Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шырынбек пен Ермек айтысы (3-бөлім)

Шырынбек Қойлыбаев, Ермек Жұматаев · 2 мин оқу

Ермек:

Мен сенің қорықпаймын інім «үй-үйіңнен»,
Талай өнер үйренгем кигіз үйден.
Таразға мықты ақын болғаныңмен,
Мен үшін ұршықтайсың иірілген.
Ортекедей қоймасаң ойнақтауды,
Мүштек жасап аламын мүйізіңнен.

Пошымыңа қарасам қол басындай,
Жеті қырдан қайтпайтын жауды асырмай.
Мақамыңа қарасам бір міні жоқ,
Төлеген ерттеп мінген жорғасындай.
Мінезіңе қарасам салмақты екен,
Малдас құрған түрікпеннің молдасындай.
Бет жүзіңе қарасам сап-сары екен,
Сарттардың сақтап сатқан алмасындай.
Сенің сары болуың тегін емес,
Шешең қауын жеп пе еді қалжасына-ай.
Түркістан жақын-тиіп тұрғаннан соң,
Әкең тиеп келе берген ғой арбасына-ай.

Байқасам жаралғандай нұрдан ғалам,
Інім-ау сен емессің шыңдалмаған.
Бет-жүзіңнен інішек айналайын,
Жүрегің шаңнан да аман, кірден де аман.
Жылдар бойы көрмеген танысымдай,
Жылы ұшырай көріндің бірден маған.
Тағы да әңгімеңді айта отырғын,
Будақтатып болса егер бізге арнаған.

Шырынбек:

Келмейді тура шаппай тайсақтағым,
Ағаммен дұрыс шығар айқасқаным.
Бүлдіріп алам ба деп мен отырсам,
«Бүлдезердей» барасың жайпап бәрін.
Дәу де болса ағам деп жаңа сені,
Жамбасқа салып тұрып жәй тастадым.
Ағасы алдымды орап көлденеңдеп,
Мұның не шөмелеме май шашқаның.
Мүштек жасап алам деп Шырынбектен,
Тындырып тастадың ғой ойша-ақ бәрін.
Мейіздей жарап-қатқан мына мені,
Мүйіздей бергендігің қай сасқаның.

Дейсің-ау дүйім елім, әйда, давай,
Берілер жау емес бұл, ойбай, оңай.
Өзім атан жілікті бура санды,
Болмасам да көрейін айлалап-ай.
Түйеден түскендейін сөздеріме,
Қылжиып қалмағайсың, әй жарамай.

Тұғырыңнан түсіп қап жүрмегейсің,
Мұзға айдаған түйеден тайғанап-ай.
Төрт түліктің төресі болғанымен,
Түйенің жығылуы қойдан оңай.

Осылай ойларымды жүйелей кеп,
Әзілге арқамды аса сүйемей көп.
Тай мақтадай теңкейген бұл ағамның,
Түтесін шығарайын күйедей жеп.
Орынынан тұра алмай қалар ма екен,
Бүйірден бүйі шаққан түйедей боп.

Ермек:

Балақай, сөйлеші енді ұртыңды ашып,
Қатты айтсам қаларсың мүмкін жасып.
Әулиеатаның еліне келген кезде,
Шығарды бұл баланы қутыңдатып.
Сиыр деп қайта-қайта қоймадың ғой,
Сиыршының атындай сиқың қашып.

Болмасын сенің сұлу сыртың ғана,
Тәубеңізге түсерсіз мүмкін бала.
Батамды сұрап жүрген інім едің,
Еркелеп онша енді қутыңдама.
Жігіт болсаң жасырмай шыныңды айтшы,
Бұл ағаңа жараса ма жыртық жаға.

Бітірейік онда айтысты басыбайлы,
Бітір десең қалай көңіл тасымайды.
Інісі Шырынбектей аман тұрса,
Ермектейін ағасы жасымайды.
Біз айтысып жүргенде сен бала едің,
Ашық тастап жүретін насыбайды.
Қазақта орыны бар бір мақал бар,
«Насыбай ашық жүрсе сасымайды».

2002 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз