Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Баянғали мен Дәулеткерей айтысы (2-бөлім)

Баянғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы · 3 мин оқу

Баянғали:

Ініміздің өлеңі,
Бірте-бірте жөнделді.
Тілеулес ағаң мен едім,
Емін-еркін өркендеп,
Өссін деген сендерді.
Жасың кіші болсаң да,
Асқар таудай ағаңыз,
Сені өзіне тең көрді.
Қоян түгілі қасқырды,
Құтқармайтын ағаңыз,
Сендей жақсы бауырға,
Салмайды ғой шеңгелді.

Айналайын, қарағым,
Мен де біраз шабайын.
Кенесары, Наурызбай,
Ақжолтайым Ағыбай –
Есіме мен де алайын.
Бодан қылған еліңді,
Басып алған жеріңді,
Ақ патшамен алысып,
Дауылпазын қақтырып,
Дабылдың отын жақтырып.
Алты құлаш ақ найза,
Алты қырдан асыра,
Ақыра сілтеп лақтырып.
Алашқа болған дұшпанның,
Ажалды сәтін таптырып.
Зіркілдете аттырып,
Алауыз болған ағайын,
Барлығын да жат қылып.
Азаттық үшін алысқан,
Аламанды шат қылып.
Дауыл мен желді серік қып,
Көшпелі жұртқа тақ құрып.
Тағына халқы тақ тұрып,
Дүрілдеп өткен Кенекең,
Алаштың азат дәуренін,
Отар боп қалған Отанға,
Мәңгі армандай шақ қылып.

Аңсаған бабаларың елдігіңді,
Кейбіреу көре алмайды бірлігіңді.
Ініміз, әлгінде айтып кеткендейін,
Бірлікпен жасай берші тірлігіңді.
Азғырғанның тіліне еріп кетсең,
Қазағым, кінәлайсың енді кімді?

Азаттық ата жолы жалғаса ма?
Біреулер балағыңа жармаса ма?
Қан кешіп аталарың армандаған,
Елімнің осы күнгі азаттығын,
Кім кәне, айырбастайды колбасаға?

Мұңшылдық апиынын ішкендейміз,
Зарлаудың жарысына түскендейміз.
Кінәлап сынаймыз кеп бәрін даттап,
Бірақ та өзіміз түк істемейміз.

Әлемге танытуға қазақ атын,
Көтеріп еліміздің ғажап атын.
Қазақтың еркіндігін нығайтуға,
Сен өзің не бітірдің азаматым?

Елің жүдеп жатқанда тоқ жүрсің бе?
Тойғаныңа мәз-мейрам боп жүрсің бе?
Қолда барын купон мен қулар құртқан,
Жұмыссызға көз қырын сап жүрсің бе?
Болмаса, ұрылармен әмпей болған,
Ұлықтардай жұртыңды жеп жүрсің бе?
Халқына пайдасы жоқ шенеуніктей,
Қауқиып азаматпын деп жүрсің бе?

Дәулеткерей:

Байқасам Баянғали жүлделі екен,
Ақ бозын Ағыбайдың мінген екен.
Әрине, барыңды сап айтып жатсаң,
Айтысы хан Кененің күнде ме екен?
Жиырма бесте жалындап сөз айтайын,
Тіркестер келмесінші тілге бөтен.
Ағамыз елдің жайын айтып жатыр,
Есіне бірдемелер кірген екен.

Сен мені Наурызбай деп тани алсаң,
Ақылың дариядай іргелі екен.
Кешегі хан Кенелер елім үшін,
Білегіне қалқанын ілген екен.
Тар кезеңде табаны тайқып кетіп,
Алауыздық танытқан кімдер екен?
Хан Кенедей көтеріп мәртебеңді,
Жүректегі шоғыңды үрлеп өтем.
Атамыздан дарыған ақ батадай,
Сені жауға тастамай бірге кетем.

Тілеуі Алашыңның ақ болып тұр,
Көкшетау, басыңызға бақ қонып тұр.
Хан Кененің тойында ақ жүрекпен,
Патшаңыз қадам басып тап келіп тұр.
Қымсынбай, Баян аға, қамшы басып,
Ініңді іргеңдегі ақкөбік қыл.
Өлі разы болмай тірі байымайды,
Бабалар жүзімізден шат көріп тұр.
Ханның басын сыйласаң, қалың елім,
Сіздерді Құдай сыйлар сәт келіп тұр.

Айтыстың ақ қамбасын ақтарғасын,
Ағасы, тіл сүрініп, жақ талмасын.
Мен ұстазбын, аяғын анық басқан,
Шәкіртке тәлім беріп жатқан басым.
Өйткені, ұстаздығым – ата кәсіп,
Әріден үрдіс болып сақталғасын.
Бәйгеден, Баян аға, көрініңіз,
Бағың мен бабың бірдей бапталғасын.
Көкшеде көкжал ақын өзің едің,
Айтыста алмас тілің қақталғасын.
Әміріңе сенің мен бағынбаспын,
Қадіріме жетпесең, қапталдасым.

Баянғали:

Сөз айтамыз халыққа,
Екеуіміз де жылдам боп.
Бұл ағаңыз, білесіз –
Сен сияқты ініні,
Беттен, сірә, ұрған жоқ.
Ақыл айт деп өзіңіз,
Келіп тұрған алдыма,
Қадірің білмей бұл ағаң.
Әй, шырағым, біліп қой,
Әмір беріп тұрған жоқ.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз