Мұхамеджан мен Бекарыс айтысы (1-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу
Мұхамеджан:
Жарамас ізгі өнерді жандандырмай,
Айтыстың ауылында шам жандырмай.
Ассалаумағалейкүм, абзал елім,
Артына сөз қалдырған, мал қалдырмай.
Мейріміңді көріп мен иілемін,
Меккеге жеті ай жүріп барған құлдай.
Иманды сөзім сіңсін жүрегіңе,
Әулиеге әуеден тамған нұрдай.
Көптің көңілін қалдырған жан емеспін,
Шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырдай.
Салмақтап, салиқалы ой тастайын,
Сары майдан суырып алған қылдай.
Алладан жәрдем тілеп сөз бастайын,
Намаздан жаңылмаған нар Жамбылдай.
Салтанат құрсаң, елім, мен шаттанам,
Сен үшін тілім – келі, келсап болған.
Ниеттестер, жиылып қалыпсыздар,
Алғысы алтын тақтан кем соқпаған.
Мәсінің қонышындай тар заманда,
Кебежедей көңілін кең сақтаған.
Иманды елдің ұрпағы емес пе едік,
Анасы – ар, атасы – жер сатпаған.
Билері бәтуасыз сөзге бармай,
Ұстасы ескі ағаштан ер шаппаған.
Жамағат, жанашырым сіздерсіздер,
Сабырына сүйеніп жан сақтаған.
Таңдайымнан тәтті сөз төгілгенде,
Маңдайыңнан ащы тер моншақтаған.
Айдың нұры түскендей жарқ етейін,
Ақ найзаның ұшы едім ел саптаған.
Айтыс деген айтулы ой жарысы,
Екі ауыз сөзден қозған ел намысы.
Египетті билеген ер бабам бар,
Бірақ ондай бұл күнде қайда кісі?
Соған сөзі ұқсаған сен отырсың,
Тұлпардай теуіп тұрған бойда күші.
Армысың, алты алаштың Бекарысы,
Айтыстың алтын айдар Бейбарысы.
Жол білер жігіт едің жөн ұққандай,
Сені көріп отырмын болып дардай.
Кестеленген сөзіңді, айт, ал, бауырым,
Тәп-тәтті жігіт едің өрік таңдай.
Ентелеп екеуімізге ел-жұрт отыр,
Қызықты қайтамын деп көріп қандай.
Бейне бір күш атасы – Қажымұқан
Балуан Шолақпенен жолыққандай.
Бекарыс:
Айтайын келген сөзді тіл ұшына,
Қансыншы көп құлақтың құрышы да.
Ағайын, армысыздар, Алладан соң,
Ақынға отыратын нұр ұсына.
Баһорым – мерекенің айы емес пе
Жүгінсек әңгіменің дұрысына.
Аналар, өткен мейрам құтты болсын,
Айып қой айтпай өту мұны, сірә.
Мүбарак болсын құрбан айттарыңыз,
Табарак ырыс қосып ырысына.
Наурызда Тәңіріден тілейтінім –
Сабыр берсін батыс пен шығысыңа.
Мейрамды үйіп-төгіп бере салған
Құдайдың мыңда шүкір мұнысына.
Құттықтаулар осымен тәмамдалсын,
Мен енді кірісейін жұмысыма.
Армысың, Алматының сөз ұстары –
Өзгеге қарағанда көп ұстамы.
Жұртың сені капитан сайлапты ғой,
Командир қойғандай ғып соғыстағы.
Япыр-ай, қызық болды-ау басымыздың
«Ғасырлар тоғысында» тоғысқаны.
Тірлікті әрі де ойлай, бері де ойлай,
Жатырмыз ертелі-кеш салып ойбай.
Төріне ақындарды жинап алған,
Ау, Мұқа, Алматыңның хәлі қандай?
Кеше біраз ақындар сөз сынасты,
Байқасақ, қара өлеңге бәрі байдай.
Бізді әлде қандай ғып осы кешке
Сақтапты бүйендегі сары майдай.
Жадырап жас адамша сөйлейікші,
Маңырап қала бермей кәрі қойдай.
Жұртқа жөн сілтейтіндей ой айтайық –
Күн менен күліп шыққан жарық айдай.