Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхамеджан мен Дәулеткерей айтысы (1-бөлім)

Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу

Мұхамеджан:

Алдырған ат жіберіп хан қараны,
ҚазМУ-дың желбіреп тұр тал-дарағы.
Бүгінгі айтыс халыққа қуат берсін,
Хат келіп қуанқандай қарт ананы,
Ассағалаумағалейкүм, бармысыздар,
Алматының марқасқа, марқалары
Мұзда жатып шираған мұзбалақтай,
Жақсы атаның бүгінгі жаңқалары.
Жібек артқан шығыстың керуеніндей,
Ақындар келіп жатыр Арқадағы.
Жетісу – жерұйығым болған кезде,
Сарыарқам – берекенің сар табағы.
Алматым мен Астанам ақ ордадай,
Екеуі де ел жұртқа қамқор әлі.
Екіленіп қол соғып отырыңдар,

Екі қолды шығарып қалтадағы.
Дәл бүгін ақындардың ақ жырымен,
Қос нүкте қосылып тұр картадағы.
Болғанда ойым - орақ, тіл – ұстарам,
Қайырлы сөзден қалың ырыс табам.
Астана – азат елдің мақтанышы,
Күн сайын бой түзеген күміс қалам.
Жақсы-жайсаң қош келдің Алматыға,
Жайындай судан шығып тыныстаған.
Ақындарды Мырзағам бастап кепті,
Хан Тезектей қасына би ұстаған.
Хан Тезектен ағамның артық жері –
Тұлға ғой сын сағатта ту ұстаған.
Заманында Түбек пен Сүйінбайлар,
Айтыста інжу-маржан уыстаған.
Солардың соңындағы ұрпақ едік,
Жорғадай жүрістерін дұрыстаған.
Ал, халқым ақындарың келді алдыңа,
Қақпан ауыз, қанжар тіс, құрыш табан.
Айбындарын көрсетіп кетсін бүгін,
Жолбарыс жолықса да жылыспаған.

Өрісі өнерлінің кең көрінер,
Бір ауыз сөзден кейде ел бөлінер.
Тұтастай тұлғалы сөз арнамақ боп,
Тұс- тұстан келген екен ең бөрілер.
Ассалаумағалейкүм Дәулеткерей,
Теңселіп кеп жорғамен теңге ілер.
Қаршығалық қасиет көрсет бүгін,
Көк қамысты қайырып көлге кірер.
Зеріктіріп алмайық жұрттың бәрін,
Зейінін қойып отыр зерделілер.
Өнердегі өмірің ұзақ болсын,
Ер жігіт көп әйтпесе ерге мінер.
Найзағай боп жарқ ете қалғанымен,
Найзадай боп бір сәтте жерге кірер.
Дәулетжан, сөзің шырын бүгіндері,
Иманың байқалып тұр түріңдегі.
Нар қамыстай жігіттің егесі едің,
Тарамыстай тартылған сіңірлері.

Кеудеңді кеулеп сөздер тұрған шығар,
Тас тесетін тамшыдай үңгірдегі.
Үңіліп әйтпесе сен қарар ма едің,
Үкінің баласындай іңірдегі.

Жартасты биіктегі жай ұрғандай,
Жап-жасыл жалынына шайынғандай.
Ақыным деп шығарғасын жарқылдайық,
Ақылына тақымы сай ұлдардай.
Жүректерді жүгендеп алмай болмас,
Тағыны тастан қуып қайырғандай.
Сорпасын сөздің бүгін шығарайық,
Тортасын сары майдың айырғандай.
Сананың саңылауын дәл табайық,
Кірпіштің кетігіне лай ұрғандай.
Көрермен көзін алмай тыңдап қалсын,
Көдеге көктемгі төл жайылғандай.
Сәлделі Фарабидің ордасындай,
Сәулелі ойыңды айт шайырлардай.
Шөлдеген жұртты жырға қандырайық,
Шілдеде шірнесі аққан қайыңдардай.

Дәулеткерей:

Атқанда алтын елге мәңгі ортақ таң,
Тіліме медет тілеп Жаббар хақтан.
Армысың, Алматылық ағайын жұрт,
Қадірің Хан Тәңірдей заңғар тартқан.
Тәжіндей Алматымның басындағы,
Алатау айнымайды хан қалпақтан.
Мысалға, ежелгі жұрт Есік қорған,
Қазаққа құтты қоныс қалған сақтан.
Сол қоныста ұлтымның қай қашанда,
Көңілін көркем өлең алдарқатқан.
ҚазМУ-дан қанаттанған тас түлекпін,
Арқаның аспанында самғау тапқан.
Еркінсіп жеткенімде ел ордадан,
Құлатпас құтты мекен арман тақтан.
Саумал жыр – сіргежияр алып келдім,
Сарыарқа сәнді алқаптан, дәнді алқаптан.
Алматым абыроймен асқақтай бер,
Тарихтың қойнауынан ақжол тапқан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз