сөйлейді тарих болып,
Секілді қалың ойға шомған абыз.
Заманында мәйекті мәдениеттің,
Мекені болғанын да аңғарамыз.
Мәдени мәртебесін биік көріп,
Мәскеуге, Петерборға сандаламыз.
Ілгеріде іргесін түріп қойып,
Мәскеуді шауып қайтқан сан бабамыз.
Кезінде кеме жасап қашанғы енді,
Кебіс-мәсі тіккенге таң қаламыз.
Таразым жанымызға жақын қандай,
Қаланың қастерлейік атын нандай.
Тараз деп араққа айдар таққандарға,
Ағайын айтасыздар ақыл қандай.
Атасының даңқымен қызы өткенмен,
Ар-намысың ақшаға сатылғандай.
Тараз атын табанға таптамайық,
Кәнденді «бөрібасарлап» шақырғандай.
Елжірей қалса бүгін емешегің,
Жеңеше еңбегіңді жемес едім.
Айтпақшы айтыста ұтқан машинаның,
Шығара алмай жүр дейді ел есебін.
Көлікті ап бір жақынға береріңде,
Белгілі ағамменен кеңесерің.
Қайныма бірін берсек дегендей ой,
Басыңа келмейді екен неге сенің.
Сен берген машинаны мініп жүрсем,
Мен жерден тауып алдым демес едім.
Кәрима:
Көкпарда қалған бұрқырап,
Жұрт қызығар шаң ба едің.
Бір бәйгені біз алсақ,
Үлесім де бар менің.
Он көлік алған қолқаңды,
Мұхамеджанға сал дедім.
Жетеуін алған әйтпесе,
Айнұрдан сұрап ал дедім.
Мақтанышы Айнұрдай,
Ақыны бар Таразым.
Көрші деп қолқа салатын,
Жақыны бар Таразым.
Сондықтан исі қазаққа,
Дем беріп ұрған Таразым.
Кем-кетігі түзеліп,
Жөнделіп тұрған Таразым.
Бірлігі мен тірлігі,
Ел болып тұрған Таразым.
Біз үшін қазір Парижбен,
Тең болып тұрған Таразым.
Шырынбек-ау, Шырынбек,
Айтатын саған сырым көп.
Айтыста тиіскеніңмен,
Алабұртқан тілің тек.
Айтыстан шықсам ауыз су,
Әперетін бірің жоқ.
Жеңгені көрсең шетіңнен,
Қозады екен жының тек.
Әлпештейін, жас бала,
Айым деп сені күнім деп..
Өзім тұрып кетпесем,
Қайтатұғын түрің жоқ.
Оқып жатқан жас бала,
Арманыңды аяла,
Тілеулес болмас балаға,
Осы отырған қай ана.
Ал, халқым, жас баладан,
Қолдарыңды аяма,
Қазылар да жас баладан,
«Ондарыңды» аяма.
Шырынбек:
Білдірдің бүгін жылы лебіз жеңгей,
Тынбаймын түбі сені негізі жеңбей.
Қояндай қашқаныңды көріп бірақ,
Күдерді боп отырмын мен үзгендей.
Кекілден сипап алдап кеткенің бе,
Ботаға бармағыңды емізгендей.
Ернімді де жібітпей барасың-ау,
Ешкінің қуырдағын жегізгендей.
2002 жыл.